Қазақстандықтардың табыс құпияларына ұрлану қаупі төнді

3517

Республикада биыл жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды.

Қазақстандықтардың табыс құпияларына ұрлану қаупі төнді Фото: inbusiness.kz

Мемлекеттік кірістер комитетінің Жеке тұлғалардың табыстарын әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынованың түсіндіруінше, 3-ші кезеңде, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларацияны 3,9 миллиондай азамат тапсырады. Олардың арасында заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, қатысушылары, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары бар.

Бірақ бұған дейінгі 1-ші кезеңде, яғни 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 580 мыңға жуық мемлекеттік қызметші, оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары декларация тапсыра бастады. Ал, 2-ші кезеңде, 2023 жылдың 1 қаңтарынан декларация тапсырушылар санатына мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың, ұлттық компаниялардың шамамен 2,1 миллион қызметкері мен олардың жұбайлары енді.

Осылайша, қазіргі кезде декларацияны жалпы жиынтығы 6,6 миллиондай адам тапсыруда.

Шенеуніктер бұған дайын болмай шықты. Жауапты орган – Мемкірістер комитеті қазіргі уақытта өзінің ақпараттық жүйелерінде кірістер мен мүлік туралы декларацияның жаңартылған нысанын (270.00 формасын) енгізу бойынша "техникалық жұмыстар" жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Техникалық жұмыстар тез бітпейді 2024 жылғы 1 тамызға дейін жалғаспақ. Салдарынан, билікке биылғы жаңа бұйрықтың күшін тоқтата тұруға тура келуде.

"Осыған байланысты "Жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияның нысанын және оны жасау қағидаларын бекіту туралы" Қаржы министрінің 2021 жылғы 13 қыркүйектегі №927 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қаржы министрінің 2024 жылғы 29 наурыздағы жаңа №169 бұйрығының қолданысы тоқтатыла тұрады", – деп хабарлады Мемкірістер комитеті.

Алайда сонымен бірге азаматтар 2023 жыл үшін декларация тапсыру міндетінен босатылмайды. Ведомство олардың 2021 жылы бекітілген декларацияның ескі формасымен тапсыра алатындарын жеткізді.

МКК 2024 жылы "қабылданған" деген мәртебесі бар кірістер мен мүлік туралы декларацияның қолданыстағы нысаны (270.00 нысан) ұсынылса, онда декларацияны қайта тапсырудың қажеті болмайтынын айтады. Тек кейін ережелері тосыннан өзгеріп кетіп, жаңа команда "қате тапсырдың" деп жазалай бастамаса болғаны.

Бұл тек басы ғана, келесі 2025 жылдың 1 қаңтарында бастау алатын 4-ші кезеңде декларацияны барлық Қазақстан тұрғындары табыстап, мемлекетке кірісі мен шығысы туралы есеп бере бастайды. Комитеттің дерегінше, жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне шамамен 13 миллион адам енеді деп күтілуде. Сонда жағдай не болады? Онсыз да ығы-жығы халықтан арылмайтын салық органдарында шетсіз-шексіз кезектер қалыптасып, дүрбелең тумай ма?

Өйткені 18-ге жаңа толған баладан шау тартқан қарияға дейін Үкіметке есеп беруге тиіс.

Депутаттар тағы бір проблеманың туындайтынына сәуегейлік жасады. Әрбір қазақстандықтың өмір бойы жиған бүкіл дүние-мүлкі туралы егжей-тегжейлі ақпараттар бар декларацияны қолға түсіруге қаптаған телефон, интернет алаяқтары, ұрлықшылар мен қарақшылар, басқа да қаскөй жандар құмартатын болады.

Дербес деректердің шып-шырғасын шығармай, тас қып ұстап, түгел қорғауға мемлекет қауқарсыздық танытуда. Мәжілісмендердің айтуынша, биліктің барлық деңгейін жемқорлық жайлаған мемлекетте ақысын берсе, кез келген құжатты қаскүнемдер қолға түсіре алады.

Барлық азаматтың жаппай декларация тапсыруының енгізілуіне байланысты Қазақстан халқының дербес деректерін қорғау мәселесі көкейкесті бола түсті.

"Дербес деректердің сыртқа кетіп қалып жатқаны туралы жаңалық тоқтаусыз бой көрсетеді. Кейінгілеріне тоқталсақ, "Мемлекеттік техникалық қызмет" 2 миллионнан астам қазақстандықтың дербес деректері сыртқа "ағып" кеткенін әшкереледі. Дербес деректердің ұрлануымен байланысты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, Air Astana және "Қазақтелекомның" үстінен тексерістер жүргізілуде. Билік өкілдері тіпті өз қолымен беретін жағдайлар жетерлік. 2019 жылы Алматыда ХҚКО-ның бұрынғы қызметкері сотталды. Ол И. есімді әйелдің меншігінде қандай жылжымайтын мүлкі бары туралы анықтаманы және оның тұрғылықты тұратын орны туралы мәліметті заңсыз бергені үшін ұсталған", – деді Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов.

Оның үстіне бұл сирек кездесетін жекелеген оқиға емес. Бас прокуратураның құқықтық статистикасы бойынша 2023 жылы дербес деректерді заңсыз жинау үшін 417 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

Дербес деректерге және оларды қорғауға қатысты 473 қылмыстық іс ашылған. Бірақ оның 318-і сотқа жетпей, доғарыла салынған. Яғни, 155 іс қана аяғына жеткізілген. Осыдан кейін бұл салада мемлекет халықты табанды қорғайды деп айтудың өзі әбестік.

М.Магеррамов бұл цифрлардың өзі өмір шындығынан тым алыс жатқанын айтады: 2023 жылы интернет-алаяқтық бойынша тергеушілердің қарауында 158 474 іс болған. Оның ішінде 92 954 іс "қылмыс жасаған тұлғаның анықталмауына байланысты" доғарылды.

Алаяқтардан зардап шеккен қазақстандықтар соған дербес деректерінің сыртқа шығып кетуі ықпал еткенін көрсетіпті. Өйткені хабарласқан қаскүнемдер құрбаны туралы тек мемлекет қана білетін барлық ақпаратпен жақын таныс екенін паш етіпті. Оның бәрін мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алмаса, басқа қайдан алады?

"Осыдан байлам жасауға болады: уәкілетті органдар азаматтарымыздың құқығын қорғауға қауқарсыз екені анық. Дербес деректерді қорғау тетіктері жұмыс істемейді! Бүгінде осылай, ертең халық тегіс декларация тапсыра бастағанда не болмақ? Мемлекет дайын болмаса, біз жалпыға бірдей декларацияны енгізуде тым асығып жатқан жоқпыз ба? Жауапты тұлғалар азаматтарымыздың декларациялайтын деректері ізінше қылмыскерлер мен алаяқтардың қолына түспесіне кепілдік бере ме? Дербес деректер сыры сыртқа тарап кетсе, дербес жауапкершілік арқалауға дайын ба?", – делінген бір топ мәжілісменнің Үкіметке сауалында.

Үрейлісі сол, енді ғана жолдап жатқан жауаптарында Үкімет өкілдерінің бірде бір кепілдік бермеді. Соған қарағанда, деректер тасқынының келешекте қарғын судай арнасынан сыртқа жайылып кетуіне мемлекеттік органдардың тосқауыл қоя алатынына өздері де сенбейтін сияқты.

Мысалы, құрамына декларациялауға жауапты Мемлекеттік кірістер комитеті кіретін Қаржы министрлігі жауапкершіліктен жалтарып, оны бассыз қалған Цифрлық даму министрлігіне сырғытты.

"Дербес деректер және оларды қорғау бойынша ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік инциденттерінің алдын алу және оларға жедел ден қою – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің негізгі міндеттеріне жатады. Біздің Қаржы министрлігі өз құзыреті шеңберінде тек салық төлеушілер – жеке және заңды тұлғалар пайдаланатын өз ақпараттық жүйелеріміздің үздіксіз жұмыс істеуін және қорғалуын қамтамасыз етудің тиісті шараларын қабылдайды", – деді Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Вице-министрдің айтуынша, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында жыл сайын, конкурстық негізде "ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның ақпараттық қауіпсіздігіне қатерлерді мониторингтеу, анықтау, бағалау, болжау, оқшаулау, бейтараптандыру және алдын алу жөніндегі қызмет" сатып алынады.

Бұл қызметті Ақпараттық қауіпсіздік жедел орталығы (АҚЖО) көрсетеді. Осылайша, дербес деректердің қорғалуына жауаптылар тізімінде тағы бір буын-делдал пайда болды.

АҚЖО ақпараттық қауіпсіздік қатерлерін барынша азайту бойынша шаралар қабылдайды, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым иесін дереу хабардар етеді.

"Олқылықтар мен осалдықтарды анықтау және жою, сондай-ақ өзінің ақпараттық жүйелерін қорғау үшін Қаржы министрлігі қосымша іс-шаралар өткізеді. Министрлік Қазақстан азаматтарының дербес деректері мен ақпараттық қауіпсіздігін қорғауға өзінің дайын екенін және жауапкершілігін растайды", – деді Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов.

Бірақ министрлікте басымен жауап беретін тұлғаның кім екенін айтпады. Өйткені министрлік деген ауыспалы дүние.

Өз кезегінде көшбасшысыз қалған Цифрлық даму министрлігі де дербес жауапты тұлғасын атамады. Ведомствоның хатында айтылғандай, дербес деректерді компаниялар мен операторлар да жинай береді.

"Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңының 11-бабына сәйкес, олар да қорғауға жауапты екен: субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімі не өзге заңды негіздер болмаса, дербес деректерді таратуға жол бермеуге, олардың құпиялылығын қамтамасыз етуге тиіс.

Ал, декларациялардағы ақпараттың құпияда сақталуы үшін жауапкершілік "добын" Цифрлық даму министрлігі кері тепті.

"Жалпыға бірдей декларациялауды Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жүзеге асыратынын атап өткен маңызды! Тиісінше, дәл сол мемлекеттік орган ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, дербес деректерді қорғау жөнінде қажетті шаралар қабылдауға және олардың сақталуына жауапты болуға міндетті. Сонымен қатар қазіргі уақытта Қаржыминінің аталған комитетінің ақпараттық жүйелерін техникалық сүйемелдеуді "Электрондық қаржы орталығы" АҚ жүзеге асырады", – делінген Цифрлық даму министрлігінің түсініктемесінде.

Жалпы, дербес деректерге иелік ететіндер көп көрінеді. "Қойшы көп болса, қой арам өледі" дейді қазақ даналығы

Айтпақшы, министр болып тұрған тұста Бағдат Мусин дербес деректердің сыртқа жаппай таралып кетуін, ақпараттандыру объектілеріне бөгденің сырттан қол сұғып, рұқсатсыз қол жеткізуін және ақаулар тәуекелдерін болдырмау үшін "мынаны-мынаны" жасау керек деп, Үкіметке және Қаржы министрлігінің Мемкірістер комитетіне ұсыныс енгізіп кетіпті.

Оның ұсыныстарының қатарында:

  • ақпараттық қауіпсіздік жедел орталығына қосылу;
  • ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін сынау рәсімінен өту;
  • ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың бірыңғай талаптарын орындау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
  • дербес деректерге қол жеткізуді бақылаудың мемлекеттік сервисіне қосылу және басқа да шараларды қабылдау бар.

Кеткен министрдің креслосын басатын тұлға әдетте, оның жобалары мен бастамаларын қоқысқа лақтыртады. Өйткені "оның бәлекеті жұғады" деп ырымдайды, немесе оның отставкасына негіз болуы мүмкін өзіне белгісіз қателікті қайталап қоюдан қорқады. Ендеше Мусиннің ұсыныстары құжат жүзінде қалуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу