Қазақстанға инвесторлар тарапынан арыз көбейіп барады

3275

Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева Үкімет шетелдік инвесторлармен жұмыс істеу тетіктерін жетілдіру қажеттілігіне назар аударуы керектігін ескертті. 

Қазақстанға инвесторлар тарапынан арыз көбейіп барады Фото: Серікжан Қобыланбаев

Оның айтуынша Қазақстанның шетелдік инвесторлармен арбитраждық даулары –отандық экономикаға инвестиция тартудың тежеуші факторларының бірі болып тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Төрелік процестердің көп бөлігі ашық түрде жария өткізіледі. Ал материалдар интернетте көпшілікке қолжетімді болуы нәтижесінде шетелдік БАҚ-та теріс резонанс туындайды. Бұл ел үшін бедел болмайды",– дейді Дариға Назарбаева Үкімет басшысына жолдаған сауалында.

Жалпы төреліктермен жұмыс істеу үшін Бас прокуратурада, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінде және Әділет министрлігінде мамандандырылған бөлімдер құрылған. Инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға көмектесетін инвестициялық омбудсмен институты бар. Осыған қарамастан, Қазақстанға инвесторлардың төрелік талап-арыздарының саны ұдайы өсіп келеді. Бұл дауларда инвесторлар өздерінің құқықтары мен мүдделерін қазақстандық тарап бұзады деп мәлімдей отырып, халықаралық төреліктерге жүгінетін инвестициялық даулар басым үлесті алады.

"Әрбір арбитражды дау қазақстандық сот және құқық қорғау жүйелері үшін – "стресс-тест". Арбитраждар барысында ел экономикасының түрлі салаларындағы мемлекеттік басқарудың жүйелі кемшіліктері анықталады. Олардың қатарына уәкілетті мемлекеттік органдардың жұмыс бағдарламалары деңгейінде инвестордың міндеттемелерін айқындау тәртібі жатады. Өйткені мемлекет инвестицияларды барынша көп тартуға мүдделі болғандықтан, жауапсыз инвесторлар осы жағдайды пайдаланып, үлестес компаниялардан тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жоғары құны бойынша сатып алу арқылы инвестициялау көлемін жасанды түрде ұлғайтуы мүмкін", дейді ол.

Осыған байланысты Дариға Назарбаева инвестициялық міндеттемелерді орындаудың нақты және ашық тетігін белгілеп, оны бақылауда ұстауды ұсынды. "Осы мәселе бойынша Үкіметтің ұстанымын ұсынуды сұраймын", – дейді Дариға Назарбаева.

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу