Қазақстандықтарға үндеу жасаған Беларусь блогерінің басы бәлеге қалды

637

Еуразиялық одақ бойынша серіктес елдің блогеріне Қазақстан халықаралық іздеу жариялады. 

Қазақстандықтарға үндеу жасаған Беларусь блогерінің басы бәлеге қалды Фото: mellstroy/instagram

Ол не бүлдіріп қойды?

Mellstroy бүркеншік атымен танымал стримерге Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті іздеу жариялады. Жанжал дегенді жаны сүйіп тұратын беларустік блогерге қатысты карточка ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында екі күн бұрын пайда болды.

Блогер Mellstroy-дың шын аты – Бурим Андрей Александрович. Алайда Centralmedia24 назар аудартқандай, қазақстандық күш құрылымдарының оның ізіне не себепті шам алып түскені әлі күнге белгісіз.

"Туған күні 15.12.1998. Жынысы: ер. ТМД, Беларусь азаматы. Іздеу ісі 2025 жылғы 15 қарашада "Астана" өңірінде тіркелген. Бастамашысы: Қаржылық мониторинг агенттігі. Іздеу жүргізуші орган: ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті (тел. 87172708479)", – деген қысқаша ақпарат орналастырылды аталған порталда.

ҚМА іздеу жариялау себебін алдағы күндері мәлімдейтінін жеткізді. Дегенмен, бұл шара Mellstroy-дың өз жазылушылары арасында өткізген және өзі "конкурс" деп атаған соңғы әрекетімен байланысты болуы мүмкін.

Стример онлайн-казиносын ілгерілетіп жатыр. Оны жарнамалау мақсатында Андрей Бурим соның ішінде қазақстандық жазылушыларына да үндеу жасап, өзінің осы бизнесі туралы барынша мақтап, қызықты, әрі аса тапқырлықпен әңгімелеп, бейнеролик жасаған "фолловерлеріне" бір-бір пәтерден үлестіруге уәде етті.

Life.ru мәліметінше, Mellstroy 30 пәтер мен 1,5 миллион доллар сыйақы қоры бар байқау жариялады. Конкурсанттарға стример мен оның бизнесіне арналған, елді елең еткізетін жарнамалық ролик жасап, ғаламторда орналастыру талабы қойылды.

Беларустік блогер көрші Ресейді де шулатты. Оның жақтаушылары блогерлің лақапатын-никнеймін тіпті ғарыштан да көрінетіндей алып жазулармен орналастырған. Бұл әрекет ресейлік биліктің шұғыл реакциясын туғызды: "Меллстрой" компаниясының Ресейдегі барлық активтері бұғатталды.

Бұл байқаусымаққа тек Беларусь тұрғындары ғана емес, басқа мемлекеттердің, соның ішінде Қазақстанның да азаматтары қатысқан.

Өз кезегінде ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан заңнамасына сәйкес елімізде онлайн-казино қызметіне тыйым салынғанын, ал букмекерлік қызметтер тиісті лицензия болған жағдайда ғана көрсетілетінін ескертті.

"Егер сіз өкілеттіктерді теріс пайдалану, қаражатты жымқыру немесе басқа да экономикалық құқық бұзушылықтар фактілері жайлы білсеңіз, "АФМ Insider" (https://t.me/afm_insider_bot) телеграм ботына хабарлауыңызды сұраймыз. Анонимділікке кепілдік беріледі", – делінген агенттіктің ресми сайтында.

Mellstroy елдің үрейін ұшыратын треш-стримдерімен атын шығарған блогер. Онда жүргізушілер арандатушылық әрі жиіркенішті әрекеттерге, адамның есін шығаратын қадамдарға, кейде өзін-өзі немесе қасындағы адамдарды азаптауға құрылған контентпен, жын-ойнақ донаттық жиын-кештермен, тиісті онлайн-трансляциялармен жазылушыларынан ақша жинайды.

Оның негізгі аудиториясы – негізінен ТМД елдеріндегі орыстілді жастар. Биылғы қараша айында бұл блогер тіпті өз отанында – Беларусте зкстремист ретінде ресми танылды.

Ресейлік "Постньюс" басылымы Mellstroy-дың жеңіл жолмен баспана иеленуді армандаған миллиондаған адамды (ішінде қазақстандықтар да жетерлік) пәтер ұтыстары арқылы құмаройын құрдымына құлатып жатқанына назар аудартты.

"Треш-стример Mellstroy (Андрей Бурим) кең ауқымды ұтыс ойындарын қалқан етіп, көп миллиондық аудиториясын заңсыз құмаройын бизнесінің құрбанына айналдыруда. Бұл блогердің жобасы қаржы пирамидасы схемасымен жұмыс істейді. Бурим өзінің негізгі қызметіне және қаржы қайнарына – онлайн-казиноны жарнамалайтын трансляцияларға көрермендерді және болашақ клиенттерді көптеп тарту үшін маркетингтік әдіс-тәсілді кең қолданады. Қымбат сыйлықтар, пәтерлер осындай құрал рөлін атқарады. Осылайша, оның шын мәніндегі табысы астыртын құмаройындарын ұйымдастыруда жатыр", – деді РФ қоғамдық палатасының мүшесі Евгений Машаров.

Машаровтың түсіндіруінше, әсіресе, жас ұрпақтың жадын жаулаған Mellstroy және сол сияқты блогер-стримерлер заңды және заңсыз букмекерлер мен казинолардың қызметін ілгерілетеді, сол жарнамасы үшін тұрақты түрде миллиондаған теңге/рубль қаламақы алады.

Бұл ретте олар насихаттайтын ойынханалардың табыстары жүздеген миллиард, тіпті триллиондаған теңгемен есептеледі. Айта кету керек, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз ойын бизнесін анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.

Соңғы екі жылда:

·      105 сотқа дейінгі тергеу тіркелген;

·      22 жасырын казино, 65 ойын залы және 441 терминал жойылды;

·      "Кибербақылау" жүйесінде 33 мыңнан астам онлайн-казино сілтемелері бұғатталды;

·      заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін 166 адам сотталды.

Таяуда ҚМА-ның Алматы қаласы бойынша департаменті "PokStars" және "LuckyShark" атты заңсыз онлайн-құмаройындарын ұйымдастырған тұлғалар тобына қатысты тергеуді аяқтады. Клиенттерден ставкалар банк арқылы қабылданып, содан соң ғана ойыншыларға жүйеге кіру үшін логин мен құпиясөз берілген.

"Қаржылық операциялар ұйымдастырушылардың туыстарының, үшінші тұлғалардың, соның ішінде шетел азаматтарының, дропперлердің атына рәсімделген банк карталары арқылы жүргізілген. Жаңа ойыншыларды тарту мақсатында әлеуметтік желілерде ойын клубын жарнамалайтын нысаналы жарнама қолданылған. Сот үкімімен үш кінәлі тұлға 2 жыл 6 айдан 4 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Мемлекет пайдасына 116 млн теңге көлеміндегі заңсыз табыс пен "ZEEKR" маркалы автокөлік тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді", – деп хабарлады агенттік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу