Қазақстанға аграрлық держава мәртебесінен айырылу қаупі төніп тұр

221

Саладағы шексіз дау-дамай мен айғай-шудың аясында қарапайым егінші мен малшының жанайқайын тыңдар құлақ қалмай барады.

Қазақстанға аграрлық держава мәртебесінен айырылу қаупі төніп тұр Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Таяуда ғана Үкімет агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) қаржыландырудың "қызықтарын" тексеріп, кенеттен керемет "шошынды". Аудит нәтижесінде 2023-2024 жылдар аралығында анықталған бұзушылықтардың жалпы ауқымы 300 млрд теңгеге жетті. Соның ішінде бюджеттің тікелей шығыны – 32 млрд теңге. 2 жылда АӨК-ті мемлекеттік қолдау шараларына шамамен 1,2 трлн теңге бөлінген екен.

Егер бұрқыраған бюрократиялық құйынды сейілтіп қарасақ, 1,2 трлн теңгенің ішінен бюджетке келтірілген залал – 32 млрд теңге екен. Бұл – 2,6%-ы. Яғни, мәселе бар, бірақ оның ауқымы қоғамда резонанстық дауыл туғызуға емес, байыпты талдау жасауға негіз еді.

Қаржы министрі Мәди Такиев осы қомақты қаражаттың күтілген экономикалық нәтиже мен халыққа нақты қайыр әкелмей жұмсалатыны жөнінде байлам жасады. Тексеру қорытындысында бірқатар жүйелі бұзушылықтар анықталған: 5,5 млрд теңгенің көлеңкелі схемалары, 11 өңірде бір малды қайта-қайта "сату" арқылы жасалған 808,1 млн теңгелік жалған операциялар әшкереленді.

Инвестициялық жобалар бойынша 13,3 млрд теңгеге заңбұзушылық тіркелген. Сатып алынды делінген жабдықтар жеткізілмеген, жұмыстарға ақысы төленген, бірақ онысы іс жүзінде орындалмаған.

Бұған дейін АӨК саласында өз аудитін Жоғары аудиторлық палата да жүргізген еді. Оның ашқан "картинасы" сюрреализмге ұқсас: субсидиялар әрекетсіз банкрот кәсіпорындарға, жалған фирмаларға, тіпті қайтыс болған адамдарға "берілген". Мәселен, 254 млн теңге олжалаған 148 өтінімнің иесі саналған субъектілер шынында әлдеқашан таратылған болып шықты. Ал, Түркістан облысы мен Шымкентте 968 субъект қызметін тоқтатса да, субсидия алуды жалғастырған.

Жоғары аудиторлық палата бұдан да әріге құлаш ұрып, субсидия алушылардың арасынан ауыл шаруашылығына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мамандық иелерін тапты. ЭҚЖЖ-сы (ОКЭД) ауыл шаруашылығына мүлде сәйкес келмейтін тұлғаларға да субсидия берілген. Басқаша айтқанда, тіс дәрігерлері мен өрт сөндірушілер тыңайтқыш пен малға субсидия "алыпты".

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек коррупция ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесінің төріне шығып алғанына сенімді.

"Жоқ! Аудиторлық есептер субсидия ұрлау, алаяқтық, талан-тараж деректеріне, әкімдіктердегі шенеуніктер мен ауыл шаруашылығы субъектілерінің қатысуымен жасалған сорақы заңсыздықтарға толы. Оқысаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады. Соған қарамастан, бар болғаны 4 эпизод бойынша ғана құқық қорғау органдарынан іс қозғау сұралған. Бұл не деген рақымшылық, не деген жомарттық? Мал ұстайтын қарапайым ауылдықтар мен шаруа қожалықтарының субсидия ала алмай зар илеуі үйреншікті көрініске айналды. Кейбір ірі кәсіпорындардың құрылтайшылары бұған дейін бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталған, бірақ соған қарамастан субсидия алуды жалғастырып келеді", – деп қынжылды мәжілісмен.

Берекеге емес, берешекке батыруда

"Жығылғанға жұдырық" дегендей, талапты қатайтқан шенеуніктер төл қарызын жабатын емес. 2026 жылдың басында мемлекеттің фермерлер алдындағы субсидия бойынша берешегі 341 миллиард теңгеден асып кетті. Мұндай алапат қарыздың жиналуына 2023 жылы осы төлемдерді қаржыландыру функциясының республикалық бюджеттен жергілікті деңгейге берілуі себеп болған.

Көптеген облыстардың қазынасында, әсіресе ауыл шаруашылығына маманданған солтүстік өңірлерде субсидия бойынша төлемдерді толық әрі уақытылы аударуға қаржылай ресурсы жетіспейді, қазынасы тақұл-тұқыл, деп жазды Eldala.kz.

Фермерлер алдында ең үлкен қарыз батпағына батқан өңір – Қостанай облысы: берешегі 83 миллиард теңге. Соның ішінде шамамен 23 миллиарды ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға тиесілі. Яғни, фермерлер мемлекет уәде еткен 6% орнына 22-25% көлеміндегі толық несие мөлшерлемесін төлеуге мәжбүр.

Күйзелісті жағдайдан зардап шеккендер арасында облыс егістігінің жартысына жуығын – 2,2 млн гектарды өңдейтін 570 ауыл шаруашылығы құрылымы бар. Мұндай ауыртпалыққа бәрі бірдей шыдай алмады, кейбір борышкерлерге лизинг берушілер төлем бойынша дефолт жариялай бастаған. Аграршылардың жаппай банкротқа ұшырауы саланың күйреу қаупін күшейтеді.

Сарапшылар мен депутаттар қордаланған бүкіл қарызды республикалық бюджеттен шұғыл өтеуді ұсынады. әрі қарай мемлекеттің жаңа қарызы жинақталмауы үшін пайыздық ставканы субсидиялау бағдарламасын жауып, оның орнына барлық келісімшарттарды 12,6% деңгейінде бекітілген ставкаға көшірген жөн. Жаңа шарттар да осы мөлшерлемемен бекітілуге тиіс. Фермерлер мұндай ставканы өз бетінше өтеуге дайын. Сонда болашақта бюджетке түсетін салмақ азаяр еді.

"Жалпы, ауылды сынау емес, бірінші кезекте қорғау керек. Ауылды қорғау ‒ ұлтты қорғау. Антикоррупциялық орган, Экономикалық тергеу департаменті ауылдағы "шықпа жаным, шықпа" деп отырған шаруа қожалықтарының соңына түсуін қою керек. Егер жемқорлықтың ізін аңдыса, онда басқа тісі үшкір шортандарды, аузы үлкен жайындарды ауласын", – дейді мәжілісмен Аманжол Әлтай.

Алайда, шенеуніктердің бағыты бөлек: бақылауды күшейту, субсидияға тосқауыл қою бағытында алға шауып барады. Енді малды ерте сойып тастау фактілері үшін фермерлерден ақшаны кері қайтару талап етілетін болады. Субсидия есебінен алынған мал басына бақылау күшейтілді.

Мәселен, өзге облыстардағы әріптестері қатарлы Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары да өңірдің барлық аудандарын аралап, фермерлерге негізгі талапты түсіндірді: субсидияланған мал басы кемінде 2 жыл сақталып, мақсатты түрде пайдаланылуға, яғни, сүт-май беруге тиіс.

"Тексеру барысында кейбір фермердің сатып алынған асыл тұқымды малға тиісті күтім жасамайтыны әшкереленді. Кейбір жағдайда жануарлар етке өткізілгенге ұқсайды. Мұндай жағдайларда мемлекеттік субсидиялар қайтарылуға жатады", – деп түсіндірді облыстық әкімдік.

Құлаққа қисынды естіледі. Бірақ фермерлер ол малды етке жерік болғаннан емес, еріксізден соятынын алға тартады: "Мал жаятын жайылым қайда?!" Мемлекет әлі күнге оларды жеткілікті жайылыммен қамтамасыз ете алмай отыр.

Мұндағы мемлекеттік "борыш" миллиондаған гектармен саналады. Бұл мәселе Жер ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі республикалық комиссияның 2026 жылғы бірінші отырысының күн тәртібіне шығарылды. Оған Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин төрағалық етті.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов хабарлағандай, 2025 жылы әкімдіктер 1,3 млн гектар жайылымды халықтың ортақ пайдалануына тапсырған. Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару, мал басын есепке алуды нақтылау, елді мекендер шекарасын орманнан кеңейту, учаскелерді резервке қою есебінен жайылым тапшылығы азайтылды, алайда бәрібір 3,5 млн гектар жайылым жетіспейді.

Бұл мәселені негізгі реттеу құралы ретінде "Жайылымдарды басқару жоспары" қолға алынған. Дегенмен, ол тетіктің де адымы ашылмады: елде барлығы 198 аудан бар, 2026 жылдың басына қарай соның тек 157-сінде ғана аталған жоспар бекітілген. Бұл жергілікті жерде жайылымдарды басқару тиімділігін төмендетті.

Отырыстың қорытындысында Серік Жұманғарин жер ресурстарын басқару комитетіне 3,5 млн гектар жайылым тапшылығы мәселесін осы жылдың соңына дейін шешуді, оларды мақсатты түрде бекітуді және тозған жерлерді қалпына келтіру жұмыстарын бастауды тапсырды.

"Біз мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын іске қосып жатырмыз, бірақ халыққа жайылым жетпесе ол іске аспайды! Мемлекетке қайтарылған жерлер жайылымға жарамды болуға тиіс, тек қағаз жүзінде есепке алып, тастай салмау керек. Деградацияланған жайылымдарды қалпына келтіру және көпжылдық шөптерді қайта егу міндеті осы 2026 жылда шешілуге тиіс", – деп нықтады вице-премьер.

Мұндай оптимизм құрмет лайық. Алайда статистика соншалық жігерлендірмейді: Жұманғарин үміт артқан көпжылдық шөптерді өсіруге салынған инвестиция көлемі 37%-ға құлдырап, 2024 жылғы 7,2 млрд теңгеден 2025 жылы 4,6 млрд теңгеге дейін кеміп кетті.

Макродеңгейде де жағдай мәз емес: Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылы ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестиция 1,1 трлн теңгені құрады. Әйтсе де, саладағы салымдардың негізгі бөлігі бұрынғыдай бизнестің өз қаражаты есебінен қалыптасқан – 733,7 млрд теңге. Бірақ оның өсу қарқыны басқа салалардан көш кейін қалып қойды: өзгенің орташа көрсеткішінен төмен.

Тығырықтан шығудың жолын іздеген ауыл кәсіпкерлері банктік емес құрылымдардың құшағына құлауға мәжбүр: микроқарыз көлемі бір жылда 32,9%-ға өсіп, ғаламат 343,9 млрд теңгеге жеткен.

Банк секторы да ерекше "ынтамен" қимылдап, ауыл бизнесін берекеге емес, берешекке белшеден батыруда. Көрсеткішті бір жылда 59,5% өсіріп, банктік кредиттердің жалпы көлемін 46,3 млрд теңгеге жеткізді.

Кәсіпкерлер мемлекеттік қолдауды лажсыздан қарызбен алмастырып жатыр: бұл ресурс оған қымбатқа түседі әрі тәуекелі де жоғары. Өйтпегенде қайтсін: 2025 жылы жергілікті бюджеттерден ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінген қаржы пайызы тұрғысынан өскенімен, абсолюттік мәнде мардымсыз күйінде қалды: 2025 жылы бүкіл республика көлемінде бар болғаны 2 млрд теңге таратылды.

Осының аясында ауыл шаруашылығындағы жұмыспен қамту көлемі қысқаруда және мұнда ЖИ-дің ықпалы жоқ. 2025 жылдың соңында қызметкерлердің тізімдік саны 63,3 мың адамға, нақты саны 60,1 мың адамға дейін төмендеді. Бір жылда тиісінше 1,8% және 2,1% азайған.

Өйткені енгізілген жаңа талап бойынша субсидия алғысы келетін ауыл шаруашылығы өндірушілері соған дейінгі 2 жыл бойы біріншіден – салықты, екіншіден – жұмысшыларына төлейтін жалақы көлемін төмендетпеуге тиіс. Төмендетсе, субсидиядан қағылады.

Еңбекақы қорын және салықты формалды түрде кемітпеу әрі субсидиядан айырылмау үшін бизнес штат санын "оңтайландырып" жатыр. Жұмыс орындарының санын азайтпа деген талап жоқ.

Осылайша, қағаз бетіндегі "жетістіктер" мен шындықтың арасындағы алшақтық күн өткен сайын тереңдеп барады. Ал, біз болсақ, неге дүкендегі ет пен сүт қымбаттап кетті деп таңғаламыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу