Қазақстандықтардың шетелде қанша жылжымайтын мүлкі бар?

1242

Азаматтарымыздың банктік есепшотты қай елдерде жиі ашатыны белгілі болды. 

Қазақстандықтардың шетелде қанша жылжымайтын мүлкі бар? Фото: freepik

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші және екінші кезеңі бойынша қазақстандықтардекларациялаған шетелдегі банктік шоттар мен мүліктер бойынша ақпарат таратты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оған сәйкес, 1 170 жеке тұлғаның 83 елдегі шетелдік банктерде банктік шоттары бар, олардың көпшілігі Ресей, АҚШ, Түркияда ашылған. 2 976 жеке тұлғаның 71 елде 3 959 жылжымайтын мүлкі бар, дені Ресей, Түркия және Болгария елдерінде орналасқан. Тағы 1 421 жеке тұлға декларацияда 67 елде  1 657 көлік құралы бар екенін көрсеткен. Олардың көбі Ресей, Армения, Жапонияда.

Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, 213 жеке тұлғаның 295 заңды тұлғаға қатысу үлесі бар (көбі Ресей, АҚШ,Қырғызстан). 93 жеке тұлға21 елде 161 зияткерлік меншік нысанын декларациялады, олардың дені Ресей, АҚШ және Австралияда.

Мемлекеттік қызметкерлердің шетелде қанша мүлкі бар?

"Жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі бойынша мемлекеттік қызметкерлер және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары Қазақстан Республикасы аумағынан тыс 666 жылжымайтын мүлік объектілерін декларациялады. Жылжымайтын мүліктің басым бөлігі Ресейде (436), БАӘ-де (44) және Түркияда (38) орналасқан. Бұдан басқа мемлекеттік қызметкерлер және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары декларацияда 58 елдің шетелдік банктерінде 440 адамның банктік шоттары бар екендігін көрсеткен. Көпшілігі Ресейдің (140), АҚШ-тың (65) және Швейцарияның (38) банктерінде ашылған есепшоттар", - деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті inbusiness.kz сайтының ресми сауалына берген жауабында.

Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен жүргізіліп келе жатыр. Бірінші кезең бойынша 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметкерлер және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары  декларация тапсырды. 

Екінші кезеңде 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларацияны мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары табыс етті.

Үшінші кезеңде 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларацияны олар заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары, төртінші кезеңде 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтардың қалған санаттары табыс етеді. Мәселен, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер, ҚР аумағында активтері бар шет елдің азаматтары және басқалары тапсырады. 

Айта кету керек, шамамен 13 млн адам жалпыға бірдей декларациялаумен қамтылады деп күтіліп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу