Өйткені Үкімет депутаттардың бұл бастамасын бұғаттап тастапты. Неге?
Биыл Қазақстан Еңбек кодексін жаппай жаңартып жатыр. Мәжіліс өз депутаттары бастамашы болған түзетулерді қабылдап үлгерді. Ендігі сөз – сенаторларда.
Олар мақұлдағаннан кейін ұзынсонар әрі бюрократияға тән атауы бар құжат – "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң өмірге жолдама алады.
Алайда көптеген депутаттардың жаңа заңға көңілі толмай отыр. Олардың пікірінше, құжат тым шұнтиып қалды, көп тұсы сәндік-декоративтік сипатта ғана болып келеді. Заң кәсіпорын деңгейінде қалыптасқан экономикалық шындықты түбегейлі өзгертпейді.
Мәселен, заңнамалық түзетулердің басты жетістіктерінің бірі ретінде ұжым қызметкерлерін аутсорсингке шығарып, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт (АҚС шартын) бекітуге мәжбүрлеуге тыйым салу дәріптелуде. Критерийлер дәлдікпен тізілген: егер сіз белгілі бір кәсіп немесе лауазым бойынша нақты жұмыс атқарсаңыз, компанияның ішкі тәртібіне қатаң бағынсаңыз, басшыға тәуелді болсаңыз және еңбектің нәтижесіне емес, жай жұмыс істегеніңіз үшін ақы алсаңыз – осы тармақтардың кем дегенде біреуі бар болса, сізді штаттық қызметкер ретінде рәсімдеуге тиіс.
Бірақ бұл тек теория жүзінде. Ал, тәжірибеде бұл "айбатты" тыйым ағаш қылышпен семсерлескендей ғана әсер қалдырады. Әшкере болғандай, заңдағы жаңа тыйымды бұзғаны үшін ешқандай жаза-санкция қарастырылмаған екен.
Егер инспектор құрылыс алаңында жұмысшылардың АҚС шарты арқылы тау қопарып, тас қалап жүргенін, яғни, еңбек құқықтары еш қорғалмағанын анықтаса, ол... жұмыс берушіге сыпайы ғана хат жазады, бұлай жасамауды өтінеді. Жұмыс беруші оның хатын елемей, қоқысқа тастауға құқылы. Міне, мемлекеттің араласуы осымен тәмам.
"Біз мониторинг жүргіземіз. Егер АҚС шартында еңбек шартының белгілері бар болса, онда ол адаммен еңбек шартын бекітуге тиіс. Алайда мұндай шарт жасаудан бас тартса, мемлекеттік инспекторлардың басқа әкімшілік ықпал ету тетіктері жоқ. Біз жұмыс берушімен ары қарай жұмыс жүргіземіз: кеңес береміз, ескертеміз, хат жолдаймыз. Алайда айыппұл салу көзделмеген", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.
Депутаттар ең маңызды ұсыныстарын Үкіметтің жөргегінде "тұншықтырғанына" наразы. Мысалы, олар халыққа жақ болып, жалақыны көтеруге бекінді, бірақ бұл шабуылы министрлер кабинетінің граниттей міз бақпас селқостығына соғылып, быт-шыт болды. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанның мәліметінше, бір топ депутат сөз болып отырған заң жобасына жұмыс берушілерді жалақыны жыл сайын индексациялауға міндеттейтін норма енгізудің қамын жасады.
Қазіргі қолданыстағы Еңбек кодексінің 157-бабында тек "Ұжымдық шартқа жалақыны индекстеу тәртібі туралы жұмыс берушінің міндеттемелері енгізілуі мүмкін" деп жазылған. Міндеттеуден гөрі мүмкіндік қана беретін, жалтарма жауаптың нағыз жауһары дерсіз!
Индексация ұжымдық шартта болуы да мүмкін, болмауы да мүмкін. Жылына бір рет, әлде жүзжылдықта бір рет, жүз теңгеге, әлде мың теңгеге көтерілуі мүмкін – бәрі жұмыс берушінің ізгі ниетіне, арының сотына қалдырылған. Нақты талап, темірдей тәртіп деген жоқ.
Депутаттар осы бұлыңғырлықты жойып, жыл сайынғы міндетті индексацияны бұлтартпай енгізуге, бұлжытпай орындатуға тырысты. Бірақ бұл жерде Үкімет араласып, талабы талақ болды.
"Депутаттар аталған заң жобасына бастамашылық еткен кезде жалақыны жыл сайын міндетті түрде индексациялау тетігін енгізуді ұсынған еді. Алайда келісу барысында, өкінішке қарай, бұл норма Үкімет тарапынан қолдау таппай, алып тасталды. Бұл өте маңызды мәселе еді. Сондықтан алдағы уақытта басқа заң жобаларын қарау барысында бұл мәселені қайта көтерген жөн", – деп жұбатады депутат Жанарбек Әшімжанов.
Заң жобасы авторларының бірі Асхат Аймағамбетов те "болашақта бұл мәселеге қайта оралуға болар" деп сырғытты. Оның айтуынша, Еңбек кодексінде индексация туралы сөз болғанымен, оның мөлшері мен кезеңділігі белгіленбеген соң, іс жүзінде норма жұмыс істемеді.
Депутаттар бұл норманы нақтылауды ұсынған, алайда қарсылыққа тап болды. Жұмыс берушілермен бірнеше кездесу өткізілгенімен, норманы өткізу мүмкін болмаған. Үкімет теріс қорытынды берді, сонымен тынды.
"Дегенмен бұл мәселе күн тәртібінде әлі де өткір болып қала береді. Әлі де талқылаймыз. Өйткені индексация маңызды мәселе. Кем дегенде оны ұжымдық шарттың шеңберінде міндетті түрде реттеу керек. Мүмкін, болашақта бұл мәселеге қайта оралуға болатын шығар. Бірақ қазіргі кезде ақырғы шешім осындай", – деді Аймағамбетов.
Министр Асқарбек Ертаев Үкімет ұстанымын экономикамен түсіндіреді.
"Қазір ұжымдық шарттарда жалақыны тұрақты индексациялау туралы міндетті норма жоқ. Тек индексация жасау бойынша екіжақты келісім болса, оны жасауға болады. Біз оны әлі де пысықтап жатырмыз. Бірақ "Paryz" жұмыс берушілердің ұлттық конфедерациясы мен "Атамекен" палатасы жалақы көтере беруге жұмыс берушілердің барлығының бірдей шамасы жетпейді деп мәселе көтеріп жатыр. Ол бойынша талқылау, пысықтау жұмыстары жүргізілуде. Мәселе бақылауымызда. Талқылап біткеннен кейін болашақта ол мәселені Парламентте қарастыруға болар", – деп емексітті Еңбек министрі.
Заңға қатысты тағы бір сын – бастықтар мен қатардағы қызметкерлер арасындағы жалақы айырмашылығы. Мәжіліс депутаты Павел Казанцев бұл айырмашылық бірнеше есеге жететініне назар аудартты. Жаңа заң осы құрдым үстінен көпір тастауға тиіс еді. Алайда Үкімет бұл жерде де арманшыл парламентарийлер тобының талпынысын ту талақай етіп, екпінін басып тастады.
Министрдің түсіндіруінше, Парламент құптаған заң жобасындағы түзету тек бір кәсіп ішіндегі айырмашылықты жоюға ғана бағытталған. Ал, басқару иерархиясының деңгейлері арасындағы алшақтықққа тиіспейді. Біліктілігі бір мамандардың, мысалы, разряды бірдей дәнекерлеушілердің жалақысында негізсіз айырмашылық болмауға тиіс деді шенеунік. Қатардағы жұмысшыға қойылатын бұл талап бастыққа таралмайды.
Сондай-ақ әрбір мамандық бойынша ең төменгі және ең жоғары жалақы мөлшерін мемлекет бекітпейтін болды: бәрі әрбір кәсіпорынның қаржылық мүмкіндігіне байланысты.
"Халықаралық тәжірибеге сай, "Кейтц индексі" қолданылатын болады. Сондай-ақ халықаралық практикада ең төменгі және ең жоғары жалақы арасындағы дәліз 0,4-тен 0,6%-ға дейінгі арақатыспен айқындалады. Осы тәсіл негізінде ұжымдық шарттың тараптары ең төменгі жалақы мөлшерін белгілейді, әрі ол әрбір разряд бойынша жеке анықталуы тиіс. Мәселен, егер слесарьдың бес разряды болса, ұжымдық шартта бірінші, екінші, үшінші және төртінші разрядтарға тиісті жалақы мөлшері белгіленеді. Ал, ең жоғары мөлшері арақатыс арқылы айқындалады. Ұжымдық шарттағы осындай "минимум – максимум" арақатысы ақыры жалақыдағы диспропорцияларды жоюға мүмкіндік береді", – деп жұмбақтай түсіндірді министр Ертаев.
Осылайша, жаңа заң ұйым ішіндегі топ-менеджмент пен қызметкерлер арасындағы еңбекақы айырмашылығын жоюға еш ықпал етпейді.
"Ұйымдарда лауазымдар нақты сатыланады. Басшы, әдетте, ең жоғары буында тұрады, оның өз жалақы сеткасы бар, одан кейін орынбасарлары орналасады. Әр деңгейде ең төменгі және ең жоғары жалақы мөлшері белгіленеді. Қалай болғанда да, басшылық пен қатардағы қызметкерлердің жалақысы арасында айырмашылық сақталады, олар бірдей ала алмайды", – деп Еңбек министрлігінің басшысы бұл дауға нүкте қойды.
Еңбек кодексіне енгізілген түзетулерге наразы депутаттардың бірі – Нартай Сарсенғалиев. Оның дерегінше, Қазақстанда жалақыны уақытылы төлемеу мәселесі туындапты.
"Біз қоғамда наразылық барын көріп отырмыз: баға күн сайын өсіп жатыр. Біз қоғамдағы жұмыссыздық мәселесін көріп отырмыз. Осының бәрі азаматтардың лайықты өмір сүруіне мүмкіндік бермейді. Осы тұрғыда азаматтар тағы бір проблемаға тап болды: заңды түрде жұмыс істеп жатқан азаматтардың өзі уақытылы жалақыларын ала алмауда, жұмыс берушілер жалақыны уақытылы төлемейді. Салдарынан азаматтар несиелерін уақытылы жаба алмауда, сондай-ақ азық-түлікті микронесиеге алуға мәжбүр", – деді депутат.
Осы проблемаларды шешу үшін бір топ депутат заң жобасында жұмыс берушілерге қойылатын талаптарды күшейтуге талаптаныпты.
"Қазіргі кезде жұмыс беруші жұмысшыларына уақытылы жалақысын төлемесе, оған әкімшілік жаза қолданылады және азғантай ғана мөлшерде өтемақы төлеуге міндеттеледі. Біз осы өтемақының мөлшерін Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің қазіргі 1,25 есесінен 5 есесіне дейін көтеруді ұсындық. Бірақ Үкімет бұл бастаманы да қолдамады", – деп ренжиді Нартай Сарсенғалиев.