Қазақстандықтардың сүйікті сусыны қатерлі ісік тудыратын болып шықты

3525

Ыстық сусынның тіпті бір кесесі денсаулыққа жасырын қауіп төндіруі ықтимал.  

Қазақстандықтардың сүйікті сусыны қатерлі ісік тудыратын болып шықты Фото: AI Atameken Business

Шектен тыс ыстық шай немесе кофе бойды жылытып, сергітіп қана қоймай, денсаулыққа қатер төндіретін факторға айналуы ғажап емес. Оксфорд университеті ғалымдарының бүгінгі ең ауқымды зерттеуі тым ыстық сусындарды жүйелі түрде ішу және өңештің қатерлі ісігінің дамуы арасындағы байланысты анықтады, деп жазды inbusiness.kz.

Температура әрдайым маңызды

Қайнап тұрған ыстық шай мен кофені жиі ішу өңеш қатерлі ісігінің пайда болу қаупін үш есеге жуық арттыруы мүмкін. Ұлыбританияда тұратын орта жастағы 1 миллионға жуық ер мен әйелдің деректерін 14 жыл бойы талдаған Оксфорд университетінің зерттеушілері осындай үрейлі қорытындыға келді. Зерттеу нәтижелері International Journal of Cancer журналында жарияланды.

Зерттеушілер сусындарды әртүрлі температурада ішуді қалайтын адамдардың денсаулығын өзара салыстырды. Әрине, біреуге ыстық көрінгенді басқасы қалыпты саналады. Сондықтан ғалымдар сусынның нақты температурасын өлшеп отырған.

Бұл ретте Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігі температурасы 65°C және одан жоғары сусындарды "өте ыстық" деп таниды. Дәл осындай сусындарды ұнататын қатысушыларда өңеш қатерлі ісігінің өрбу қаупі тек "жылы" күйінде ішетіндермен салыстырғанда үш есеге жуық жоғары болып шыққан.

Тұтыну мөлшері де маңызды рөл атқарды: күніне 6 немесе одан да көп ыстық сусын ішу қауіпті тағы да арттыра түскен.

"Зерттеудің осындай көп адамды қамтуы дәлелдемелік базаны айтарлықтай күшейтеді. Ыстық және өте ыстық сусындарды ішу папилломатозды карциноманың (терідегі жасушалардың өсуінен басталатын қатерлі ісік түрі) даму қаупін арттырады", – деді Оксфорд университетінің халық денсаулығын зерттеу департаментінің тағам эпидемиологиясы жөніндегі маманы және жұмыстың тең авторы Керен Папье Euronews Health басылымына берген сұхбатында.

Ыстық сусындар әлемдегі ең кең таралған күнделікті әдеттердің бірі. Мысалы, еуропалықтар бір жылда орта есеппен әр адамға шаққанда 5,7 келі кофе тұтынады.

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір қазақстандық орта есеппен айына 100 грамм шай немесе жылына шамамен 1,2 келі шай тұтынады.

Кофе әзірге Қазақстанда шайды қуып жетуден алыс: еритін және түйіршіктелген кофені қоса алғанда, оның жан басына шаққандағы жылдық тұтыну көрсеткіші шамамен 290–410 грамды құрайды. Бұл ретте қалаларда кофені ауылға қарағанда әлдеқайда көп ішеді.

Сонымен қатар әлемде адамдардың көпшілігі кофе мен шайды 50–60°C температурада ішеді. Алайда нақты көрсеткіш аймаққа, мәдениетке және дайындау әдісіне байланысты өзгеріп тұрады.

Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігінің дерегінше, жоғары температурада дайындалатын сусындарға көбінесе кофе, шай, мате және басқа тұнбалар жатады. Олар әдетте 71–85°C температурада ұсынылады.

Бірақ тұтыну кезінде температурасы төмендейді: көбінесе 50–70°C шамасында болады. "Ыстық" деп 50–65°C есептелсе, "өте ыстық" деп 65°C-тан жоғары температура аталады.

Бірақ шайға қатысты дәстүр әралуан: кейбір елдерде, мысалы, Қазақстанда, Орталық Азияда, Ұлыбританияда шайды 70°C-тан жоғары температурада ішу қалыпты саналады. Егер суи бастаса, демдеп, қыздырып отырады. Ал, өзге елдерде керісінше, оны 60°C-тан төмен, суытып ұсыну талап етіледі.

Ғалымдардың ескертуінше, ыстық сусынға сүт қосудың өзі көмектеспеуі ықтимал. Мамандар сусынды кем дегенде бірнеше минут салқындатуға кеңес береді.

"Егер сусын тым ыстық болып, ауыз қуысын күйдіріп тұрса және оны ішу жағымсыз болса, онда аялдап, оның біраз салқындағанын күткен жөн. Шай немесе кофені ішу денсаулыққа пайдалы. Бірақ ол өте ыстық болмауы қажет. Жылы немесе жай ғана ыстық күйде тұтынған абзал", – деп түсіндірді Папье.

Өңеш обыры: әр елдің ғалымдары не анықтады?

Бұл жерде қандай ауру туралы сөз болып отырғанын нақты түсінген маңызды. Өңеш қатерлі ісігінің екі негізгі түр-тармағы бар – өңештің папилломатозды обыры және аденокарцинома. Британдық жаңа зерттеу папилломатозды түр-тармағымен байланысын анықтады.

Бұл байланыс тосыннан пайда болған жоқ, ғалымдар ол туралы бұрыннан білетін. Бірақ кең ауқымды зерттеулер бертінде басталды. 2016 жылы Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігінің монографиялар бағдарламасы өте ыстық (температурасы 65 °C-тан жоғары) сусындарды тұтынуды адам үшін канцерогенді, залалды болуы мүмкін деп танып, оны қауіптің 2A тобына енгізген болатын.   

Қосымша деректерді бертінде IARC зерттеушілері, Малави медициналық колледжінің, Танзания Біріккен Республикасындағы Килиманджаро клиникалық зерттеу институтының және Кениядағы Мои университетінің ғалымдары да жариялады.

ESCCAPE зерттеуіне Малави мен Танзаниядан 849 науқас және бақылау тобынан 906 адам қатысты. Ғалымдар термиялық әсердің 4 көрсеткішін бағалады: сусын немесе тағамның температурасы, тұтынар алдындағы күту уақыты, тұтыну жылдамдығы және ауыздағы күйіктердің жиілігі.

Әрбір көрсеткіш өңештің папилломатозды қатерлі ісігінің қаупімен тығыз байланысты. Ғалымдар температураға және ыстық тағамды немесе сусынды тұтыну әдетіне байланысты бірнеше көрсеткіш бойынша өңеш обырының туындау қаупін байқады.

Өте ыстық тағамды немесе сусынды тұтынғандарда қауіп жай ғана ыстықты таңдағандарға қарағанда 1,92 есе жоғары болып шықты. Егер адам ішер алдында 2 минуттан аз уақыт күтсе, 5 минутқа дейін күткендерге қарағанда қатер 1,76 есе арта түскен.

Қомағайлар да қауіптің астында жүр. Тұтыну жылдамдығы да маңызды: әдеттегі ішу қарқыны кезіндегі қауіп баяу ішкенге қарағанда 2,23 есе жоғары болған. Бұдан бөлек, аузын айына 6 және одан да көп рет күйдіріп алатын адамдарда онкологиялық аурудың туындау қаупі 1,9 есе жоғары болған.

Бұл зерттеу Малавиде 2017–2020 жылдары және Танзанияда 2015–2019 жылдары жүргізілді. Нәтижелері елдің, жастың, жыныстың, алкогольді тұтыну мен темекі шегудің ерекшеліктерін ескеріп түзетілді.

Профилактика тіпті де қиын емес

Ең бастысы, бірде-бір зерттеуші адамдардан сүйікті сусындарынан бас тартуын талап етіп отырған жоқ. Тек оларды қайнап тұрған күйінде ішпесе жеткілікті.

"Ең пайдалы тағы бір профилактика – темекі шегуді азайтуға тырысу. Ол да өңешті күйдіреді. Ауыз қуысын және тамақты тоздыратын алкогольден бас тарту да денсаулыққа көмектеседі. Қатерлі ісіктің қауіп факторлары туралы бұрыннан білетініміздің бәрін есте сақтап, профилактика қағидаларын күн сайын ұстанған жөн", – деп қосты Папье.

Cancer Research UK ұйымы да өңеш обырының өмір салтымен байланысты басты қауіп факторларына бұрынғысынша темекі тартуды және ішімдік ішуді жатқызады. Содан кейінгі орында – семіздік тұр. Демек, шайдың немесе кофенің температурасы – бұл жалғыз себеп емес, жалпы көріністегі тек бір ғана элемент.

Әрбір адамға арналған кеңес өте қарапайым: егер сусын ауыз түгіл, қолды күйдіріп тұрса, сабыр сақтап, оның салқындауын бірнеше минут күткен дұрыс. Қаласаңыз, аздап салқын су немесе мұз қосуға болады. Мұндай қарапайым ғана әрекеттер сүйікті сусыныңыздан еш қауіпсіз ләззат алуға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу