Азаматтарға жұмыс орнына бармай тұрақты түрде еңбекақы алуға заң жүзінде рұқсат етілді. Алайда, таңазаннан кеңсеге асыққан қауымның қатары әлі де сиреген жоқ. Ресми деректерге сүйенсек, қашықтан жұмыс істеу режимін таңдағандардың саны елімізде 45 мыңға да жетер-жетпес. Бұл – цифрлы дәуірдің мүмкіндігін елемеу ме, әлде адам жанының үйреншікті ортаға байланған әдеті ме?
Еркіндік пе, әлде еңбекке байланған жалғыздық па?
Сәулетші Ғазиз Оспанұлы 2020 жылдан бері қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауысты. Бастапқыда кейіпкеріміздің өзіне тиесілі шағын кабинеті болған. Кейін фирмасы ірі құрылыс холдингінің құрамына кіріпті.
Бірігу үдерісі аяқталған соң бірнеше компания бір ортаға шоғырланып, open space үлгісіндегі кеңседе шоғырланды. Мұндай кеңістікте күрделі қабырғамен бөлінген жеке бөлмелер де, құлыппен жабылатын есіктер де болмайды. Тек құпия құжаттар сақталатын сейф қарастырылған.
Бір ғана кең залда қаптаған қызметкер иық тірестіре, қоян-қолтық еңбек етеді. Бұл жұмыс үлгісі командалық рухты күшейтіп, еркін қарым-қатынас орнатуға және кеңістікті үнемдеуге мүмкіндік береді деп есептеледі.
"Мен, өз басым, бала кезден адам көп жиналатын ортаға онша үйренісе алмадым. Бізде бір ғана кофе машинасы болды, сусыны тез таусылып қалатын. Ортақ тоңазытқышқа қалдырған түскі асыңды біреу жымқырып кететін кездер болды. Қолайсыздық көп еді. Кондиционерлер алып залды салқындатып үлгермейді. Қыста желдету үшін терезені ашсаң, жанындағы адам тоңып, тез жауып тастайды. Содан өзің де ыстықтан терге малшынып, өзгенің де күлімсі иісін иіскеп отырғаның. Шудан да әбден бас ауырып, кешке үйге қалжырап қайтатынмын. Мең-зең күйде жұмысқа құлық қайдан болсын?", – дейді Ғазиз.
Өркениеттің "ашық кеңсе" үлгісі кейде жеке кеңістіктің қадірін білетін шығармашылық адамы үшін рухани абақтыға айналатындай. Сол себепті пандемия кезінде туындаған мүмкіндікті пайдаланып, қашықтан жұмыс істеуге көшіп кеткен. Ал, 2025 жылы заң жүзінде рұқсат етілген соң бұл шешімін ресми түрде рәсімдеді.
Маман бұл жұмыс түрі екінің біріне жарай бермейтінін әңгімеледі: "кеңседен алшақтаған" 16 адамның жетеуі кейін жұмыстан шыққан. Екеуі кері оралған.
Үйдегі кеңсе: келіссөз бен тәртіп
Қашықтан жұмыс істеу – тек шәй ішіп, диванда жату емес. Бұл ең алдымен қатал ішкі тәртіп. Тіпті туған шаңырағыңда жарыңмен "келіссөз үстеліне" отыруға тура келеді. Еркіндіктің құны – жауапкершілік. Өзін билей алмаған адамның өзгенің ісін өрге бастыруы екіталай.
"Адамда ішкі тәртіп болуы шарт. Әйтпесе, қашықтан жұмыста іс божырайды. Әйелім бастапқыда: "Сен бәрібір үйде отырсың ғой!" деп, балаларды балабақша мен мектепке апарып, алып келуді, дүкеннен азық-түлік тасуды маған ысыра салатынды шығарды. Онымен "келіссөз үстеліне" отырып, жағдайды түсіндіріп, үй шаруашылығын әділ бөлістік. Қашықтан жұмыс кезінде өнімділігім күрт артты. Бүгінде үш ұйымға жұмыс істеймін. Қалада жеке кеңсе жалдадым. Енді өз кабинетім бар. Меніңше, болашақта кеңселерде тек жұртпен араласып, әңгіме-дүкен құрғанды жаны сүйетіндер ғана қалады", – деген ойда Ғазиз.
Техникалық тұсау және "төрт қабырға" қыспағы
Әлеуметтік желідегі пікірлерге үңілсек, Балиде отырып жұмыс істеуді армандайтындар көп-ақ. Бірақ графист-дизайнер Сергейдің базынасы көптің көкейіндегі түйткілді дөп басты. Ол қазақстандықтардың қашықтан жұмыс істеуге көше алмауының бір себебін алға тартты.
"Мен қуана-қуана қашықтан, шартты түрде Балиде отырып, рахаттана жұмыс істегім келеді. Бірақ "кадровигім" кесіп айтты: барлық шығыныңды өзің көтересің! Ал, маған қызмет етуім үшін қуатты компьютер, сондай-ақ ең құрығанда, Adobe Photoshop, Adobe Illustrator, Adobe InDesign, Figma сияқты жазылымы ақылы, жаңартылуы уақытылы бағдарламалық қамтылым, қаріптері мен мокаптары бар ресурстар кітапханасы, бұлтты сервистер және басқасы керек. Қашыққа кетсем, маған тіпті кеңсе тауарларын өз қаржыма сатып алуға тура келеді", – дейді графикалық дизайнер Сергей.
Сонымен қатар, қашықтағы қызметкердің басты жауы – ақпараттық оқшаулану. Кейбір адамдар өзін командадан шеттеп қалғандай сезінеді екен: мысалы, ұжымдағылар қызу пікірталастар мен қызықты сәттермен, түрлі іс-шаралар мен жиындарда не айтылып, не қойылғаны туралы мәліметпен Уатсапп, Телеграмм топтарында бөлісе бермейді.
Сондай-ақ кеңседегілерге қарағанда, қашықтан істейтіндердің жұмыс ауқымы көбірек екені анықталды. Өйткені оларға жеке тапсырма беріледі, жалақысы, сыйлықақысы, KPI және басқа көрсеткіштері соны толық ауқымда әрі сапалы орындағанына байланысты болады. Ал, кеңседегілер ортақ жұмысты бір-біріне сырғыта салып жатады. Әрі үйіне жұмыс алмайды, кешкі алтыда тып-тыныш тайып тұрады.
Қашықтан жұмыс: заң не дейді?
Еңбек кодексінің жаңарған 138-бабына сәйкес, бүгінде қашықтан жұмыс істеу еңбек шартын жасасу кезінде де, сондай-ақ оның қолданылу барысында да – шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы бекітіле алады. Бұл туралы Еңбек министрлігі хабарлады.
"Кодекс бір ұжымда қашықтан жұмыс істеуге рұқсат етілетін тұлғалар санын шектемейді. Сондықтан ол тараптардың келісімі бойынша қызметкерлердің кез келген санатына қолданылуы мүмкін. Өмірде қашықтан жұмыс істеу режимі көбінесе жұмысын балаларына күтім жасаумен қатар алып жүретін қызметкерлерге, уақытша еңбекке жарамсыз адамдарға немесе шалғай елді мекендерде тұратын мамандарға көбірек қолданылады", – деп мәлім етті ведомство.
Министрлік бұл қызметкерлерге де жұмыс кестесі сақталатынын ескертті. Яғни, бастықтың оған түн ішінде қоңырау шалып, шұғыл тапсырма жүктеуіне қақысы жоқ.
"Кадр қызметі қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлер үшін жұмыс уақытының ұзақтығы нормаларын сақтай отырып, жұмыс уақытының белгіленген есебін енгізеді. Бақылау ерекшеліктері еңбек шартында немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады. Бұл ретте жалақы қызметкердің біліктілігіне, орындалған жұмыстың көлемі мен сапасына қарай толық көлемде төленеді", – деді Еңбекмині.
Жаңа заңнама бойынша Қазақстанда ТЖ немесе әскери жағдай жарияланса, карантин енгізілсе немесе қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өзге де шектеу шаралары болса, жұмыс беруші қызметкерлерді уақытша қашықтан немесе аралас жұмыс форматына ауыстыруға құқылы.
Бұл ретте жұмыс беруші қызметкерлерді қажетті құралдармен, жабдықтармен, байланыспен және бағдарламалық қамтылыммен қамтамасыз етеді, сондай-ақ еңбек міндеттерін орындауға байланысты шығындарын өтейді. Заң жазылды, бірақ оның орындалуы ескі сүрлеуден жаңылмаған басқару мәдениетіне келіп тіреледі.
Дивандағы жұмыс – дефицит: ел неге кеңседен кете алмады?
Алайда ресми статистиканы талдаған Finprom агенттігі қашықтан жұмыс форматы әзірге сұранысқа ие емес деген байламға келді. Қазақстанның еңбек нарығы "офлайнда" қалып тұр.
"Барынша дәріптелген цифрландыруға қарамастан, қашықтан жұмыс форматы әлі де жаппай сипатқа ие болмады: ол жұмыспен қамтылғандардың небәрі 0,5%-ын қамтуда. Соған қарамастан, қашықтан жұмысқа көшіп жатқан қызметкерлер саны біртіндеп, бірақ тұрақты түрде артып келеді. 2025 жыл қорытындысында Қазақстанда қашықтан жұмыс істейтіндердің саны 44,2 мың адамға жетті", – деп хабарлады агенттік.
Егер 2023 жылы қашықтан жұмыс істейтіндер саны 42,5 мың адамды құраса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 4%-ға өсті. Сонымен қатар, елдегі жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны да артып, 9,3 млн адамға жетті. Осылайша, көрсеткіштің өсуіне қарамастан, жалпы жұмыспен қамту құрылымындағы қашықтан жұмыс істейтіндердің үлесі төмен деңгейде тұрақтап қалды: 0,47%.
"Финпром" да азаматтардың бұл жұмыс түрін таңдамауына үйінде компьютер, принтер, ксерокс және басқа офистік техникасының жоқтығы, интернет пен қалааралық және халықаралық байланыстың қолжетімсіздігі кедергі екенін жеткізді.
"Қашықтан жұмыстың негізгі тосқауылы байланыс құралдары мен техника болып қалуда. Өйткені 2025 жылы қашықтаған қызметкерлердің басым бөлігі – 40 мың адам жұмыс үшін өзінің төл техникалық құралдарын пайдалануға мәжбүр болған. Жұмыс берушілері жабдықпен қамтамасыз еткендер санының артқанын да атап өткен жөн. 2023 жылғы күрт төмендеуден кейін бұл көрсеткіш қайта қалпына келе бастады: 2024 жылы ол 2,6 мың адамды құраса, 2025 жылы 4,2 мың адамға дейін өсті", – деді агенттік сарапшылары.
Кеңсеге "кісенделгендер": география мен демография
Цифрландыру туралы ұран көп болғанымен, қарапайым принтер мен жылдам интернеттің жоқтығы миллиондарды кеңсеге байлап отыр.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда қашықтан жұмыс істейтіндердің саны:
• 2021 жылы (пандемия соңы) – барлығы 53,8 мың (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санындағы үлесі 0,61%);
• 2022 жылы – 38 мың (0,42%);
• 2023 жылы – 42,5 мың (0,47%);
• 2024 жылы – 43,6 мың (0,47%);
• 2025 жылы – 44,2 мың (0,47%).
Жұмыс барысында байланыс, коммуникация құралдарымен қамтылғандар саны:
• 2021 жылы: 46,3 мың адам – өзінің байланыс/коммуникация құралдарын пайдаланды, 7,5 мыңы – жұмыс беруші ұсынған байланыс/коммуникация құралдарын пайдаланды.
• 2022 жылы: тиісінше 30,8 және 7,2 адам;
• 2023 жылы: 41,1 мың және 1,4 мың адам;
• 2024 жылы: 40,9 мың және 2,6 мың адам;
• 2025 жылы: 40 мың және 4,2 мың адам.
Қашықтан жұмыс істеушілердің әлеуметтік-демографиялық бейнесі де біршама қызықты өзгерістерді паш етті. Жұмыспен осылай қамтылғандар арасында әйелдер басым: 2025 жылы олардың саны 25,1 мың адамды құрады, ал, ерлер саны – 19,1 мың.
Аумақтық бөліністе қашықтан жұмыспен қамтудың урбанизациямен қатар өрбіп жатқаны байқалады. Егер 2024 жылы қала мен ауыл арасындағы үлес-салмақ біршама теңгерімді болса (тиісінше 22,8 мың және 20,8 мың адам), 2025 жылы айырмашылық айтарлықтай ұлғайды: қалаларда – 28,2 мың адам, ауылдық жерлерде – 16 мың адам.
Өңірлік құрылымда қашықтан жұмыс форматының таралуы біркелкі емес, бытыраңқы: 2025 жылы қашықтан жұмыспен қамтылғандар саны бойынша көшбасшылар – Түркістан облысы (8,2 мың адам), Астана (8,1 мың адам) және Алматы облысы (6,4 мың адам) болды.
Сонымен қатар, өңірлік еңбек нарықтарының құрылымында еркіндіктегілердің ең жоғары үлесі Астана мен Маңғыстау облысында (әрқайсысы 1,1%), сондай-ақ Түркістан облысында (1%) тіркелді. Алматыда қашықтан жұмыспен қамтылғандардың абсолюттік саны салыстырмалы түрде жоғары болғанымен (6 мың адам), олардың жалпы жұмыскерлер санындағы үлесі орташа деңгейде қалыпты (0,5%).
Кейбір өңірде қашықтан жұмыспен қамту әзірге дамымаған: мысалы, БҚО және Павлодар облысында көрсеткіштер нөлге жуық!
Қашықтан жұмыспен қамтылғандардың санында ерлер: 2024 жылы – 18,7 мың, 2025 жылы – 19,1 мың адам. Әйелдер: 2024 жылы – 24,9 мың, 2025 жылы – 25,1 мың адам болды.
Тұрғылықты жері бойынша қалалықтар саны: 2024 жылы – 22,8 мың, 2025 жылы – 28,2 мың адам. Ауылдықтар саны: 2024 жылы – 20,8 мың, 2025 жылы – 16 мың адам болды.
Қашықтан жұмыс істеу – ел үшін тек технологиялық жетістік емес, бұл ең алдымен қоғамның бір-біріне деген сенімі мен еркіндікке дайындығының көрсеткіші. Біздің бастықтар әзірге әрбір жұмыскерінің жүрыс-тұрысын көз жазбай бағып отырғанды, кеңседе қамап ұстағанды жөн көретін сияқты.