Қазақстандықтардың үлкен бөлігінің қауіпке бей-жай қарайтыны анықталды

2657

Inbusiness.kz вейп туралы заң жобасына Сенат енгізген түзетулерімен Мәжілістің келіскенін жазды.  

Қазақстандықтардың үлкен бөлігінің қауіпке бей-жай қарайтыны анықталды Фото: yujanka.kz

Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады. Президент оны еш сөзге келмей бекітеді деп күтілуде. Себебі, заң жобасы соның ұсынысымен жазылған. 

Осының алдында, 2024 жылғы 15 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев вейптердің балалар мен жастардың денсаулығына, яғни тұтас ұлттың болашағына орасан зор зиян келтіретінін қайталады. Сондай-ақ Президент Парламент қабылдап жатқан заңның аясында вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту – "бүгінде сәнге айналған осы бір қауіпті кеселдің таралуын едәуір шектеп, бетін қайтаратынына" сенім білдірді. 

Сонымен, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заңы шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы үшін қылмыстық жаза енгізеді.
Шегілмейтін темекі өнімдеріне – құрамында никотин бар, мысалы, шайналатын, сорылатын снюс сияқты өнімдер, насыбай және басқа синтетикалық аналогтары жатады.

Сондай-ақ шегілмейтін темекі бұйымдары мен вейптердің тауар белгісінің элементтерін, атауын пайдалана отырып, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді жарнамалауға, немесе оларға сұраныс пен қызығушылықты ынталандыру үшін түрлі іс-шараларды, оның ішінде жүлделер ұтыс ойындарын, лотереяларды өткізуге қатаң тыйым салады.

Осы орайда ANI ұлттық инвесторлар қауымдастығының сарапшылары бір жайтқа назар аудартты. 

"Парламент қабылдаған заң аясында вейптердің айналымы үшін мысалы, жезөкшелер притондарын ұстағандай қатал жаза белгіленді: 5 жыл бас бостандығынан айрылады. Құжат шегілмейтін темекі бұйымдары мен вейптерді Қазақстан аумағына әкелуге, өндіруге, таратуға және сатуға түбегейлі тыйым салды, ол үшін қылмыстық қудалау енгізеді. Бұған дейін вейптерді сату талаптарын бұзғаны, мысалы, 21 жасқа толмағандарға сатқаны үшін тек әкімшілік жауапкершілік қарастырылатын. Енді бұл қылмыстық жауапкершілік болып табылады. Назар аударатын жайт, вейптердің айналымы үшін қылмыстық жаза адам зорлау, өлтіру, тонау, адам саудасы сияқты ауыр қылмыстармен теңестірілді", – деп ескертті қауымдастық осы өнімді ары қарай да астыртын сатып, жасырын табыс табуға ниетті кәсіпкерлерді.

Олар ондай ағат қадамнан аяқ тартқаны абзал.

Жазаның ауырлығын білдіртіп, салыстыру үшін сарапшылар Қылмыстық кодексте түрлі қылмыстар үшін қандай жаза қарастырылғанын еске салды: 

  • шегілмейтін темекі бұйымдары мен вейптерді Қазақстан аумағына әкелгені, өндіргені, таратқаны және сатқаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылады;
  • 309-бап. Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру және жеңгетайлық үшін – мүлкi тәркiленiп, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  • 128-бап. Адамды сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәмiлелер жасасу – мүлкі тәркіленіп, төрт жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  • 105-бап. Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу – үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  • 192-бап. Қарақшылық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатындағы шабуылға ұшыраған адамның өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi күш колданумен ұласқан шабуыл үшін – мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  • 120-бап. Зорлау үшін – бес жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  • 297-бап. Есірткі, психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу үшін – мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  • Көрінеу 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас, еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің (лесбийлік) жыныстық қатынасын жасау үшін – бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не соншаға бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Бұдан депутаттардың вейптерді сату үшін бірқатар аса ауыр қылмыстан да қатаң жаза белгілеп отырғанын байқауға болады.
Жалпы, вейптерге тыйым салу мәселесі біраз жылдан бері сарапшылар мен меморгандар тарапынан қызу талқыланып келді.

Мәселеге 2023 жылғы маусымда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Президент нүкте қойды. Парламентшілер қатаң жаза енгізуге "құп!" деді.

Дегенмен, кезекті репрессивті заңды қабылдай отырып, депутаттар оны халық арасында кең түсіндіруді кезекті рет естен шығарды. Салдарынан, халық бұл жаман әдеттің ұлтқа қандай зиян келтіретінін жете ұғынбаған, енгізіліп жатқан қатаң тыйымның мәнісін түсінбеген. 

Қарапайым бұқараның Мемлекет басшысы мен депутаттардың бастамасы туралы не ойлайтынын білу үшін Ұлттық инвесторлар қауымдастығы (ANI) "Талап" қолданбалы зерттеулер орталығымен бірлесіп, 2023 жылдың қарашасында қазақстандықтар арасында сауалнама жүргізіпті. Әлеуметтік зерттеу "Қазақстандағы саламатты өмір салты" тақырыбында ұйымдастырылған. 

Қауымдастық сарапшыларының хабарлауынша, елдегі ересек тұрғындардың басым бөлігінің пікірі биліктің ұстанымынан ерекшеленетіні анықталды: қазақстандықтардың жартысынан азы – 46%-ы ғана вейптерге тыйым салудың дұрыстығын қолдаған. Қалған бөлігі оның не үшін қажет екенін білмейтін болып шықты. 

Биліктің өз шешімін халық арасында жан-жақты түсіндірмеуі әлеуметтік кернеудің қордалануына соқтырады. Әрі бұл "еститін мемлекет" қағидатына қайшы. Содан тіпті вейп тұтынбайтын адамдардың өзі: "барлық проблеманы шешіп, сол қалып па?" деп кейістік білдіреді. 

ANI және "Талап" орталығының мәліметінше, елімізде ересек тұрғындардың әрбір үшіншісі немесе 37%-ы ғана биліктің өзі енгізген қатаң тыйымның мүлтіксіз орындалуына лайықты бақылау жүргізе алатынына сенетінін білдірген. Көпшілігі сенбейді.
Яғни, бұл тұрғыда да "билікке сенімнің" кемігені аңғарылады.

Сенімге селкеу түсіретін жайттарға шенеуніктердің өзі түрткі болады. Мысалы, Президенттің былтырдан бері сынап жатқанына қарамастан, қалаларда вейптер балаларға дейін еркін сатылуда, арнайы ашылған және тек қана осы өнімді сататын вейп-шоптарға жасөскіндер де кіре береді, оны полицияның жедел басқару орталықтары көшедегі "Сергек" камераларынан онлайн байқап отырса керек. 

Алайда сол үшін жазаланғандар көп емес: 2021 жылы – 725, 2022 жылы – 733 қана әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 532 іске дейін құлдыраған. Яғни, айыппұлмен жазалауға да асықпайды.

Айтқандай, жоғарыда айтылған сауалнама кезінде халықтан тыйым салынған бұйымды тұтынып тұрған балаларды кездестірсе, не істейтіні сұралған екен. Сонда жауап берген қазақстандықтардың көпшілігі – 42%-ы "елеусіз өтіп кететінін" ашық айтқан.

Тағы 24%-ы жауап беруге қиналған. Ендеше қауіпті өнімнің денсаулығына зиян келтіретінін жасөспірімдерге түсіндіруде олардың да табандылық танытуы неғайбыл.  

Небары 18%-ы ғана "мүмкін болса, ата-аналарын тауып, оларды құлағдар етуге тырысатынын" жеткізді. Бар-жоғы 8%-ы полицияға хабарлайтынын мәлім еткен. Осыдан құқық қорғау органдарына деген халықтың сенімін байқауға болатындай.  

Қорыта айтқанда, жасырын сатып алушылардың қатары алда күрт өспеуі үшін жұртшылық арасында вейптердің зиянын түсіндірудің, сондай-ақ жаңа тыйымның сақталуын қамтамасыз етудің ауыр жүгі бәрібір мемлекеттің иығына артылмақ. Ол бұл міндет үдесінен шыға ала ма?

Ұлттық құрылтайда Президент сынаған соң билік шамалы қозғалысқа келді. Мысалы, Астана қаласының полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Эльдар Данияровтың айтуынша, жыл басынан бері елордада вейп қолданғаны, электрондық темекі мен сұйықтықтарды тұтынуға салынған тыйымды бұзғаны үшін 355 адам жазаланды. 

Бірақ қылмыстық қудалауды енгізетін жаңа заң күшіне енбегендіктен, әзірге олардың үстінен 355 әкімшілік хаттама толтырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу