Қазақстандықтардың жалақысы "көбейетін" болды

598

Кей азаматтар санатының алатын ақшасы керісінше, қатты төмендеуі мүмкін.

Қазақстандықтардың жалақысы "көбейетін" болды Фото: esquire.kz

Бұл заңнамалық өзгеріс жаңа жылда күшіне енеді.

Қазіргі кезде қазақстандықтар салықтық шегерімдер арқылы ақша үнемдейді, бухгалтериялар соларды қолдана отырып, қызметкерлердің жалақысын бірер мың теңгеге болса да, көбейтіп қояды.

Алайда 2026 жылда бастап оның басым көпшілігі жойылады. Өйткені алдағы жаңа жыл мерекесінде, яғни, 1 қаңтарда жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізіледі.

Қолданыстағы ескі "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодексінің (Салық кодексі)" 342-бабына сәйкес, жеке тұлғалар мынадай салықтық шегерім түрлерін қолдануға құқылы:

  • міндетті зейнетақы жарналары түріндегі салықтық шегерім – әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында белгіленген мөлшерде;
  • міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға арналған жарналар бойынша салықтық шегерім – МӘМС туралы заңнамасында белгіленген мөлшерде;
  • стандартты салықтық шегерімдер (стандартты шегерімдер);
  • көп балалы отбасыларға арналған салықтық шегерімдер;
  • ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерім;
  • баланы оқытуға арналған салықтық шегерім;
  • медицинаға, емделуге арналған салықтық шегерім;
  • сыйақылар бойынша салықтық шегерім;
  • әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында белгіленген мөлшерде – нысанасы жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістерден ұсталатын әлеуметтік аударымдар бойынша салықтық шегерім.

Бұл ретте кодекс салық агентінде, сол сияқты жеке тұлға дербес қолданған көп балалы отбасылар үшін салықтық шегерім мен өзге шегерімдердің бір жылдағы жалпы сомасының шекті мөлшері 564 АЕК-ке (2025 жылы 2 217 648 теңгеге) дейін жеткізуге рұқсат етеді.

Нәтижесінде, кейбір адамдар бухгалтерияға тиісті анықтама-құжаттарының бәрін ұсынып, жалақысынан бір тиын салық төлемейтін. Енді жағдай өзгереді. Парламент депутаттары жаңа кодексте бұл жеңілдіктердің көбін алып тастады.

"Қазіргі уақытта Қазақстанда салықтық шегерімдердің тұтас тобы қолданыста. Азаматтар оларды жалақысына түсетін салықтық жүктемені төмендету үшін пайдаланады. Ең бастысы, заңды негізде қолдану және тиісті құжаттарды ұсыну. Шегерімді әртүрлі жағдайларда, мысалы, емделу, оқу немесе ипотека алу кезінде қолдануға болатын. Сондай-ақ, көп балалы аналар үшін жекелеген шегерімдер бар. Бірақ таяуда оның бәрі дерлік жойылады. Өйткені Үкімет пен Парламент шегерімдер тетігін оңтайландыруға шешім қабылдады", – деп түсіндірді "Учет.kz" сарапшылары.

Олар оңтайландыру "ҚР Салық кодексі" деп қысқа ғана аталатын жаңа құжаттың 2026 жылғы 1 қаңтарда күшіне енуімен бірге жүзеге асырылатынын нақтылады. Портал дерегінше, осыдан кейін қазақстандықтарға тек 3 шегерім түрі ғана қолжетімді болып қалады.

Жалпы, жаңа Салық кодексінің "Жеке салықтық шегерімдер жөніндегі жалпы ережелер" деп аталатын 401-бабы өте шағын. Ол бойынша 2026 жылдан бастап жеке тұлғалардың жеке салықтық шегерімдердің мынадай түрлерін ғана қолдануға құқығы бар:

  • әлеуметтік төлемдердің салықтық шегерімі;
  • базалық салықтық шегерім;
  • әлеуметтік салықтық шегерімдер.

Бұл жерде "базалық салықтық шегерім" барлық азаматтарға автоматты түрде қолданылады. Ол үшін анықтама жинау қажет емес, тек бухгалтерия ұсынған өтініш үлгісіне қол қойып, тапсырсаңыз жеткілікті.

"Әлеуметтік төлемдердің салықтық шегерімі" негізінен, штаттан тыс, аутстаффингте жұмыс істейтіндерге ғана жарамды. Сарапшылардың түсіндіруінше, еліміздегі жұмыс істейтін барлық қазақстандықтардың жалақысынан ай сайын, түрлі салықты төлегенге дейін әлеуметтік алым түрінде ақша ұсталады. Бұл алымдар зейнетақылық (БЖЗҚ-ға) және медициналық сақтандыру (ӘМСҚ-ке) жарналарына аударылады.

Ал, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт (ГПХ) бойынша жұмыс істейтіндерден бұған қосымша МӘСҚ-ке әлеуметтік аударымдар да ұсталады. Аталған шегерім осы соманы тек салық төлеуден ғана босатады. Тиісінше, АҚС шарты бойынша істейтін азаматтар тиын-тебен ғана үнемдейді.

"Әлеуметтік салықтық шегерімдер" мүгедектігі бар адамдар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілгендер сияқты азаматтардың белгілі, шектеулі санатына ғана тиесілі.

2026 жылы шегерімдер қалай жұмыс істейді?

Бүгінде базалық салықтық шегерім 14 айлық есептік көрсеткішке тең. Ал, келесі жылдан бастап ол айына 30 АЕК-ке дейін өседі. Осының арқасында қазақстандықтардың көбінің қолына алатын таза жалақысы да артады.

"Базалық салықтық шегерім әрбір күнтізбелік ай үшін қолданылатын тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 30 еселенген мөлшерін құрайды. Күнтізбелік жыл үшін базалық салықтық шегерімнің жалпы сомасы тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 360 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс", – делінген жаңа кодексте.

Әлеуметтік салықтық шегерім бұрынғыдай 882 АЕК көлемінде қалады. Мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар баланың ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының бірі, жетім балаларды қабылдайтын отбасы, Ұлы Отан соғысына қатысушылар, соған теңестірілген адамдар, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагері, Ауған ардагерлері, ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңес одағының орден-медальдарымен наградталғандар, 1941 жылғы 22 маусым –1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде 6 ай жұмыс істегендер – егер әлі күнге жұмыс істеп, табыс тауып жүрсе, осы шегерімнің игілігін көре алады.

І, ІІ, ІІІ-ші топтағы мүгедектігі бар адам 5 000 АЕК салықтық шегерімді қолдана алады.

Салықтық шегерім қалай ақша үнемдейді?

Мамандар шегерімнің төлем болып есептелмейтінін еске салады. Ол тек азаматтың жалақысынан, түрлі табысынан мемлекетке төлейтін алым-салығын азайтуға мүмкіндік береді.

Мысалға, жұмысшы еңбек келісімшарты бойынша 200 000 теңге жалақы алады делік. Есепшілер бұл сомадан:

  • БЖЗҚ-ға 10% міндетті зейнетақы жарнасын (20 000 теңге),
  • ӘМСҚ-ке 2% міндетті медициналық сақтандыру жарнасын (4 000 теңге, ең жоғарғы шегі 17 мың теңгеге дейін жетеді және 2027 жылдан бастап, 10 есеге артады) ұстайды.

Бұларға келесі жылы 30 АЕК (2025 жылы 117 960 теңге) мөлшерінде базалық салықтық шегерім қолданады.

Нәтижесінде, ақырғы сома 58 040 теңгені құрайды. Міне, дәл осы сомадан 10% мөлшерінде жеке табыс салығы (5 804 теңге) алынады.

Сонда қызметкер қолына таза 170 196 теңге алады. Салыстырсақ, биыл 14 АЕК базалық шегерім қолданылғанда, қызметкердің қолына алатын "таза жалақысы" 163 905 теңге болады.

Дегенмен, мамандар 2026 жылы АЕК көлемі өсетініне назар аудартады. Жаңа жылдың республикалық бюджеті әлі қабылданған жоқ, сондықтан 2026 жылы АЕК сомасы қандай болатыны әзірге белгісіз (сол себепті жоғарғы мысалда биылғы жылғы АЕК есептелінді).

АЕК-тің өсуімен бірге шегерім сомасы да артады. Тиісінше, қазақстандықтардың нақты жалақысы өзгермегенімен, олар қолына шамалы көбірек ақша ала бастайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу