Қазақстанға қоқан-лоқы жасаған ресейлік тележүргізуші жұмыстан қуылды

319

Кремлдің басты жаршысының дәуірі аяқталды.  

Қазақстанға қоқан-лоқы жасаған ресейлік тележүргізуші жұмыстан қуылды Фото: ria.ru

Таяуда ғана ресейлік тележүргізуші және көршінің ең танымал насихатшыларының бірі Киселев кергіп сөйлеп, сес көрсетіп, қаһарына мініп-мініп алушы еді. Ол тіпті Мәскеу көршілес мемлекеттердің, соның ішінде Қазақстанның сыртқы саясатын анықтауға құқылы екенін мәлімдеуге дейін барды, деп жазды inbusiness.kz.

2021 жылы, Ресейдің Украинаға қарсы кеңауқымды соғысы қарсаңында, "Россия сегодня" мемлекеттік медиахолдингінің бас директоры Дмитрий Киселев Би-би-си арнасына сұхбатында Қазақстанды НАТО-мен кез келген ынтымақтастықтан аяқ тартуға үгіттеді. Бұл ретте осы әскери ұйымға туысқан Түркия да кіретіні мәлім.

Оның пікірінше, егер Қазақстан Солтүстікатлантикалық альянсқа жолап кетсе, "Қазақстанның жолы болмай қалады". Өйткені Ресей жауымен ауыз жаласқан кез келген елге қарсы қару, соның ішінде гипердыбысты зымыран қолданады.

"Пропагандист" өз ұстанымын батыс державаларына қарсы ашық қоқан-лоққымен нығайта түсті: "Егер Украина немесе басқасы НАТО-ға кірсе немесе НАТО оның аумағында әскери инфрақұрылымын дамытса, біз тікелей Американың да желкесіне тапаншамызды тақап ұстаймыз! Бізде бұл үшін әскери әлеует зор. Ресейде әлемдегі ең үздік қару – гипердыбыстық қару бар. Осылайша, өткен ғасырдағы Кубалық зымыран дағдарысы қайталануы мүмкін. Ресей өзінің қызыл сызықтарын қорғау үшін күш қолдануға 100% дайын", – деді Киселев.

"Бірақ Ресей неге өз көршілеріне өз шартын таңады? Сонда Қазақстан, Әзербайжан, Молдова, барлық посткеңестік республикалар НАТО-мен ешқандай қарым-қатынас жасай алмайды дегіңіз келе ме?", – деп, британ телерадиокорпорациясының журналисі бұған орынды түрде қарсылық білдірді.

"Қазақстанның және Ресейдің қасында орналасқан басқа да елдердің не жолы болады, не жолы болмайды! Тарихи шындық осы. Бізбен санасуы шарт. Олар мұны өзгерте алмайды", – деп шорт кесті Кисилев.

Жылдар бойы Дмитрий Киселев империяшыл нарративтерді таратып, көршінің медиасындағы агрессивті күн тәртібіне бағыт беріп келді. Өзінің авторлық телебағдарламасында және өзі басқаратын медиақұрылымдарда ол ТМД елдеріне қарсы негізсіз территориялық талаптарды және қоқан-лоққыны ашық жариялаған күмәнді саясаткерсымақтарға, әралуан арандатушыларға мінбер ұсынды.

Енді мұндай сорақылыққа тосқауыл қойылады деген үміт оты оянды. The Moscow Times хабарлауынша, Кремль Дмитрий Киселевті елдің басты мемлекеттік телеарнасы "Россиядағы" "Вести недели" сенбілік басты қорытынды бағдарламасынан аластату туралы шешім қабылдады.

"Вести недели" бағдарламасының жаңа жүргізушісі ретінде МемДуманың экс-депутаты, тележүргізуші Евгений Попов тағайындалды. Бұл туралы ВГТРК (Бүкілресейлік мемлекеттік телерадио хабар тарату компаниясы) ресми түрде жариялады.

Көршінің насихат машинасында күйзеліс басталды ма?

Медиахолдингтің өзі Ресей Президенті әкімшілігінің 72 жастағы Киселевті 2012 жылдан бері үздіксіз жүргізіп келген ақпараттық бағдарламасынан шеттету туралы шешім қабылдағаны туралы қауесеттерді ресми түрде растады.

Бұған дейін "ВЧК-ОГПУ" телеграм-арнасы хабарлағандай, Кремлге жанжалқор жүргізушінің бағдарламасына көрермендердің қызығушылығының үнемі төмендеп бара жатуы ұнамапты.

"Вести недели" бағдарламасының рейтингі тоқтаусыз құлдырап барады. Mediascope зерттеу компаниясының статистикасы бойынша, жаздың қақ ортасында, яғни, 12 шілдеде бағдарламаның бір шығарылымының жалпы аудиториядағы үлесі 6,1%-ды құрады. Бұл оған аптаның ең танымал 5 тележобасының қатарына енуіне мүмкіндік берді.

Салыстырғанда, "Первый каналдың" жексенбілік шығарылымының көрсеткіштері бұдан 40%-ға төмен (3,7%). Владимир Соловьевтің ток-шоуы аудиторияның бар-жоғы 1,7%-ын ғана қамтиды. Тиісінше, Кисилевтан төрт есе артта қалды.

Алайда көп жылдық жалпы динамика Ресейде бұл жүргізушінің сөзіне деген сенім дағдарысының ушығып бара жатқанын көрсетуде. MediaScope өлшеулеріне сәйкес, егер 2024 жылдың тамыз айының соңында Киселев шоуының аудиторияны қамтуы 8,1% болса, сол жылдың соңына қарай ол 7,7%-ға түсіп кеткен. 2025 жылдың қазан айында 7,4% деңгейіне дейін кемісе, 2026 жылдың ақпанында 6,6%-ға дейін күрт құлады.

Негізгі эфирден, прайм-таймнан толық шеттетілгеніне қарамастан, ВГТРК басшылығы Киселевтің экраннан толықтай жоғалып кетпейтінін мәлім етті. 6 қыркүйектен бастап ол жексенбі сайын өзінің авторлық публицистикалық бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. Оған "Киселев" деген қысқа атау берілетін болыпты.

Онда ол "елдегі және әлемдегі ең маңызды оқиғаларға төл авторлық көзқарасын ұсынуға" уәде берді. Дегенмен, ресейлік телеграм-каналдардың дерегінше, жаңа жобаны қаржыландыру жүргізушінің өз мойнына жүктеліпті: ол демеушілерді өз бетінше іздеп табуға тиіс.

Миллионер жүргізушінің дүние-мүлкі төңірегіндегі дау

Мемлекеттік телевизияда жұмыс істеген жылдары насихатшы орасан байлық жинапты: Мәскеудегі элиталы жылжымайтын мүліктің және Қырымдағы жалпы құны жүздеген миллион рубль болатын ауқымды шарап бизнесінің иесі атанды. Тележүргізушінің активтері өз ауқымымен таңғалдырады:

  • Мәскеудегі Цветной бульварындағы пентхаус: "Легенда Цветного" элиталық тұрғын үй кешеніндегі жалпы аумағы 204 шаршы метрді құрайтын сәнді апартаменттерге ие. Олардың нарықтық құны тәуелсіз зерттеушілердің бағалауы бойынша 160 млн рублден (шамамен 1 млрд теңгедей) асады.
  • Коктебельдегі Cock t'est belle вилласы: теңіз толқындары ұрған тік жарқабақтың үстіне салынған Қырым жағалауындағы футуристік сарай. Аумағы 151,1 шаршы метр болатын бірегей үй күрделі сәулеттік құрылымнан құрылған.
  • Қырымдағы шарап жасау шаруашылығы: Киселев эксклюзивті шараптарды шығаруға маманданған Cock t'est belle премиалды шарап компаниясындағы ірі үлестің қожайыны. Бұл брендтің атауы француз тілі мен географиялық локациямен үндесетін қаламбур сөз болып табылады.

Дегенмен, Украинаның Жоғары сыбайлас жемқорлыққа қарсы соты (ВАКС) 2024 жылы Киселевтің барлық украиндық активтерін – соның ішінде Коктебельдегі жер учаскесі бар сарайды, сондай-ақ қымбат көліктерін украиналық мемлекеттің пайдасына тәркілеу туралы ресми шешім шығарды.

Сот актісінде Қырымдағы барлық меншігі "Украинаның уақытша оккупацияланған аумағында орналасқан" деп сараланады. Алайда бүгінде Қырым Ресейдің бақылауында болғандықтан, бұл сот үкімі сол бойы қағаз жүзінде қалып, орындалмады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу