"Қазақстанға қашып тығылған якут ақынын біреулер ұрлап кетті"

1791

Қоғамдық белсенділер оны Ресейге экстрадициялауы мүмкін деп қауіптенеді. Полиция мәлімдеме жасады.

"Қазақстанға қашып тығылған якут ақынын біреулер ұрлап кетті" Фото: theins.ru

Өткен жылғы қыркүйекте солтүстік көршіде ер-азаматтарды қанқұйлы соғысқа алу науқаны басталғанда, қазақстандық белсенділер әлеуметтік желілерде ұран тастап, Ресейде тұратын қазақтарды және түркі тілдес ұлыстардың өкілдерін Қазақстанға келіп, паналауға шақырды. Белгілі бизнесмен оларға бірнеше қалада жатақхана бөлгенін мәлімдеді. Бұл үндеу ресейлік аудиторияға кең тарады.

Алайда соған сеніп, елде бас сауғалағандарды Қазақстан шетінен ұстап, темір торға тоғыта бастағандай.

Елімізде якут белсендісі, музыкант Айхал Аммосовтың ұсталғаны белгілі болды. Дегенмен, әлеуметтік желіде "Әлдекімдер Айхалды ұрлап кетті" деп жазуда. Себебі, оны алып кеткендер қарапайым киінген адамдар екен.

"Әзірге белгілісі: азаматтық киімдегі адамдар ұстап алып, машинаға отырғызып, белгісіз бағытта алып кеткен. Соңғы кездері оны қазақстандық күш құрылымдары іздестіріп жатқан болатын", – деп хабарлады "Сопротивление" Саха елінің тәуелсіздігі үшін қозғалысы".

Қозғалыстың белсенділері, Аммосовқа Ресейге экстрадициялану қаупі төнгенін қосты.

Осыған байланысты олар музыкантпен қарым-қатынас жасаған барлық якуттарға шұғыл ескерту жасап, өзін өзі қауіпсіздендіру шараларын қабылдауды сұрады.

"Онымен хат-хабар алмасқан болсаңыз, оның барлығын өшіріп, контактіден жою қажет. Арнасына жазылған болсаңыз, жазылымнан бас тартыңыз. Күш құрылымдары оның барлық байланысқан адамдарын анықтап, соларға шығады, оның достары мен таныстарына қысым көрсетеді деген қорқыныш бар", – деп түсіндірді белсенділер.

Ұлты-тегі сақа Айхал Аммосовтың паспорттағы аты-жөні – Игорь Иванов. Себебі, Ресейдегі азшылық ұлттардың жұтылып бара жатқанының бір көрінісіндей, олардың кейінгі ұрпағының бәріне дерлік орысша есімдер берілген.

Ақын, музыкант Аммосов соғысқа дейін Якутияда Crispy Newspaper панк-тобының жетекшісі ретінде танымал болды. Мәскеудің кең ауқымды шапқыншылығы басталған соң ол саяси көзқарасын ашық білдіре бастады. Сахнаны тастап, көшеге шығып, РФ билігімен келісілмеген наразылық акцияларын өткізе бастады. Түрлі үнпарақ-листовкалар таратты, қабырғаларға соғысқа қарсы бағытталған граффити түсірді. Мысалы, ол ритуалды қызметтер бюросының алдында табыт бейнеленген және "Күйеу бала келді" деп жазылған плакат ұстап, пикет өткізді.

Бірде ол: "Күн киһитй көмүскйс. Айыы киһитй аһыныгас" (Күн кісісі көмекші, Ай кісісі айбынды) деген плакат ұстап, көшеге шықты.

"Айыы — сақа (якут) халқы үшін нұр, Тәңір ғой. Халқымыздың ұмытылған осы даналығын есіне салғым келді. Біздің халық өзге адамдарды өлтіруге болмайтынын, құдайға қараған адамдар өзгеге аяушылық білдіріп, көмектесуге, өз шаңырағына айбын болуға тиістігін ұрпақтан ұрпаққа айтып келе жатқан ұлыс еді", – деп қапаланады сақа ақыны.

Оның үстінен алдымен "РФ армиясын дискредитациялауға" қатысты бірнеше әкімшілік іс қозғалды. Күш құрылымдары оны іздеп, барлық жерді тінткен. Музыканттар үйін де тексеріпті. Оның досын тұтқындап, қорқытып, қашқын жолдасының қайда тығылғанын айтуды талап еткен.

Бірнеше ай бойы сақалық ақын ресейлік құзырлы органдарға ұстатпай жүрді. Ескі ұялы телефондарға көшіп, оларды жиі ауыстырып отырған. Таныстарына түнеген. Паспорты жоқ мигранттардың арасына қосылып, шатырларды қардан тазалау сияқты ақысы күн сайын төленетін қара жұмыстармен айналысқан. Түнде листовкалар таратып, халыққа үндеуін жалғастырады.

2022 жылғы 27 сәуірде полиция оны ұстап алды. Якутияның қалалық соты оның үстінен қозғалған бес әкімшілік істі қараған. Соттағы талқылау тек мамыр айының соңында аяқталды. Барлық іс бойынша сот оны кінәлі деп танып, 90 мың рублден астам айыппұл салды.

Ол РФ үкіметінің басшысы келетін күні Якутск қаласының "Самородок" орталығының бассейнінің шатырына Yakutian punk against war (Якутиялық панк соғысқа қарсы) деп жазылған алып баннер іліп қойды.

Осыдан кейін оған қатысты "РФ армиясын дискредитациялау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Салдарынан, А.Аммосов үш жылға сотталуы мүмкін. Себебі, тергеу кезінде сақалық ақын тергеушіге "Ресейдің Украинада "арнайы әскери операция" емес, нағыз қырғын соғыс жүргізіп жатқанын, Ресейдің бейбіт елге басып кіргенін, сондықтан бұған халықтың көзін ашқысы келетінін" ашық айтыпты.

Бір ай абақтыда отырған оны сот ешқайда кетпеу жөніндегі қолхатпен уақытша бостандыққа жіберген.

Ақырында, 2022 жылдың ызғарлы желтоқсанында ол іргедегі тәуелсіз қазақ еліне қашып тығылды. Тек 6 қаңтарда ғана байланысқа шыққан Аммосов Ресейді тастап кеткенін, өзінің енді қауіпсіз жерде екенін мәлімдеді. Ресейлік басылымдарға сұхбатында ол Якутиядағы көптеген таныс музыканттардың Қазақстанға тығылғанын баяндады.

Өткен жылдың соңында "Медиазонаға" сұхбатында отыз жасар Айхал Аммосов Игорь Иванов деген жат таңған есімнен бас тартып, сақа тіліндегі бүркеншік атын нағыз аты-жөніне айналдыруға ниетін білдірді. Бірақ мұны Ресейде жасауға мүмкіндігі жоқ, Қазақстан болса, өзге елдің азаматының атын ауыстыруын заңдастыра алмайды.

Бұдан бұрын "Росфинмониторинг" А.Аммосовты экстремистердің және террористердің реестріне енгізді. Бірақ сақалық белсендінің үстінен экстремистік немесе лаңкестік баптары бойынша қылмыстық істердің қозғалғаны еш жерде хабарланбаған. РФ Ішкі істер министрлігі оған іздеу жариялады.

Orda.kz сауалына жауап берген Алматы қаласының Полиция департаменті якутиялық белсенді Айхал Аммосовтың ұрланбағанын, оны полицейлер алып кеткенін мәлім етті. Дегенмен, сақалық ақынның ұсталуына қандай бап негіз болғанын айтпады.

"Алматының Полиция департаменті РФ азаматын Саха республикасының ІІМ басқармасының іздеу тапсырмасы бойынша Алматының криминалды полициясы ұстағанын хабарлайды. Оны экстрадициялау мәселесі халықаралық келісімдер негізінде шешілетін болады", – делінген ведомствоның хабарламасында.

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюросы директорының орынбасары Денис Дживага еліміз қосылған Минск келісіміне сәйкес, "РФ армиясын дискредитациялау" бабы үшін экстрадициялау қарастырылмағанын жеткізді. Ресейде Аммосов дәл осы баппен айыпталған.

"Демек, оны Ресейге беру мәселесі қарастырылып жатса, онда оппозициялық ақынға РФ басқа айып таққан болып шығады. Оны тұтқындаған екен, ендеше халықаралық іздеу жарияланған деген сөз. Оған тағы қандай нақақ айып тағып отырғаны белгісіз. Өйткені  "дискредитациялау" экстрадициялық бап емес. Оның адвокаты істің материалдарымен танысуға талап қылуда. Материалдар оның қолына түскен соң Айхал Аммосовтың Ресейге берілетіні немесе берілмейтіні жөнінде нақты бір байлам жасауға болады", – деді қазақстандық бюро өкілі Денис Дживага.

Сақа ақыны ресейлік басылымдарға сұхбатында қазақ елін мақтан тұта, мақтай сөйлейтін.

"Отарлау салдарынан біздің республикада сақаларға қалпымен орысша ат қойылған. Барлық жерде орысша сөйлейді. Көшелерде де ұлтымызды қырған отарлаушылардың есімі ұлықталған. Қазақстанда олай емес: көшелер негізінен қазақ ұлтының тұлғаларының атымен аталады. Якутск болса, орыстың бір қаласы сияқты. Сондықтан сақа тіліне (саха тыл) көшуді өзімнен бастадым. Айхал сақа тілінде шаттықты білдіретін ұран сөз (қазақша баламасы "Айхай!"). Біздің ұлтымыздың шаттанатын күні де келер деген үміттеміз. Фамилияма Якут автономды республикасының (ЯАССР) негізін қалаған Максим Аммосовтың тегін алдым. Ол айбынды адам болған, Сталинмен кездескенде, оны Кобо деп атайтын болған. Бұған Сталин кіжінетін болған", – деді А.Аммосов ресейлік "Холод" басылымына сұхбатында.

Егер Қазақстан репрессия қақпанына кері лақтырып, жазаға жығып берсе, сақа ақынының көңілі қалатын болар.

Әйтсе де, бірқатар сарапшы Қазақстанның бұл істе де көпбағдарлы саясат ұстанатынына назар аударыпты: Мәскеудің қаһарына ұшырамау үшін оның сұрауымен ресейлік соғысқа қарсы белсенділерді ұстағанымен, Батыстың қырына ілікпеу үшін тұтқындарды депортациялау ісін созбалаңға салады. Мысалы, белгілі бурят журналисті, құқық қорғаушы Евгения Балтатарованы бірнеше рет ұстағанымен, елден аластамай, әзірге Қазақстанда қалдырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу