Қазақстандықтарға неге "қара құрлық" елдері қоңырау шала бастады?

1772

Телефония саласының маманы мұның мәнін түсіндірді. 

Қазақстандықтарға неге "қара құрлық" елдері қоңырау шала бастады?

Әлеуметтік желіні пайдаланушылар бір тың мәселені талқылауда: кейінгі кезде Қазақстан азаматтарына Ботсвана, Гвинея-Бисау, Руанда және басқа да Оңтүстік, Шығыс және Батыс Африка елдерінен әлдекімдер телефон соғатынды шығарған, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Бұл мәселені елорда тұрғыны Жүсіп Бекмағамбетов көтерді.

"Соңғы кезде алыс шетелден бірнеше рет қоңырау шалынды. Ботсвана, Гвинея-Бисау дейді. Кеше +675 884 803 нөмірінен қоңырау соқты. Геолокациясы Папуа-Жаңа Гвинеядан екенін көрсетіп тұр. Шыны керек, ештеңе түсіне алмадым. Бұл не екен, түсіндіре алатын адам бар ма?", – деп қайран қалады ол.

Әлеуметтік желілерде пікір бөліскен өзге қазақстандықтар да ұқсас жағдайға кезіккенін жасырмады. Мысалы, Сәбит Әлиев мұндай нөмірлер күн сайын қоңыраулататынын, тілдессе, ар жақтағы адам қор нарығына ақша салуды ұсынатынын айтады.

Бірақ брокерлер өз нөмірін жасырмайды. Негізінен, жергілікті нөмірден хабарласады. Бұлар алаяқтарға көбірек ұқсайды.

Мұрат Қ. қоңыраулардың қысқа ғана болып келетін сипатына назар аудартады. Ол "кім екенін білу үшін" әлгіндей нөмірге кері хабарласпауға кеңес береді. Белгісіз нөмірлерге қоңырау соққан адамдарға операторлардан ондаған мың долларға дейін есепшот келген оқиғалар болған, бұл нөмірлер минуттық тарификациясы бар ақылы тілдесу қызметі болып шыққан.

Арман есімді Фейсбук пайдаланушысы мұндай жағдайда смартфонды тексеруді ұсынады: ұялы телефонда ақылы жазылымы не ақылы контенті бар қосымша орнатылған болып шығуы мүмкін. Егер белгісіз, әрі күдік келтіретін ұялы қосымша әшкереленсе, дереу жойып тастаған жөн. 

Журналист, веб-редактор Күлән Ескендірова бұл кибер-шабуыл болуы мүмкін деген пікірде: қажетсіз, қаупі бар сайттарға кірмеген дұрыс екенін жазады.

Волонтер Виктория Б. осы нөмірлерден қоңырау шалушылар шынында Қазақстанның өзінде отырғаны туралы болжам жасады: VPN және басқа да әртүрлі кедергілер мен бұғаттауларды бұзып өтіп, желіге анонимді кіруді ұйымдастыратын, интернетте шифрланған арналарды құратын технологиялар оларға кез келген елдің атын жамылуға мүмкіндік береді.

Мұндай қоңыраулар АҚШ, Мальдив аралдары, Ресей және басқа да елдерден түскен жағдайлар бар.

Еліміздегі жетекші байланыс операторы "KazTransCom" АҚ-ның заң департаментінің өкілі Әйгерім Манатова ұқсас мәселені көтеріп, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрілігіне ұсыныспен шықты.

"Біздің "KazTransCom" байланыстың транзиттік операторы болып табылады. Ол Қазақстан аумағында сымды байланыс операторларымен де, сондай-ақ ұялы байланыс операторларымен де желіде түйіседі. Сонымен бірге компанияның халықаралық байланыс операторларымен де қосылысы бар. Осы арқылы қазақстандықтардың шет елдермен байланысы қамтамасыз етіледі. Мұны айтып отырғаным, кейінгі уақытта "KazTransCom"-ға отандық ұялы операторлардан өтініштер түсе бастады: ұялы байланыс операторлары жат мемлекеттердің аумағынан жасалған ретінде тіркелетін, бірақ Қазақстанның АОН-ынан (Calling Line Identification) белгіленетін қоңырауларды тіркеп жатыр", – деді маман.

Оның түсіндіруінше, бұл компания тек транзиттік оператор рөлін атқарады және бір оператормен түйісетін тұстан екінші операторға қосылатын тұсқа дейінгі аралықта тарифті маршрутизациялауды жүзеге асырады.

"Бұл ретте біздің тарапымыздан нөмірге де, АОН форматына да ешқандай өзгеріс енгізілмейді. Бұған қоса, біз сияқты операторлар олардың қаншалықты заңды әлде заңсыз екенін анықтау үшін транзиттелетін трафикке техникалық талдау жүргізе алмайды, себебі тиісті құралдар жоқ. Біздің байламымызша, ұялы операторлар өз желілерінде тіркеп жатқан және шетелдік мемлекеттер аумағынан шалынатын қоңыраулар – жергілікті трафикті пайдалану мақсатында қазақстандық АОН-ды жасанды түрде ауыстырудың (бағдарламашылар оны "подстановка" атайды) салдары емес. Біздіңше, бұл Қазақстаннан сырт жерде, интернет арқылы SIP протоколы бойынша тіркелетін қазақстандық телефон нөмірлерін пайдаланумен байланысты", – деді сарапшы.

Оның айтуынша, нарықта кейбір байланыс операторлары қазақстандық телефон нөмірлерін әлемнің кез келген нүктесінде пайдалану қызметін ұсынатын көрінеді. Ол үшін интернет болса жетіп жатыр. Ары қарай ондай отандық телефон нөмірі SIP протоколы бойынша Қазақстанда орналасқан станцияға тіркеледі.

Бұл не үшін керек? Соның арқасында адам құны удай қымбат халықаралық қоңыраулардың құнын төлемейді: тарификация Қазақстандағы жергілікті қоңырау негізінде жүргізіледі.

Егер бұл болжам расталса, онда мұндай қоңырауларға шетелде жүрген экс-қазақстандықтардың, отандастардың қатысы болуы да ғажап емес.

Мамандардың айтуынша, цифрлық министрлік – Бағдат Мусиннің командасы бұл жөнсіздікке тосқауыл қойып тастай алады. Ол үшін қолданыстағы қосылыс ережелеріне өзгеріс енгізіп, әлгіндей қосылу тәсіліне шектеу қойғаны жөн. Сонда операторлар оны басшылыққа алып, трафик өткізу кезінде бұл тәрізді қосылыстарға тоқтау салып, бұғаттайды.

Ондай өзгеріс жасалмаса, қазақстандықтардың ұялы телефонына әлемнің әр түкпірінен қоңырау шалынуы жалғаспақ. Сарапшылар белгісіз шетелдік нөмірден соғылған қоңырауға жауап бермеуді, елемеуді ұсынады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу