Қазақстандықтарға ипотекалық баспана қаншалықты қолжетімді?

1188

Сарапшылар елдегі тұрғын үй саясатының тиімділігіне баға берді.

Қазақстандықтарға ипотекалық баспана қаншалықты қолжетімді? Фото: canva.com

Елімізде мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар тұрғын үй нарығына қалай әсер етіп жатыр? Қазіргі баспана саясаты тиімді ме? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайтының тілшісі шолу жасады.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, сәуір айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 31 248 мәміле жасалған. Наурызға қарағанда бұл 18,4%-ға артық. Пәтерлер бойынша барлығы 23 418 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 74,9%-ын құрап отыр. Бұдан басқа өткен айда жер үйлер саудасының белсенділігі артып, жыл басынан бергі ең жоғары көрсеткіш тіркелген.

Halyk Finance сарапшыларының жазуынша, әлемде ипотека орташа және жоғары табысы бар адамдар санатына бағытталған.

"Мемлекет ипотекалық несиелердің қолжетімділігін жақсарту үшін ипотека нарығына араласқанда, мемлекеттік шаралардың басты міндеті ипотеканың табысы төмен халыққа емес, орта тап үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету болуы керек. Өкінішке қарай, Қазақстанда мемлекеттің ипотека нарығына араласуы орта тап үшін ипотеканың қолжетімділігін арттырмайтын, бірақ төмендететін тәсілмен жүріп жатыр", -дейді сарапшылар.

Төмен пайыздық мөлшерлемелер бойынша мемлекеттік қаржыландыру көлемде шектелген.

"Сондықтан үкімет мемлекеттік бағдарламаны ең әуелі табысы өте төмен халыққа арзан ипотекамен көмектесетіндей етіп жасайды. Өз кезегінде орташа табысы бар адамдар үшін ипотека нарығы дамымайды, себебі егер нарықта арзан мемлекеттік ипотека болса, ешкім қымбат нарықтық ипотека алғысы келмейді. Тұрғын үй нарығын ынталандырудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша халықаралық зерттеулерде ипотека нарығын дамытуға көп көңіл бөлінеді", - делінген зерттеуде.

Сарапшылар еліміздегі тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз етуге қатысты бұрынғы барлық мемлекеттік бағдарламалар табысы төмен халыққа бағдарланғанын айтады.

Halyk Finance мамандары ипотеканың қолжетімділігін қамтамасыз ету кез келген елдің билігі үшін көпқырлы міндет екенін алға тартады.

Айтуларынша, макроэкономикалық тұрғыдан мемлекет халықтың нақты табысының тұрақты өсуіне жағдай жасауы тиіс.

"Инфляцияны төмендету бойынша жоспарлы жұмыс қажет, оның арқасында ипотека бойынша пайыздық мөлшерлемелер төмендеп, нақты кірістер өседі. Сондай-ақ, Үкімет кедейлік пен жұмыссыздықпен белсенді күресуі керек. Бұдан бөлек көлеңкелі экономиканың деңгейін де төмендету қажет", - деп атап өтті олар.

Инвестиция және жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Лев Тетин мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар баспана нарығына тікелей әсер етеді деген пікірде.

"Қазіргі қолжетімді тұрғын үй саясатын тиімсіз деуге келеді, себебі тұрғын үй кезегінде тұрғандардың көбі өз шаршы метрін күтіп отыр. Шаршы метрге мұқтаж адамдарға арналған тұрғын үй құрылысының бірыңғай саясаты жоқ. Баспана кезегінде тұрғандар жиынтығы 80 немесе 90 миллион шаршы метрге деген қажеттілік туғызады. Тұрғын үйге мұқтаж адамдардың саны нарық ұсына алатын көрсеткіштен әлдеқайда көп. Бұл сандар қолжетімді тұрғын үй саясатының тиімсіз екенін көрсетеді", - деді ол.  

Сарапшы шет мемлекеттерде мәселе қалай шешіліп жатқанын айтты.

"Мәселен, Сингапурда барлық жылжымайтын мүліктің 95 пайызы мемлекет есебінен салынып жатыр. Кезекке тұрған адам белгілі бір критерийлер бойынша пәтерді оның жеңілдікті құны бойынша сатып алады, болашақта оны қайта сата алмайды, қорға қайтара алады. Ол келесі кезеңдегі критерийлерді орындап, жаңа пәтер ала алады, осылайша мемлекет барлық шаршы метрдің қозғалысын реттейді", - деп жалғастырды спикер.

Лев Тетиннен жыл сайын бой көтеріп жатқан тұрғын үйлер елдегі қажеттілікті қалай өтеп жатқанын сұрадық.

"Бір адамға шаққанда шаршы метр баспанамен қамтамасыз ету сияқты көрсеткіш бар. Егер еуропалық деңгейді қарайтын болсақ, онда Еуропаның талабы бойынша бір адамға 30 шаршы метр тұрғын үйден келу керек. Астана, Алматы, Шымкент сияқты мегаполистерге қарасақ, мұнда көрсеткіш 25-26 шаршы метр болады. Бірақ аймақтарда бұл сан әлдеқайда төмен. Былтыр 17 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, осылайша рекорд орнады. Алайда бұл көрсеткіш жеткіліксіз, 10 жыл ішінде қолданыстағы қажеттілікті жабу үшін біз жыл сайын 25 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруіміз керек. Бұл инфрақұрылымды қажет ететіндіктен, әзірге мұндай мүмкіндік жоқ", - деп атап өтті спикер.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу