Белгілі ұялы оператордың қызметкері Гүлжан апай әлемдегі барлық мереке атаулыны білетін "ғұлама" саналады. Бұл білімді ғаламтор атты қайнардан көсіп алады. Тек білумен шектелмей, ол осы білімін "монетизациялады": әлеужелідегі танымал топтардың қатысушыларын күн сайын әлдебір мерекемен құттықтайды.
"Мұндай құттықтаулар өте танымал. Көп лүпіл-лайк, коммент жинайды. Мұндай посттар халықтың көңілін көтереді. Атап өту үшін сылтау тауып береді. Осы қызметім үшін топтардың әкімшілерінен ай сайын жалпы сомасы 60 мың теңгеден жоғары ақша алып тұрамын. Әр күнге 2 мың теңгеден. Жоғары дейтінім, егер құттықтау постына сток-фото емес, "оригиналды открытка" жасап, қоса берсем, 3 мың теңге береді. Бүгінде Midjourney және басқа жасанды интеллект сервистері арқылы ашықхат жасау оңайлады", – дейді Гүлжан апай.
Енді Гүлжан апайдың әлеужеліні қолданушыларды құттықтайтын сылтауы және қалтасын қаржыға толтыратын "қайнары" көбейді. Үкімет Қазақстанда 20-ға жуық жаңа мейрамды ресми бекітті.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы ретінде Асқарбек Ертаев кезінде Тамара Дүйсенова қабылдап кеткен бұйрықты толықтырды.
Ертаевтың бұйрығы "Кәсіби мерекелердің тізбесін бекіту туралы" ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №258 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" деп аталады.
Құжаттың атауы айтып тұрғандай, Кәсіби мерекелердің ескі тізбесі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылды. Оның құрамына жаңа 19 кәсіби мереке қосылып отыр.
Түсіндіре кететін жайт, мысалы, Қазақстанның және Ресейдің теміржолшылары бұрыннан бері тамыздың алғашқы жексенбісінде төл кәсіби мейрамдарын атап өтіп келеді. Алайда Қазақстанда тамыздың 1-ші жексенбісі – "Көлік қызметкерлері күні" ретінде бекітілген еді. Енді ол жойылды.
Оның орнына қазақстандық теміржол көлігінің қызметкерлері 2025 жылдан бастап осы күні дербес кәсіби мерекесіне қол жеткізді. Тамыздың бірінші жексенбісінде бұдан былай болат жолға қатысы бар адамдарға құрмет көрсетіледі. Ресми дерек бойынша қазіргі кезде теміржол саласында 110 мыңнан астам қазақстандық еңбек етуде.
Бұл ретте темір жолдардың ұзындығы бойынша Қазақстан жаһандық жиырма елдің қатарына кіреді. Қазіргі уақытта шамамен 16 мың шақырым теміржол пайдаланылуда және бұл көрсеткіш жыл сайын артып барады. Салыстырсақ, 1894 жылы Қазақстанда ұзындығы 369 шақырым ғана болатын алғашқы теміржол желісі пайда болды. Ол Покровская ауылын Оралмен байланыстырды.
Синоптиктерден ерекшелігі, метрология өлшем бірліктерінің дәлдігін қамтамасыз етумен, жабдықтардың тексерумен және дәлдеумен айналысады. Сондай-ақ, метрологтар елімізде қолданылатын әрбір таразының, су, электр, газ есептегіштерінің, банкоматтардың, тонометрлердің, радарлардың және басқа да аспаптардың эталонға сәйкестігін қадағалайды.
Бір қызығы, сонымен бір мезгілде жаңа бұйрықта "14 қазан –Стандарттау жұмыскерлерінің күні" де белгіленіп отыр. Бұл – метрологиямен жапсарлас сала. Қазақстанда бұл салаға министрлік түгіл, тіпті комитет, департамент, жеке ведомство "бұйырмаған". Бұл сала Сауда және интеграция министрлігі құрамындағы Техникалық реттеу және метрология комитетіне қарайды.
Бұдан бөлек, Қазақстанда таяуда таратылып, ҰҚК-ға қосылған Антикор қызметінің, коммуналдық қызметтер жұмысшыларының, асхана-дәмхана-мейрамхана қызметкерлерінің, аңшылар мен қорықшылардың, қолөнершілердің, ветеринарлардың және басқасының төл мерекесі пайда болды.
Кәсіби мерекелердің жаңа тізімінен "1 қазан – Радио қызметкерлерінің күні" алып тасталды. 1 қазанда енді ректорлар мен профессорлар думандата алады. Осы күнге "Жоғары білім жұмыскерлері күні" бекітілді. Ал, ертесіне, 2 қазанда колледж оқытушылары мен қызметкерлері төл мерекесін тойлай алады.
Сондай-ақ, қазанның соңғы жексенбісін Еңбекминінің қызметкерлеріне жүргізушілермен, көлікшілермен, автожолшылармен және жол салушылармен бөлісуге тура келеді. Өйткені "Әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыскерлері күні", "Автомобиль көлігі жұмыскерлері күні" және "Автожол саласы жұмыскерлерінің күні" осы бір күнге бекітілді.
Ал, күзет ұйымдарының жұмыскерлері 29 қазанды барша кәсіпкерлермен бөліседі.
Сонымен, Кәсіби мерекелердің жаңарған толық тізімі келесідей (жаңа мерекелер қарамен боялған):
1. ҚР Ұлттық ұланы күні – 10 қаңтар
2. Қаржылық мониторинг органдары күні – 28 қаңтар
3. Азаматтық авиация жұмыскерлерінің күні – 1 ақпан
4. Жерге орналастыру, геодезия және картография күні – наурыздың екінші сенбісі
5. Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы жұмыскерлер күні – 7 сәуір
6. Геолог күні – сәуірдің бірінші жексенбісі
7. Ғылым жұмыскерлері күні – 12 сәуір
8. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының жұмыскерлері күні – 16 сәуір
9. Мемлекеттік күзет қызметі күні – 21 сәуір
10. Байланыс жұмыскерлері күні – 17 мамыр
11. Метрология жұмыскерлері күні – 20 мамыр
12. Мәдениет және өнер жұмыскерлері күні – 21 мамыр
13. Химия өнеркәсібі жұмыскерлері күні – мамырдың соңғы жексенбісі
14. Эколог күні – 5 маусым
15. Монополияға қарсы орган жұмыскерлерінің күні – 7 маусым
16. Мемлекеттік органдардың арнайы мақсаттағы бөлімшелері әскери қызметшісінің және қызметкерінің күні – 9 маусым
17. Жеңіл өнеркәсіп жұмыскерлері күні – маусымның екінші жексенбісі
18. Малшылар күні – маусымның екінші жексенбісі
19. Медицина жұмыскері күні – маусымның үшінші жексенбісі
20. Полиция күні – 23 маусым
21. Мемлекеттік қызметші күні – 23 маусым
22. Судья және сот жұмыскері күні – 24 маусым
23. Бұқаралық ақпарат құралдары жұмыскерлері күні – 28 маусым
24. Дипломатиялық қызмет күні – 2 шілде
25. Қазақстанның қолөнершілер күні – 7 шілде
26. Су шаруашылығы жұмыскерлері күні – 9 шілде
27. Табиғи монополиялар саласы жұмыскерлерінің күні – 9 шілде
28. Ветеринариялық жұмыскер күні – 10 шілде
29. Ұлттық қауіпсіздік органдарының күні – 13 шілде
30. Нотариат күні – 14 шілде
31. Теңіз және өзен көлігі жұмыскерлерінің күні – шілденің бірінші жексенбісі
32. Балық шаруашылығы жұмыскерлері күні – шілденің екінші жексенбісі
33. Металлург күні – шілденің үшінші жексенбісі
34. Сауда жұмыскерлері күні – шілденің төртінші жексенбісі
35. Теміржол көлігі жұмыскерлері күні – тамыздың бірінші жексенбісі
36. Құрылысшы күні – тамыздың екінші жексенбісі
37. Шекарашылар күні – 18 тамыз
38. Шахтер күні – тамыздың соңғы жексенбісі
39. Аңшылық шаруашылығы жұмыскерінің күні –қыркүйектің бірінші сенбісі
40. Мұнай-газ кешені жұмыскерлері күні – қыркүйектің бірінші жексенбісі
41. Бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика саласы жұмыскерлері күні – қыркүйектің екінші жексен-бісі
42. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерінің күні –15 қыркүйек
43. Атом саласы жұмыскерлері күні – 28 қыркүйек
44. Әділет органдары қызметкерлері күні – 30 қыркүйек
45. Машина жасаушы күні – қыркүйектің соңғы жексенбісі
46. Жоғары білім жұмыскерлері күні – 1 қазан
47. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жұмыскерлері күні – 2 қазан
48. Мұғалім күні – 5 қазан
49. Қорғаныс өнеркәсібі жұмыскерлері күні – 6 қазан
50. Қазақстан кәсіптік одақтарының күні – 10 қазан
51. Стандарттау жұмыскерлерінің күні – 14 қазан
52. Құтқарушы күні – 19 қазан
53. Қоғамдық тамақтандыру саласының жұмыскері күні – 20 қазан
54. Орман шаруашылығы жұмыскері күні – қазанның үшінші жексенбісі
55. Кітапханашы күні – 24 қазан
56. Әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыскерлері күні – қазанның соңғы жексенбісі
57. Автомобиль көлігі жұмыскерлері күні – қазан айының соңғы жексенбісі
58. Автожол саласы жұмыскерлерінің күні – қазан айының соңғы жексенбісі
59. Күзет ұйымдарының жұмыскерлері күні – 29 қазан
60. Қазақстанның кәсіпкерлері күні – 29 қазан
61. Сыртқы барлау күні – 5 қараша
62. Статистика күні – 8 қараша
63. Цифрландыру және ақпараттық технологиялар жұмыскерлері күні – 10 қараша
64. Бухгалтерлік есеп және аудит саласы жұмыскерлері күні – 10 қараша
65. Қаржы саласы жұмыскерлерінің күні – 15 қараша
66. Бұрғылаушы күні – қарашаның үшінші сенбісі
67. Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі жұмыскерлері күні – қарашаның үшінші жексен-бісі
68. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының күні – 18 қараша
69. Адвокатура күні – 5 желтоқсан
70. Прокуратура күні – 6 желтоқсан
71. Қылмыстық-атқару жүйесі жұмыскерлері күні – 13 желтоқсан
72. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметі күні – 20 желтоқсан
73. Энергетик күні – 22 желтоқсан
74. Архивші күні – 22 желтоқсан.
Заң бойынша ұлттық және мемлекеттік мерекелерден айырмашылығы сол, кәсіби мерекелер жалпыхалықтық демалыс күні саналмайды. Жексенбіге сәйкес келмесе, әдеттегі жұмыс күні.
Дегенмен, бұл ресми мейрам сол салалардағы жеке компаниялар, мемлекеттік мекемелер және басқа ұйымдар аталған кәсіп иелерін елеп-ескеріп, құттықтауы, қошемет көрсетуі, үздік әрі үлгілі қызметкерлерді марапаттауы, еңбеккерлерге сыйақы беруі үшін қажет.
Қазақстанда бүгінде тек 25 қазан – Республика күні ғана "ұлттық мереке" мәртебесіне ие.
Ал, "мемлекеттік мерекелерге": 1-2 қаңтар – Жаңа жыл, 8 наурыз – Әйелдердің халықаралық күні, 21–23 наурыз – Наурыз мейрамы, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні, 7 мамыр – Отан қорғаушы күні, 9 мамыр – Жеңіс күні, 6 шілде – Астана күні, 30 тамыз – Конституция күні және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні жатады.
Бұл күндер бүкіл Қазақстан бойынша демалыс болып табылады. Бұған қоса, мұсылманның Һижра күнтізбесі бойынша атап өтілетін Құрбан айттың бірінші күні, сондай-ақ 7 қаңтар – православиелік Рождество "демалыс күндері" ретінде бекітілді.
Еңбекмині кәсіби мерекелердің бұл жаңа тізбесі Мәдениет және ақпарат, Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Өнеркәсіп және құрылыс, Сауда және интеграция, Көлік, Қаржы, Қорғаныс, Ғылым және жоғары білім министрліктерімен, Бас прокуратурамен, антимонополиялық органмен, Мемлекеттік қызмет істері, Қаржылық мониторинг агенттіктерімен және басқасымен келісілгеніне назар аудартты.