Қазақстанға біріккен күрес әлемінің техникалық делегациясы келіп кетті

1477

Сапардың басты мақсаты - күрес түрлері бойынша алдағы лицензиялық әлем чемпионатына дайындық бойынша ұйымдастыру жұмыстарының барысымен танысу болды.

Қазақстанға біріккен күрес әлемінің техникалық делегациясы келіп кетті Фото: olympic.kz

Қазақстанның елордасы Нұр-сұлтан қаласына , Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) мүшесі, UWW президенті Ненад Лалович мырзаның басшылығымен Біріккен күрес әлемінің (UWW) техникалық делегациясы келіп кетті, деп хабарлайды Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі.  Делегация құрамына әлем чемпионаттарын өткізу, сондай-ақ телевизиялық хабар тарату бойынша халықаралық сарапшылар мен кеңесшілер кірген.

Сапардың басты мақсаты - күрес түрлері бойынша алдағы лицензиялық әлем чемпионатына дайындық бойынша ұйымдастыру жұмыстарының барысымен танысу болды.

UWW делегациясының сапары барысында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев пен грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының басшысы Сауат Мыңбаевпен кездесу өтті.
"Қазақстан әлем чемпионатын ұйымдастыруға қызу дайындық жүргізіп жатыр. Жақында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан федерациясы мен елорда әкімдігі басшылығының қатысуымен арнайы жиын өткізіп, онда осынау маңызды жарысты өткізуге дайындықты талқыладық. Чемпионатты ұйымдастыру штабы Біріккен күрес әлемімен тығыз байланыста. Ненад Лалович мырза Нұр-Сұлтанға келіп, бізбен кездесуге және ұйымдастыру жұмыстарының барысымен танысуға ниет білдірді. Біз осы ауқымды және жауапты турнирді жоғары деңгейде өткізуге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз", - деп атап өтті Қазақстан ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев.

Кездесу кезінде UWW-дің Минскідегі атқарушы комитетінің отырысында Qazaq Kuresi халықаралық федерациясын тану мәселесі тағы қаралып, қыркүйек айында UWW-дің Нұр-Сұлтан қаласында бюро отырысында түпкілікті бекітілетіні белгілі болды.  

Өз кезегінде UWW басшысы Ненад Лалович Қазақстанға әлем чемпионатына қарқынды және жемісті дайындықтары үшін алғысын білдіріп, алдағы жарыс қиындықсыз өтетініне сенім білдірді.

"Қазақстан күрес әлемінде біздің спорт түрінде үлкен дәстүрлер мен жоғары әлеуеті бар танымал мемлекет. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында мұнда грек-рим, еркін және әйелдер күресінен үздіктері жиналып, тартысты белдесулерде әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтайды. Сондай-ақ Олимпиада лицензияларын сарапқа салады. Қалған уақыт ішінде Нұр-сұлтан қаласы осы үлкен шараға мұқият дайындалып, үздік әлем чемпионатты ұйымдастырған қалалардың бірі болып тарихқа кіруін тілеймін", - деді Ненад Лалович.

UWW өкілдері әлем чемпионаты өтетін "Барыс-Арена" мұз сарайына барып, жарысты ұйымдастырушы комитетімен кездесті. Жиын барысында әлем чемпионатын өткізуге қатысты мәселелер пысықталды. 

Сонымен қатар UWW президенті Ненад Лалович Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас кеңсесіне де ат басын бұрды. 

2019 жылғы әлем чемпионаты 14 қыркүйекте басталады және лицензиялық мәртебеге ие. Жарыс аясында 108 олимпиадалық квота сарапқа салынады. Лицензияны 1-6 орын алған спортшылар ие бола алады. Бірінші болып кілемге грек-рим стиліндегі палуандар шығады, содан кейін әйелдер арасындағы жарыс басталады, чемпионатты еркін күрес шеберлері аяқтайды. Әлем чемпионаты 22 қыркүйекте аяқталады. Мұндай маңызды әлем чемпионатына бір мыңға жуық балуан қатысады деп күтілуде. Өткен жылғы әлем чемпионатында 850 спортшы өнер көрсетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу