Қазақстандықтардың Қырымнан баспана алып жатқаны рас па?

4528

Қырым түбегінен кетіп жатқан ресейліктердің жылжымайтын мүлкін Қазақстан азаматтары сатып алып жатыр.

Қазақстандықтардың Қырымнан баспана алып жатқаны рас па? Фото: culture.ru

Кейінгі екі жыл бойы құлдыраған Қырым республикасындағы тұрғын үй нарығы қайта жанданды. Сатып алушылар қатары азайған, сонымен бір мезгілде қазан айында шаршы метр бағасы 1 пайызға сәл көтеріліпті. Бұл парадокстың мәнісін Obozrevatel түсіндірді.

"Қырымда Ресей азаматтары жылжымайтын мүлкінен жаппай арылуда. Оларды енді қазақтар, ішінара беларусьтер сатып алып жатыр. Түбекте жылжымайтын мүлік нарығы тоқтауға таяды. Құрылыстар "тоқтатылуда". Өйткені сатып алушыларда қаржы жоқ, Ресей тарапынан беріліп келген арзан, жеңілдікті ипотека доғарылды. Алайда риелторлардың айтуынша, ресейліктерді Қазақстан мен Беларусьтен келген сатып алушылар ауыстырды. Олар белсенді саудаласып, жылжымайтын мүлікті төмен бағаға алуға тырысады", – деп жазады басылым.

Журналист Марина Петиктің айтуынша, бұл ретте жер телімдеріне мүлдем сұраныс жоқ. Себебі, жергілікті тұрғындардың шағымдануынша, Қырымның Мәскеу тағайындаған үкіметі Ресей азаматтарынан басқа шетелдіктерге жерді меншігіне сатып алуға тыйым салды. Салдарынан, шетелдік инвесторлар түбектен теріс айналды.

Қырымдық риелтор Ксения Шварц та кейінгі кезде жергілікті тұрғын үйлерді және коммерциялық мүлікті Қазақстан азаматтары сатып ала бастағанын мәлім етті.

"Мен де бұл фактіге қайран қалдым. Бүгінде жылжымайтын мүлік нарығында бекітілетін әрбір бесінші мәлімдеме Қазақстан мен Беларусь азаматтарына тиесілі. Біздің клиенттердің қатары соңғы бір жылда күрт өзгерді. Қазақстандықтар баспананы кейін осында көшіп келу үшін немесе оны жалға беру мақсатында сатып алады", – деді Шварц.

Бұдан бөлек, ақпарат құралдары алаяқтардың құрығына іліккен, немесе құқық қорғау ұйымдары қызметкерлерінің рейдерлік қысымы кесірінен барынан айрылған шетелдіктер туралы дүркін-дүркін хабарлап тұрады. Қырымда жылжымайтын мүлік сатып алған қазақстандықтардың құқығы сақталмайды, қорғансыз күйде.

Риелторлардың мәліметінше, Қырымда бұған дейін Ресей азаматтары белгілі бір санаттарға ұсынылатын арзан және жеңілдікті кредиттік бағдарламалар есебінен қаптатып баспана сатып алып келді. Бұл үрдіс енді сап тыйылған екен.

Ресей Орталық банкі таяуда басты ставканы 21%-ға дейін көтерді. Содан ресейлік банктер (Қырым оккупацияланып, санкцияға іліккелі бері онда басқа елдердің банкі жұмыс істемейді) тұрғын үй заемын 25-28%-бен, кейбірі тіпті 40%-бен ғана береді. Сарапшылардың түсіндірінше, мұндай сыйақы мөлшерлемесімен несиеге баспана алған адам 25 жыл ішінде банкке 5-6 пәтердің құнына дейін төлейді. Қысқасы, төтенше тиімсіз, әрі қолжетімсіз.

Сондай-ақ Ресей үкіметі бюджет тапшылығының өсуіне байланысты жеңілдікті ипотека бағдарламаларын тегіс дерлік тоқтатты.

Риелторлар Қырымдағы тұрғын үйлер – жалға беруден табыс әкелетін кірістің қайнары болудан қалғанын ескертті. Соғыс салдарынан түбекте осымен үшінші курорттық маусым жарға жығылып, тоқырады, демалушылар саны аз болды.

Украина тарапы алысқа ұшатын төл зымырандарымен және дрондарымен шабуылдайды. Ал, ресейлік әскердің теңізге тастаған жарылғыш заттарын, миналарын толқындар жиі жағажайға шығарып тастайтын болған. Салдарынан, көптеген жаға жабылып, суға түсуге тыйым салынды.

Саналы адамдар Қырымдағы пәтерлер мен апартаменттерден асыға арылуда. Олар мүмкіндік бар кезде және ауыр экономикалық дағдарыс туындағанша ақшаларын түбектен тезірек алып кетуге тырысып жатыр. Бұған қоса, ресми бағамының өзі 1 долларға шаққанда 104 рубль межесіне жеткен РФ валютасы күн сайын құнсыздануда. Бұл ресейліктерді жалғыз Қырымда ғана емес, Ресейде де жылжымайтын мүліктен арылып, ақшасын долларға айырбастауға итермелеп отыр.   

"Қырымда жылжымайтын мүлік саудасы жаздан бері тоқтай бастады. Арнайы әскери операцияның созылып кетуі, туристердің жоқтығы, түбектің кейінгі тағдырының белгісіз болуы, болашағының бұлыңғырлануы, ядролық эскалация қаупі және басқа да факторлар ресейліктерді Қырымдағы бизнесі мен баспанасынан құтылуға мәжбүрледі. Риелторлар нарықты жандандыру үшін Қазақстан мен Беларуське шығып, клиенттерді солардан шақыруда. Бұдан көп нәтиже шықты деу қиын. Сондықтан құрылыс компаниялары ТК жобаларын жүзеге асыруды тоқтатты. Бұрын құрылысы қызған алаңдар бүгінде бос жатыр, техниканы алып кеткен", – деп жазады "Коммерсант".

Салдарынан, халықаралық мәртебесі әрі-сәрі күйде қалған Қырымдағы жаңа салынып жатқан тұрғын үй кешендерінен баспана иеленген Қазақстан тұрғындары "сақалды құрылысқа" қаражатын салып, оған ешқашан қол жеткізе алмай қалуы мүмкін.  

Риелторлар өз клиенттеріне: "арнайы әскери операция келесі жылы аяқталады, сонда шаршы метр бағалары қайтадан шарықтайды" деп жалған уәдемен қызықтырады. Шынында, бұл қақтығыстың қашан аяқталатыны белгісіз, бағаның өсетініне еш кепілдік жоқ.

"Халықаралық санкцияларды алып тастаса, Ресей тұрғындары Қырымға емес, шетелге ағылады. Қырымда жылжымайтын мүлікті сатып алатын адам табу мұңға айналды, тіпті ешкім хабарласып, сұрастырмайды да. Евпатория ауданында әжемнен жер телімі қалды, дәл теңіздің іргесінде. Өзінің бақшасы да бар. Ешкім қажетсінбейді! Шетелдіктер сатып ала алмайды, ресейліктер алғысы келмейді. Олар туристерге жалға беру немесе қонақүй салу үшін тек Ялта ауданында жер алады. Ешқайсысы Қырымда қалып, жерді өңдеп, ауыл шаруашылығымен айналысуды қаламайды", – деп шағымданды журналистерге Евпатория тұрғыны Ирина.

Қырымда әуе шабуылдарына су тапшылығы, инфрақұрылымның қатты тозуы, жарықтың жиі өшуі қосылды. Бұл факторлар да саяхатшыларды үркітеді. Түбек тұрғындары табысының көп бөлігін туризмнен табатын, ол сала күйрей бастады.

Қырымда өліспей беріспеу үшін РФ мұндағы әскери базалар санын күрт арттырып, ондаған шақырым окоптар қазып, бекіністер желісін түзіп, периметрді миналауда. Оған қажетті жер учаскелері иелерінен мәжбүрлі түрде алып қойылады.

Қырымда мансап сатысында өсу мүмкін болмағандықтан, жергілікті тұрғындар да, әсіресе, жастар кетіп жатыр. Медициналық көмек деңгейі құлдырады. Білім беру саласы соның кебін кешті. Олай болса, Қазақстан азаматтарының бұл республиканы қарттық шағын қамсыз өткізіп, бейнетінің зейнетін көретін "жерұйық мекен" ретінде қарастырмағаны абзал.

Оның үстіне түбектегі жылжымайтын мүлік тіпті де арзан деуге келмейді, салдарынан, оған жинағын жұмсаған қазақстандықтардың көп қаржы жоғалту қаупі жоғары. Мысалы, "RealtyMag" дерегінше, Қырымдағы баспана бағасының жаппай стагнацияға ұшырауына қарамастан, орта есеппен бір бөлмелі пәтер 6 млн 269 мың рубльге (Ұлттық банктің бүгінгі бағамы бойынша 30,4 миллион теңге) сатылуда.

Екі бөлмелі пәтер – 7 млн 720 мың рубльге (37,5 миллион теңгеге), үш бөлмелісі – 9 млн 280 мың рубльге (45 миллион теңгедейге) түседі.

Қырымның қалаларындағы баға бір-бірінен ерекшеленеді және Ялтаға, оңтүстік жағалауға (ЮБК) жақындаған сайын қымбаттайды. Риелторлардың дерегінше, мысалы, Ялтада шаршы метрдің құны орта есеппен 213 494 рубль, Алуштада – 195 942 рубль, Симферопольда – 147 640 рубль тұрады.

Симферопольдік жылжымайтын мүлік агенттігінің сату бөлімінің басшысы Ольга Самусенконың айтуынша, қазіргі кезде Қырымдағы баспананы негізінен қырымдықтардың өздері сатып алуда. Олар тұрғын үй жағдайларын жақсартқысы, баспанасын кеңейткісі келеді. Сондай-ақ коммуналдық қызмет тарифтері еселеп қымбаттап, қалалардағы пәтерлерді ұстап тұру қиындағандықтан, оларын сатып, қала сыртындағы үйлерді немесе жер телімдерін сатып алып жатыр.

Самусенконың дерегінше, клиенттер әрі кетсе, бір және екі бөлмелі пәтерлерге қызығушылық білдіреді, одан көп бөлмелі апартаменттер өтуді қойған. Бұл тенденция жаңа тұрғын үй кешендеріне де, сондай-ақ қайталама нарыққа да таралуда екен.

"Нарықтағы ахуалға РФ Орталық банкінің басты ставканы күрт көтеруі және ипотекалық бағдарламаларды тоқтатуы қатты ықпал етті. Тек отбасылық ипотека қалды, оның өзі бастапқы нарыққа және көппәтерлі үйлерге бағдарланған. Сондықтан сатып алушылар азайып қалды, сұраныс құлады", – дейді агенттіктің сату бөлімінің басшысы Самусенко.

"Бүлінгеннен бүлдіргі алма" деген бабалар өсиеті бар. Құты қашқан Қырымның мүлкіне қазақстандықтардың қызыққаны қауіпті болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу