Қазақстанға АЭС салуға Ресейден басқа елдер де ниетті

1964

АҚШ-тан екі бірдей ұсыныс түскен. 

Қазақстанға АЭС салуға Ресейден басқа елдер де ниетті

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев Қазақстанда АЭС салу мүмкіндігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Үкімет отрысының кулуарында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берген "Самұрық-Қазына" басшысы АЭС салуға ең қолайлы орын Алматы облысындағы Үлкен кенті деген пайымын жеткізді. Бұл ойын ол былайша негіздеді.

"Қазір Алматы облысында АЭС салу мәселесі қарастырылып жатыр. Үлкен кенті – ұлттық электр желісінің топографиясы тұрғысынан ең қолайлы алаң. 500 киловольттік желі де, "Оңтүстік-ГРЭСС 500" негізгі қосалқы стансасы да сонда орналасқан. Демек бұл алаң базалық қуаттарды шоғырландыруға өте ыңғайлы. Солтүстік-оңтүстік бағытындағы электр энергиясы транзитін тұрақтандыруға да ыңғайлы және Орталық Қазақстан – Қарағанды, Солтүстік – Оңтүстік транзиті бойынша елдің оңтүстік өңірлеріне электр энергиясын қайта бөлу мүмкіндігін туғызады", – деді ол Үкімет отырысынан кейін.

Оның мәліметі бойынша, Қазақстанда АЭС салуға талпынып отырған жалғыз Ресей ғана емес. Тіпті Америкалық компаниялардан екі бірдей ұсыныс түскен екен.

"Ресейден, Қытайдан, Франциядан ұсыныстар бар. Америкалық жабдық өндірушілерден екі ұсыныс түсті. Солардың қайсысын таңдаймыз деген мәселе бойынша шешім қабылдар кезде бүкіл жайттар ескеріледі. Қолданылатын технологиялардың қауіпсіздігі, үміткер компанияның нарықта дәл осындай тәсілмен орнатқан неше стансасы жұмыс істеп тұрғаны, сондай-ақ, баға мәселесі, қолданылатын отынды Қазақстанның өзінде шығару мүмкіндігі ескеріледі", – деді қордың басшысы.

Айтуынша, Қазақстан тарапы АЭС жобасын ұсынушыларға нысан тұтынатын отын қазақстандық өнім болу керек деген шарт қоймақшы. 

"Біз атом стансасын салған кезде міндетті шарт ретінде отын таблеткалары Қазақстанда шығарылуы керек деген талап қоямыз", – деді Алмасадам Сатқалиев.

"Самұрық-Қазына" басшысының  бүгінгі жауабын ресейлік ақпарат құралдары да жарыса жазып жатыр. Әсіресе Алмасадам Сатқалиевтің Ресейге қатысты айтқан тұстарын айрықша белгілеп көрсетуде. Журналистердің сауалына жауап бер келіп, қор басшысы 15 жыл бұрын МАГАТЭ басшыларының айтқан сөзі есіне алған болатын.

"Сол кезде МАГАТЭ бізге электр желілерін дамыту ерекшелігіне, біздің энергия жүйеміздің кернеу санатына, білікті кадрларды даярлау мүмкіндігіне, логистикалық факторларды сүйене отырып, Ресейді ұсынды", – деді ол.

Алайда Қазақстан Үкіметі түбегейлі шешім қабылдаған кезде бұдан да басқа факторларды есепке алатынын ескертті.

Бұдан кейін ол атом энергетикасының тиімділігі туралы ұзын-сонар мәлімет келтірді. Сол ойын дәлелдеу үшін Қазақстанға оған қажет уранның қоры мол екенін және өндірісі жақсы жолға қойылғанын еске салды.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу