Зейнеткер Ғалия Бекәділ апай қатарынан 9 банктің клиенті.
"Балаларым ақша жинау дегенді білмейді, ебі жоқ. Содан олардың тапқанының бір бөлігін мен алып, әр банкте жинаймын. Кейбір банкте өз депозиттерім бар. Біреуінен зейнетақымды аламын. Олардың әрқайсысының мобильді қосымшаларын телефоныма орнатып алдым. Біреуінің салмағы орта есеппен 250 мегабайт тартады. Көп те емес, бірақ жинала келе, жалпы салмағы 2 гигабайттан асып кетеді. Смартфонымның жадының тез толып қалуына олар да үлкен үлес қосады да", – дейді Ғалия апай.
Осы және басқа қазақстандықтардың проблемасы таяуда шешілуі мүмкін. Себебі, барлық банктерге ортақ – жалғыз мобильді банкинг енгізіліп жатыр.
Нақтылағанда, Open Banking, немесе ашық банкинг технологиясы арқасында банк клиенттері өздерінің банк мәліметтерін басқа жеткізушілермен алмасуға қаржы ұйымдарына рұқсат береді, әртүрлі банктердегі өз мәліметтерін бір "терезеден" қарай алады.
Ұлттық банктің Ұлттық төлем корпорациясының Open Banking басқармасының бас менеджері Жанерке Айтқазының мәліметінше, банктер әлі күнге дейін жабық жүйе болып табылады. Олар өздері түзетін қаржы мәліметтерін тек өзінің ішкі қызметтерімен және сервистерімен ғана бөліседі. Басқаға бергісі келмейді. Бүгінде жағдай өзгеруде.
"Мысалы, сіз бірнеше банктің клиентісіз және әрбір банк шотындағы ақшаларыңыз туралы ақпарат алғыңыз келеді. Бұл үшін әр банктің қосымшасын бөлек-бөлек жүктеп, авторизациялануға тиіссіз. Оның әрқайсысы үшін жеке-жеке құпиясөз ойлап табуыңыз қажет. Ең қиыны сол, ақшаңызды бір банктен екіншісіне аударғыңыз келсе, әрқайсысына комиссия төлейсіз. Яғни, сіз өз ақшаңызды әрбір банктің төл шарттарына бағына отырып қана басқара аласыз", – деді маман.
Оның тұжырымдауынша, ашық банкинг бұл процедуралардың бәрін ортақ стандартқа келтірді. Ол банктер мен компанияларға клиенттің келісімімен оның қаржы мәліметтерін өзара алмасуға мүмкіндік береді.
"Осының арқасында клиент өз мәліметтерін өз бетінше реттейді. Мәселен, жүйедегі бір банктің қосымшасына кіріп, сол жерден басқа банктердің шоттарындағы қаржы қалдықтарын қарайды. Ақшасын бір шоттан екінші шотқа аударады. Банк көшірмелері мен анықтамаларын жүктеп, басқаларға көрсете алады. Банктердегі валюта бағамдарын бір жерден қарап, салыстырады. Төлем тапсырмаларын, "платежкаларды" жасап, қол қояды. Табыстары мен шығыстарын талдай алады. Мұның барлығы банктердің қызмет көрсету сапасын көтеріп қана қоймай, оны қолайды етеді, клиенттің уақыты мен ақшасын үнемдеуіне мүмкіндік береді", – деді Жанерке Айтқазы.
Мәжіліс депутаты Вера Ким таяуда Мәжіліс қабылдаған жаңа "Банктер және банк қызметі туралы" заң жобасында ашық банкингті ендіруге бағытталған баптар барын жеткізді.
"Осы ашық банкинг арқылы енді қазақстандықтар бүкіл банктегі есепшоттарын және басқасын бір қосымша арқылы басқара алады. Осы жүйе арқылы халық пен бизнес телефон нөмірі арқылы банкаралық аударымдарды лезде аудара алады. Қазіргі кезде өзге банкке телефон нөмірімен аудара алмайсыз, банк картасының нөмірін табуыңыз керек. Ашық банкинг арқылы тұтынушылар ортақ QR-кодты пайдалана алады. Осылайша, бұл жүйе қаржылық қызметтерді әлдеқайда ыңғайлы, тез әрі қолжетімді етеді", – деді мәжілісмен.
Дегенмен, депутат оның толық енгізілуіне кедергілер бар екенін нақтылады. Мысалы, өз жүйесінің дайын еместігін және өзге де сылтауларды алға тартып, банктердің басым көпшілігі оған көшкісі келмейді.
Өйткені олар әрбір клиентін өз мобильді қосымшасына – төл "экожүйесіне" тәуелді ету арқылы оған тек содан валюталарды, алтын құймаларын, акциялар мен облигацияларды және басқасын сатып алуды таңады. Түрлі жасырын жарнама орналастырады. Сондықтан мәжілісменнің пікірінше, жаңа заң жобасында банктерді ашық банкингке қосылуға міндеттеу қажет.
Депутат сондай-ақ "ашық банкинг" банктен банкке ақша аударуды тегін етпейтінін, тиісінше, клиенттер ақшасын үнемдей алмайтынын ескертті. Билік банктерді ондай табысынан айырмайды.
Бұған қоса, ашық банкингтің қаншалықты қауіпсіз екені, хакерлік және кибершабуылдардан қалай қорғалғаны белгісіз. Бұған дейін азаматтардың дербес деректері "Қазпошта", eGov.kz сияқты мемлекетке қарасты сервистерден сыртқа ағып кеткені мәлім. Егер опен банкинг жете қорғалмаса, Қазақстан тұрғындарының қаржылық құпия ақпараттары алаяқтардың қолына түседі.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов "Open banking" – бірінші кезекте клиентке бағдарланған жүйе екенін, яғни, банктерді емес, тұтынушыларды бірінші орынға қоятынын мәлімдеді.
"Біз осы арқылы әртүрлі банкте қаптаған шоты бар адамдарға "Open banking"-ке кіріп, барлық шотындағы ақша қозғалысын көруге мүмкіндік береміз. Сондай-ақ азаматтар әртүрлі банктердің қандай шарттарды, бонустарды, жаңа қызметтерді ұсынатынын осы жерден біліп, өзара салыстыра алады. Қаржыларын да емін-еркін аудара алады", – деді ҚРҰБ төрағасының орынбасары.
Ол ақша аудару үшін комиссияны жинау бұл жүйеде де қалатынын білдірді. Банктер келіспесе, ашық банкингтің тарифтерді төмендетеріне сенбейді.
"Әрине, тарифтерді қайта қарауға мүмкіндік болады. Өйткені банктер мобильді және QR аударымдарды қолданады. Нәтижесінде, халықаралық төлем жүйелерін пайдаланбайды. Осыны ескере отырып, тарифтерді төмендету туралы банктермен келіссөз жүргізуге болады. Банктер келіспесе, олардың арасындағы ақша аудару үшін жиналатын комиссияның төмендеуі неғайбыл. Бірақ біз бұл мәселені қарастыруға және банктермен пысықтауға дайынбыз. Себебі, тиімділік артса, ұсынылатын қызметтің өзіндік құны арзандаса, онда банктерден комиссияны төмендетуді талап етуге болар еді", – деп екіұшты жауап қайырды Берік Шолпанқұлов.
Ал, киберқорғаныс және дербес деректерді қорғау мәселелері Ұлттық банктің назарында болады: мәліметтердің сыртқа ағып кетуін және өкілеттіктерді теріс пайдалануды болдырмау үшін ақпарат алмасудың қорғалған тетігін құру пысықталады.
Ұлттық банк нарық қатысушыларымен бірге техникалық және тарифтік параметрлерді жетілдіру ісін жалғастырады.
Қазіргі кезде Open API технологиясына негізделген және бүгінде іске қосылған Open Banking жүйесіне жалпы саны бір қолдың саусақтарымен санап шығуға болатын бірнеше банк қана қосылғаны белгілі болды. Ұлттық банк солардың мобильді қосымшасы арқылы ашық банкингке қазірден кіруге болатынын хабарлады.
Ұлттық банк бұл жобаны толыққанды енгізуге асықпайтынын мәлімдеді. Себебі, негізгі міндет – әрбір банкті бөлек бағалап, жеке және бірте-бірте техникалық қосу.
Бұл ретте банктерден клиентке бағдарланған жүйені құруы талап етіледі. Яғни, өзге банктердің клиенттері де оның жүйесіне қашықтан қол жеткізе алуы қажет. Сондықтан, Шолпанқұловтың мәлімдеуінше, жобаны жылдам қолданысқа енгізу және оған барлық банкті тегіс қосу міндеті тұрған жоқ.