Қазақстанға қатысты талап күн санап артып келеді

Дина Ермаганбетова Дина Ермаганбетова
48815

Халықаралық сот пен төреліктерде Қазақстанға қатысты 4 млрд доллар көлеміндегі 11 талап қарастырылып жатыр.

Қазақстанға қатысты талап күн санап артып келеді

Қазақстанның әділет министрлігінің мәліметі бойынша, біздің елге қатысты мұндай талаптардың саны артып келеді. Сонау 2013 жылдың өзінде халықаралық сот пен төреліктерде жалпы көлемі 340 млн доллар болатын төрт талап қарастырылған. Ведомства талаптардың өсуін "жалпы әлемдік үрдіспен" байланыстырады.

"Талап етуші, көбінесе, қойылатын талап сомасына тек тікелей шығынға қатысты өтемақыны ғана қоспайды, сонымен бірге моральдық шығынды, жіберілген пайдасын және оның төрелік немесе сот шығынын төлеуді сұрайды", – деді мекеменің жауапты хатшысы Данияр Айтмұханбетов әділет министрлігінің алқа отырысында.

"Жалпы соңғы 13 жылда әділет министрлігі төрелік және шетелдік соттарда жалпы сомасы 16,9 млрд доллар болатын істе ел мүддесін қорғады", – дейді ол.

Сондай-ақ ол abctv.kz тілшісіне берген сұхбатында 10 жыл ішінде халықаралық және төрелік соттарда Қазақстан бірде-бір істен ұтылмағанын айтты. Мекеме өкілі екі мысал келтірді. "Былтыр Лондонның жоғарғы соты моңғол компаниясының 22,6 млрд доллар талабын қабылдамай, Қазақстанның пайдасына шешім қабылдады. Түркияның жоғарғы соты Түркия азаматының 3,3 млрд теңге апелляциялық талабын қанағаттандырмады".

Сонымен қатар, оның айтуынша, 2016 жылы көлік жолын жөндеумен айналысатын шетелдік мердігер компаниямен арадағы дауды төрелік сотқа дейін реттеу мүмкін болған. Ол кезде бізге қойылған талап 3,3 млрд теңге болған-тын.

"Әділет министрлігі жанында мұндай іспен айналысатын жеке бөлімше құрылды. Оның барлық қызметкері – АҚШ және Англияның рейтингтік жоғары оқу орындарында білім алған "Болашақ" бағдарламасының түлектері", – дейді Данияр Айтмұханбетов.

Оның айтуынша, әділет министрлігінің қызметкерлері мұндай даудың алдын алу үшін Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз – ірі мұнай-газ жобаларына қатысты жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жасау, сондай-ақ құрылыс және электр энергетикасы секторындағы инвестициялық келісім жасау шартын талқылауға қатысады.

Дина Ермағанбетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу