Қазақстанға "көзге көрінбейтін қауіп" жақындап келеді

254

Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысын өткізді.

Қазақстанға "көзге көрінбейтін қауіп" жақындап келеді Фото: ЖИ

Елордада бұл жиынның тегін емес, себебі бұрын елеусіз саналған стратегиялық ресурс қазір Қазақстан үшін мұқтаж саналар дүниенің біріне айналды.

Сәл шегініс жасайық, өткен аптада Ақордада Президент БҰҰ Бас хатшысының Су ресурстары жөніндегі арнаулы өкілі Ретно Марсудимен кездесті. Осы жүздесуде Қазақстан тарапы көтеріп келе жатқан Халықаралық су ұйымын құру туралы бастама тағы айтылды.

Орталық Азиядағы Қазақстанның бұл жайтты көтеруі бекер емес. Өйткені 2040 жылға қарай елдегі су тапшылығы 15 млрд текшеметрге жетуі мүмкін. Жай ғана жалаң цифр сияқты көрінбесін, мысалы, бұл көрсеткіш Бұқтырма су қоймасының жартысына тең, әрісі Балқаш көлінің 15 пайызын құрайды.

Қазір Қазақстан ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, ауызсуға 25 млрд текше метр су жұмсайды. Егер жылына 15 млрд текше метр тапшылыққа ұрынсақ, тұтынып отырған су екі еседен астам азаяды деген сөз. Тағы бір мысал, жер бетіндегі әр адам күніне тек 2 литр сумен шектелсе, 15 млрд текше метр әлем халқын екі жарым жыл бойы ауызсумен қамтуға жетеді. Бұлайша әспеттемесек, көпшілік үшін мәселенің мәнін ұғу қиын.

Ал БҰҰ баяндамасында 2050 жылы бес миллиардқа жуық адам су ресурстары шектеулі аймақтарда өмір сүретіні айтылған. Осы уақытта судың әлегінен Қазақстанның жалпы ішкі өнімі алты пайызға дейін төмендеуі мүмкін.

Енді өзіміздегі жағдайға оралсақ, осыдан 3 жыл бұрын Қазақстанда Үкіметтің бұл саладағы жұмысын реттеу үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Көп ұзамай жаңартылған Су кодексі қабылданды. Құрылған ведомство тіпті елдегі барлық судың цифрлық платформасын құру керек еді. Дегенмен база мен білікті маман болмаса, бұл істің жүйелі іске асуы қиын секілді. Себебі саладағы мамандар деректердің әлі біркелкі емесін алға тартып жүр.

Бұған қоса, мәселе азаматтардың өмір салтына да қатысты. Worldometers ақпаратына сенсек, Қазақстан жан басына шаққанда суды тұтынудан әлемде 11-орынға шыққан. Республикадағы әр адамның тәулік нормасы – 3,5 мың литр. Ал Ресейде – бір адамға 1,3 мың литр, Германияда – 855 литр, Ұлыбританияда – небәрі 348 литр дейді. Бізден 10 есе аз.

Халық қана емес, кәсіпорындар да есепсіз шығынға құмар. Индустриялық алпауыттар миллиардтаған текше метр жерасты суын арзан тарифпен есепсіз пайдаланып жатыр. Өндіріс орындары суды ысырап қылумен шектелмей, өзен-көлдерге зиянды қалдығын тастауда. Ал экологиялық жаза тек болмашы айыппұлмен шектелген. Демек, мәселені шешу қатаң заңнамаларды да талап ететіндей.

Ел арасында бір ғана Балқаштың 70 көлі бар деген әңгіме жүр. Дегенмен бұл да дерексіз дүние болмай шықты. Өйткені елдің гидрологиялық картасына жер асты сулары 70 Балқаш көлімен тең болатынын жазылған. Әзірге тіркелгені 43 млрд текшеметр. Оның 58,1 пайызы Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облысына шоғырланған. ШҚО, Абай облысында – 15,1 пайыз. Ақмола, Қарағанды, Павлодар облысында – 17,1 пайыз. СҚО мен Қостанай облысында – 2,9 пайыз. БҚО, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облысында – 6,8 пайыз. Қазір сіз бен біз тұтынып отырған ауыз судың жартысына жуығы жер астынан алынып жатыр.

Әйтсе де жер бетіндегі су мен астындағысының бастауы бір. 2012 жылы геология-минералогия ғылымының докторы, академик Әбдіғаппар Жәкелов "Жерасты суын пайдалану тәсілдері ескірді, құрал-жабдықтар жылдан-жылға тозып барады" деп бір ашынған. Одан бері қанша жыл өтсе де, мәселе өзектілігін жойған жоқ.

Оның үстіне Қазақстан тұтынатын тұщы судың 40 пайызын трансшекаралық өзендер арқылы, яғни, көршілерінен алады. Ірі дейтін Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл, Шу секілділерге ағын су шекара асып келіп құяды. Аралды толтыратын Сырдың жайы онсыз да белгілі, бірде бар, бірде жоқ, артылмай жатып егінге жұмсалады, ақыры Аралға тамшы бұйырып тұр.

"Бұлақ басында" отырған Қырғызстан мен Тәжікстан да бұндай түйткілдерді есепсіз қалдырмай, саяси-экономикалық құрал ретінде көреді. Мәселен, 2010 жылы Қазақстан кеден бекеттерін жапқанда қырғыз тарапы Киров су қоймасын жауып тастап, әуреге салғаны есте.

Дәл осындай жағдай Қытаймен шекарада да бар. Іле мен Ертіске келетін мол су Шыңжаң аймағы арқылы келеді. Ал бұл аймақта халық саны есепсіз көбеюде. Сондықтан алдағы уақытта берілер судың мөлшерін күрт қысқарса, ешкім дау айта алмайды. Себебі Қытай 1992 жылғы Хельсинки келісіміне қосылмаған.

Осыған дейін адамзатқа қажет ресурсты алмастырған дүние көп болды. Көмірдің орнын мұнай не газ басады, электр қуатын да жел мен күннен алуға болады, ал судың орнын басар ештеңе жоқ. Шамасы, Қазақстанның осы салаға қатысты алаңдауы бекер емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу