Қазақстандықтардың зейнетақысы инфляциядан қалай қорғалған

5826

Ал инфляция мен инвестициялық табыстың айырмашылығы қалай төленеді

Қазақстандықтардың зейнетақысы инфляциядан қалай қорғалған

Fingramota.kz ресурсы Қазақстан азаматтарының зейнетақы жинақтары мемлекет тарабынан қалай қорғалғаны туралы түсініктеме жариялады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Порталдың жазуынша, Қазақстан–зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік беретін әлемдегі жалғыз ел. Бұлай болатыны –  қазақстандықтардың бүкіл зейнетақы жинағы талайдан бері бір ғана қоржында –  Бірыңғай жинақтық зейнетақы қорында сақталып келеді. Біздің елде зейнетақы жинағына жарна салу еңбекке жарамды кез келген адам үшін міндетті болғандықтан, ай сайын қордың қоржыны толысып отырады. Онымен бірге БЖЗҚ әр салымшы зейнетке шыққанша оның салған ақшасын түрлі инвестицияларға салып, табыс тауып отыр. Ақша жүрген жерде тәуекел ілесе жүреді. Қазақстандықтардың зейнетақы жинағының бір бөлігін Әзербайжандағы күмәнді инвестициялық жобаға салып, ол шоттың бұғатталғанын елдегі салымшылар әлі ұмыта қойған жоқ. Осының бәрін ескерсек, мемекеттің зейнетақы жинағындағы ақшаға кепілдік беруі қай жағынан да қисынды, әрі солай болуы керек дүние деп қабылдауға болады.

Fingramota.kz әлемдегі зейнетақы нарығына шолу жасай келіп, қазір әлемде ең тиімді жүйенің бірі деп саналатын Герамнияны мысалға келтіреді. 

"Германияда зейнетақы қорлары табыстылық мөлшерлемесіне зейнетке шығу сәтіне қарай 2%-дан сәл артық деңгейде кепілдік береді. Ал Чилиде басқарушы компаниялар инвестициялық табысқа кепілдікті таңдалған қордың түріне байланысты береді. Бірақ соңғы 3 жылдағы орташа алынған нақты табыстылықтың 2%-ынан төмен болмауы керек. Аустралия, Израиль, Мексика, Швеция және Норвегия сияқты елдерде үкімет зейнетақы ақшасының сақталуына ешқандай кепілдік бермейді",– деп жазады портал.  

Бізде зейнетақы жинақтарының сақталуына жауап беретін ең басты құжат – "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" ҚР Заңының 5-бабы. Бұл бап бойынша, мемлекет БЖЗҚ-да сақталған ақшаның жылдар бойғы инвестицияның салдарынан мардымсыз болып қалуына жол бермеуі керек. Осы кепілдік міндетіне сүйене отырып БЖЗҚ арқылы мемлекет қордағы ақшаны үнемі айналымға салып, мейлінше табысты жобаларға инвестициялап отырады. 2003 жылы Қазақстандағы дербес зейнетақы қорларының бәрі қысқарып, салымшылардың бәрі БЖЗҚ қазанына тоғытылған болатын. Содан бері осындай кепілдік шарты күшінде тұр.

Ресми ақпаратта зейнетақы жинағына мемлекет кепілдік беріп отырғаны туралы ақпарат әлемде теңдесі жоқ жүйе сияқты сипатталғанымен, бұл қарапайым қаржылық қисынға құрылған дүние екенін түсіну қиын емес. Зейнетақы жинағының сақталуына кепілдік бермейді делінген елдердегі зейнетақы нарығы біздікінен әлдеқайда өзгеше. Дамыған елдердің көбінде бұл бәсекелі ортаға берілген. Салымшыларды көбірек тарту үшін олар зейнетақы жинағына неғұрлым мол кірістілік ұсынуға талпынады. Ал біздің елде ондай таңдау жоқ деп айтуға болады. Тіпті биылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін басқаруға алатын компаниялардың өзі шекті сомадан артылған төлемді ғана басқара алады. 

Сонымен инфляциядан қорғайтын мұндай кепілдік қарапайым салымшыға не береді?

Салымшы зейнет  жасына жетті делік. Осы кезде оның БЖЗҚ жүйесінде болған кезде ай сайынғы табысынан жырымдап салған жинағы қайта есептеледі. Жинақтың кірістілік деңгейі осы кезеңдегі инфялцияның көлемінен төмен болса, айырмашылықты мемлекет төлеуі керек. Өйткені салымшыға тиесілі ақшаның бір бөлігін жылдар бойы айналымға салып, оның қызығын көрген сол мемлекет болатын. Мысалы, салымшының БЖЗҚ шотындағы ақшасы 30 жылда орта есеппен 15 пайыз инвестициялық табыс әкелді дейік. Ал осы жылда елдегі инфляция 30 пайыз болды деп қарастырайық. Бұл жағдайда мемлекет салымшының ақшасын тиімсіз басқаруының кесірінен туындаған 15 пайыз айырмашылықты өз есебінен өтеп беруге міндетті.

Аталған инфляциялық кепілдікті кім талап ете алады?

Мемлекеттік кепілдікті төлеу бойынша есептесу құқығына Қазақстанның мына азаматтары ие:

1) зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтар;

2) бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер мүмкіндігі шектелу жан ретіндегі статусы  өмір бойына өмір бойына белгіленген жағдайда зйнетақы жинағын бір сәтте шешіп ала алады. Осы кезде оған да инфляция мен кірістіліктің айырмашылығы төленуі керек;

3) зейнетақы жарнасын  сақтандыру ұйымына аударғандар зейнет  жасына толғанға дейінгі кезеңнің кепілдік төлемін талап ете алады;

4) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар – БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтаған ақшасын біржола әкете алады. Оларға да кепілдік төлем қарастырылған;

5) салымшы қайтыс болған жағдайда төлем алуға құқығы бар мұрагерлер;

6) біржолғы зейнетақы төлемін алып қойған, зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына берген адамдарғакепілдік төлем уәкілетті оператор ашқан арнайы шотына соңғы аударылған және сенімгерлік басқаруға берлген күннен бастап кезең ішінде жүзеге асырады.

Төлем сомасын есептеу үшін құжаттарды рәсімдеуге нотариалды сенімхат арқылы сенім білдірілген тұлға да құқылы.

Мемлекеттік кепілдікті қалай алуға болады?

2018 жылдың қазан айынан бастап азаматтар мемлекеттік кепілдік алу үшін ХҚКО-ға немесе "Азаматтарға арналған үкімет" порталы арқылы жүгіне алады. Ол үшін мынадай құжаттарды ұсыну қажет:өтініш; жеке басын куәландыратын құжат; алушының банктік шотының нөмірі туралы мәлімет.

Шетел азаматтары келесі құжаттарды ұсынады: өтініш; шетел төлқұжаты; банктік шот нөмірі туралы мәліметтер; шетел азаматының атынан оның сенімді тұлғасы өтініш беретін жағдайда, қажетті құжаттардың барлық көшірмелері нотариалды түрде куәландырылған болуы тиіс.

Көрсетілген өтініш негізінде салымшыға үнсіз келісім бойынша қызмет көрсетіледі.

Әрбір алушыға арнайы әзірленген әдістеме бойынша есеп жасалып, төлем адамға расымен де тиесілі болған жағдайда, ол төлемді өз банктік шотына қабылдайды.

Мысалы, биыл бірінші маусымда зейнет жасына келіп, мемлекеттік корпорациядағы инфляция деңгейін есепке алғандағы жинақталған сомаңызды есептетсеңіз 5 577 889,00 теңге болған екен дейік.  Ал инвестициялық табысты есепке алғандағы зейнетақы жинақтарының сомасы 5 579 864,00 теңген болған. Демек, инфляция деңгейінен жинағыңыздың кірістілігі 1 975 теңге артық деген сөз. Бұл жағдайда сізге ешқандай кепілдік төлем берілмейді. Ал керісінше, инфляция деңгейі кірістілік деңгейінен 1 975 теңге артық болса, мемлекет сізге сол соманы төлеуге міндетті болар еді.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу