Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) қаражаттарды алдау жолымен заңсыз шығарып алу үшін сол жинақ иелері жазаланбайтын болды. Оның орнына алаяқтық схемаларды жолға қойған стоматологиялық клиникаларға және ұйымдастырушы тұлғаларға жауап беруге тура келеді.
Orda.kz хабарлауынша, Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов азаматтарға талап-претензия болмайтынына уәде етті.
"Біз азаматтарға ешқандай кінә қоймаймыз. Өйткені олар өзгенің емес, өздерінің жинақтарын алды. Әрине, олар зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алып қойды. Бірақ бұл үшін БЖЗҚ-дан қаражатты заңсыз шығарумен тікелей айналысқан тұлғалар қылмыстық жазаға тартылатын болады", – деді Елемесов.
Оның мәліметінше, мемлекеттік зейнетақы қорынан қаржы тіс клиникалары арқылы әкетілген. Кем дегенде 5 топ өкілдері БЖЗҚ-да жеткіліктілік шегінен асатын жинақтары бар қазақстандықтарды тапқан, қызметін жарнамалаған.
Келіскендеріне мемлекеттік емханалардың дәрігерлік-консультативтік комиссияларының "тісті зейнетақы жинағы есебінен емдету үшін медициналық қызметтердің қажеттілігі туралы қорытындысын" әзірлеген. Ал, стоматологиялық клиникалар клиенттің тісіне қымбат ем-шаралардың жасалғаны, құны 17 миллион теңгеге дейін барған шетелдік озық пломбаны қойғаны туралы жалған құжаттар, түбіртектер берген.
Соның негізінде зейнетақы жинағы алынды. Делдалдар түскен қаржының шамамен 30 пайызын алып отырған. Қалғаны жинақ иесіне қолма-қол ақша түрінде беріліпті.
Құзырлы орган өкілі Президенттің тапсырмасымен, 2021 жылдан бастап қазақстандықтарға БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделудің ақысын төлеуге мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі берілгенін растады. Яғни, әрбір азаматтың бұған заңды негіздері бар.
"Алайда мына жағдайда ондай негіздер болмаған. Өйткені құжаттар жалған болған. Тиісінше, қордан ақша заңсыз шығарылды. Салдарынан, қор ол ақшаны инвестициялап, клиент зейнеткерлік жасқа жеткенше қосымша инвестициялық табыс алу мүмкіндігінен айрылды. Тиісінше, бұл жағдайда зардап шеккен тарап ретінде БЖЗҚ танылып отыр", – деді Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары.
Ведомствоның дерегінше, тергеу жалғасуда, оннан аса тұлға қамауға алынды. Мамандандырылған тергеу соты стоматологиялар арқылы ақша ұрлау туралы қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылғандардың бірқатарын ғана тұтқындауға санкция берді.
Жалпы, "стоматологтар ісі" – Қазақстандағы соңғы жылдардағы ең кең ауқымды тергеулердің біріне айналды. Фигуранттардың бір бөлігі тергеу изоляторларында отыр. Қалғаны үй қамағында немесе елді мекеннен кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Тергеушілердің түсіндіруінше, бұл тергеумен ынтымақтастықты "қамтамасыз ету" үшін жасалған, өйткені көпшілігі айыбын сол бойы мойындамаған.
Қыркүйек айының ортасынан бері ҚМА тергеу топтары Атырау облысындағы тіс емханаларында жаппай тінтулер жүргізді. Тінтулер тек Атырау қаласын ғана емес, сондай-ақ облыстағы аудандарды да қамтыған.
Себебі, БЖЗҚ-дан тіс емдету үшін жинағын алып қойғандардың басым көпшілігі Атырау облысындағы бірнеше клиниканың қызметіне жүгінген екен.
Тергеу мәліметінше, тек жалғыз бір стоматологиялық клиника 22 миллиард теңгеден астам зейнетақы жинағына қол жеткізген. Екіншісі – 20 миллиард, үшіншісі – 18 миллиард, төртіншісі – 13 миллиард, бесіншісі – шамамен 9 миллиард теңгені игеріпті. Ел бойынша жалпы шығын 200 миллиард теңгеден асқан.
Тұтқындаулар басталғаннан кейін бірнеше күн өткенде Қаржылық мониторинг агенттігі ақша жылыстатылды деген күдікке іліккен банк шоттарын жаппай бұғаттады.
Тінту және тергеу іс-қимылдары жүздеген мекенжайға таралды: оның арасында жеке тұрғын үйлер, пәтерлер, кеңселер, стоматологиялық клиникалар, бизнес орталықтар және басқасы бар.
ҚМА атышулы "стоматологтар ісі" аясында тәркіленген мүліктің бір бөлігін көрсетті. Агенттік жариялаған видеода БЖЗҚ-дан заңсыз шығарылды деп есептелетін қаражатқа алынған элиталы автокөліктер бейнеленген.
Ведомствоның мәлімдеуінше, күдіктілер заңсыз схемалармен тапқан ақшаға Mercedes-Benz G-class, GLE, BMW X7, Porsche Taycan, Cadillac Escalade сияқты 15 сән-салтанатты автомобиль алыпты. Бұл машиналардың жалпы құны 600 миллион теңгеден асады.
Бұдан бөлек, қылмыстық іс фигуранттары брендті зергерлік бұйымдар, коммерциялық жылжымайтын мүлік, пәтерлер және жер учаскелерін сатып алған. Айыпталушылардың мүлкін іздеу жалғасуда.
"226 "дроппер" және жалған клиникалар арқылы 200 миллиард теңгеден артық қаражат шығарып әкетілген", – деп хабарлады ҚМА.
Осы орайда "Отбасы банк" 2026 жылғы 15 қыркүйектен 2026 жылғы 15 сәуірге дейінгі аралыққа зейнетақы жинақтарына тіс емдетуге өтініш қабылдауды тоқтатып тастады.
16 қыркүйекте Денсаулық сақтау министрлігі БЖЗҚ-дағы жинақтарды стоматологиялық қызметтердің ақысын төлеу үшін пайдалану қызметін түпкілікті жоятын бұйрық жобасын әзірледі.
"2024 жылдың қыркүйегінен бастап 2025 жылдың тамызына дейінгі соңғы 12 айда есептелген инвестициялық кіріс мөлшері шамамен 2,74 трлн теңгені құрады: осы кезеңдегі кірістілік – 12,60% болды, ал, инфляция мөлшері – 12,20%-ды құрады", – деп мәлім етті БЖЗҚ. Яғни, БЖЗҚ-ның бір жыл ішіндегі табысы 0,40 пайыз ғана болған және бір пайызға да жете алмады.
Ал, бұқара мен бизнестен зейнетақы жарналары қорға дариядай толассыз ағынмен құйылуда. 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының көлемі 25,11 триллион теңгеден асты. Әрбір азаматтың тапқан табысы мен жалақысынан ұсталып, БЖЗҚ-ға аударылған ақша тасқыны тек бір жыл ішінде бірден 4,22 триллион теңгеге немесе 20,2%-ға артты.
Осы ұланғайыр қаражатты Ұлттық банк кірісі аз, әрі девальвациядан құнсызданған теңгедегі құралдарға инвестициялауын қояр емес. 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша зейнетақы активтерін инвестициялаудың негізгі бағыттары мынадай болды:
• Қазақстанның Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 42,58%,
• квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары – 8,85%,
• қазақстандық екінші деңгейдегі банктерінің облигациялары – 2,78%,
• ҚРҰБ депозиттері – 2,14%,
• ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттары – 1,77%,
• микроқаржы ұйымдарының бағалы қағаздары – 1,20%.
Егер осы 25 триллион теңгеден астам ақшаны айталық, Nvidia акцияларына салғанда, аз уақыт ішінде оны 50 триллионнан асыра алатын еді: жасанды интеллектпен байланысы бар бұл жаһандық технологиялық алпауыттың – Nvidia-ның акциялары осы кезеңде +226,7% пайызға өсіп шыға келді.