Қазақстанға енді қай елдерден көлік айдап әкелу арзанға түспек

66528

Елде көлік күрт қымбаттады, азаматтар жеңілдетілген автонесиемен алуға "темір тұлпар" таппай, дал. Қарапайым халықтың арзандау "арғымақтарды" қай елдерден іздейтіні анықталды.

Қазақстанға енді қай елдерден көлік айдап әкелу арзанға түспек

Шымкент тұрғыны Мақсат ұзақ жылдан бері Моңғолиядан, Дубайдан, Грузиядан, Армениядан көлік айдап әкелумен айналысыпты. Қазір Армениямен, ішінара Қырғызстанмен шектелген. Еуразиялық одақ құрылып, шектеулер күшейгелі өзгесінен көлік тасу тиімсіз болып қалды.

"Бәрі заңды. Кедендік тазалаудан өткізіп береміз. Тасымалы, "растаможкасы", қызмет ақысы бар, 3 миллиондай теңгеге түседі. Өткен аптада Армениядан 2005 жылғы "Лексус GX 470" жол талғамайтын көлігін әкелдік. 16 мың долларға түсті. Бұл шамамен 6,8 миллион теңге. Өзге шығындары 3 млн теңгедей. Қазақстанда мұндай көліктер 13 млн теңгедан қымбатқа сатылады", – дейді Мақсат.

Оның мәліметінше, қазіргі кезде армяндық, ресейлік және қырғыз машиналарын тіркеуге қою біршама оңайлатылды.

Дегенмен кедендік баж Қазақстанда тым жоғары. Сондықтан егер азамат шетелден келген көлігін заңдастырып, бажын, утильалымын, басқа да шығыстарын төлеп, қазақстандық нөмір алса, оның құны елімізде сатылатын көліктердің құнына жуықтап қалады. Бәрібір айырмашылығы бірнеше миллион теңгедей болуы мүмкін.  

Тәуелсіз автобизнес одағы басшысының орынбасары Шыңғыс Темір де жатжұрттардан көлік таситын маманмен ақылдаса отырып, 2022 жылы шетелден, соның ішінде Грузиядан автомобиль айдап әкелудің қаншаға түсетінін есептеп шығыпты. Есеп-қисап үшін қозғалтқышының көлемі 1-ден 2 литрге дейінгі ең танымал көліктер негізге алынды. Қазақстандағы бүкіл көліктің 60%-дан астамы – осы санаттан.

"2021 жылы шығарылған жаңа "Toyota Corolla"-ны мысалға алайық. Қозғалтқышы – 1,8 литр. 8 мың шақырым ғана жүрген. Машина Руставидегі автобазарда тұр. Құны 50 218 грузин лариін немесе шамамен 16,8 мың долларды құрайды. Бұл 7,4 млн теңгедей. Саудаласуға болады. Егер оны Грузияда сатып алып, Қазақстанға әкелсек, 16,8 мың долларға қоса, 8 мың долларға түрлі алымдарды төлеу қажет болады. Сонда көлік бағасы 24 798 долларға немесе 10,9 млн теңгеге жетеді", – деді Ш.Темір.

Оның мәліметінше, алымдар құрылымы келесідей: кедендік баж бен қосылған құн салығы 4 520 доллар + утильалым 1 265 доллар + қауіпсіздік сертификаты 455 доллар + Грузияға ұшу-кері қайту, баспанада тұру, тамақтану, көлікті жеткізу шығындары – 1 818 доллар.

"Жалпы бүкіл алымдардың шығыны машинаның жарты құнына жетуі және одан асуы мүмкін. Бірақ соның өзінде Грузиядан автомобиль әкелу дәл сондай көлікті Қазақстанда сатып алудан әлдеқайда арзанға түседі. Мәселен, Kolesa.kz-те осындай автоның құны 14 миллион теңгеден қымбат екенін байқауға болады. Қазақстандықтар 1 миллионнан бірнеше миллион теңгеге дейін үнемдей алуы мүмкін. Оның үстіне автомобилдің дәрежесі, сән-салтанаты неғұрлым жоғары болған сайын оны Грузиядан тасу соғұрлым пайдалы, тиімді бола түспек", – деді Тәуелсіз автобизнес одағы басшысының орынбасары.

Автонарық мамандарының мәліметінше, сипаттамалары бірдей, бір жылғы "Toyota Camry 70" бізде 18 миллион теңге, Арменияда – 10,3 млн теңге, Грузияда – шамамен 8,9 миллион теңге тұрады. Айырмашылығы орасан зор!

Егер Тоқаевтың Жаңа Қазақстаны Назарбаевтың ескі Қазақстаны енгізген қаптаған алымдардан, шектеулерден, жоғары баждан, утильалымнан бас тартқанда, көлікті болып, табыс таба алатын қазақстандықтар саны еселеп өсіп шыға келетін еді. Алайда олай болмай тұр.

Бұл ретте ұзақ жыр қылып, әзер дегенде утилизациялық алымның азайтылуы отандық автосалондар мен автобазарларда көлік бағасына еш ықпал етпеді. Оның орнына 4 пайыздық арзан автонесие бағдарламасының қайта іске қосылуы онсыз да жетіспейтін "темір тұлпарларды" қат тауарға айналдырып, бағасын шығандатты.

Автосарапшы Алексей Алексеевтің айтуынша, көлік тапшылығына бірнеше фактор ықпал етіп отыр.

"Бірінші себеп – жартылай өткізгіштердің, микрочиптердің, өзге де электронды компоненттердің жаһандық тапшылығы. Онсыз заманауи көлік жасала алмайды. Салдарынан, дүниежүзінде, соның ішінде АҚШ, Қытай, Кореяда автоиндустрия қарқынды өсе алмай тұр. Екіншіден, Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысы жылдар бойы қалыптасқан әлемдегі экономикалық байланыстарды, логистиканы, жеткізу тізбектерін бұзуда. Бұған жаһандық қымбатшылық пен инфляция, халықтар тұрмысының төмендеуі, экономикалық дағдарыстар қосылып жатыр. Қазақстанға бұрын Ресейден жеткізіліп келген автомобиль импорты тоқтады. Керісінше, рубльдің теңгеге қатысты бағамының бұрын-соңды болмаған дәрежеде өсуі салдарынан енді ресейліктер бізге ағылып, Қазақстан нарығынан көліктерді белсене сатып алып жатыр. Осы факторлардың біріне бірі үстемеленіп, жағдайды ушықтыра түсті", – деді Алексей Алексеев.

Соның кесірінен, қазіргі кезде салондардың көбінде қолжетімді автокөлік жоқ. Сарапшының болжамынша, жағдай тек Украинадағы соғыс аяқталған соң түзеле бастауы ықтимал.

Эксперттер осындай күрделі шақта жеңілдетілген автонесиелендіру бағдарламасын қайта қолға алған биліктің ісін популистік, ақылға сыймайды деп санайды. Себебі көлік тапшы болғандықтан, автонесие алуға келген адамдарды автосалондар "машинаны ең кемі жарты жыл күтесіз" деп кері қайтаруда. Сондай-ақ Үкіметтің бұл қадамы елде коррупцияның өрістеуіне соқтырған.

"Бүгінде бұл салада қылмыстық схема белең алды. Мемлекеттік бағдарламаға қатысу бойынша кезекті сатып алуға болады. Банк қызметкерлері арқылы бағдарлама қатысушысының кезегінде қолайлы орынды 500 мың теңге ставкаға сатып ала аласыз. Құзырлы органдар бұл схеманы біліп қойып, күресуде деп естідім. Сондықтан кезекке ақы төлеп тұру қиындады. Алайда мұндай тәжірибе бар. Өйткені мемлекет бөлген миллиардтар тілек білдіргендердің бәріне бәрібір жетпейді. "Темір тұлпар" алғысы келетін, бірақ оған қаражаты жетіспейтін қазақстандықтар өте көп", – дейді А.Алексеев.

Сарапшылар Үкіметке баж салығын елеулі түрде азайтуды, тұңғыш жаңа көлігін сатып алатын азаматтарға жеңілдік жасап, утильалымнан мүлдем босатуды, еліміздің автоқұрастыру нарығын жасанды жолмен шектей бермей, шетелдік барлық автоконцерндер үшін айқара ашуды ұсынады.

Әйтпесе, мына қарқынмен болашақта Жаңа Қазақстан ескі көліктердің қараң қалған мекеніне айналып шыға келуі ғажап емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу