Қазақстанға Қытайдың туроператорлары келді

2657

Қытайлық туроператорлар Алматы облысын ғана аралап үлгерді.

Қазақстанға Қытайдың туроператорлары келді

Еліміздің туристік әлеуетін тану мақсатында Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға келген қытайлық туроператорлар Алматы қаласы мен Алматы облысындағы туристік нысандарды ғана аралап үлгерді.

"Негізі бағытымыз Оңтүстік Қазақстан облысы болатын. Шетелдіктерге сол өңірдегі тарихи ескерткіштерді оның ішінде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін көрсетуді көздегеміз. Уақыттың тапшылығына байланысты жоспарымыз жүзеге аспай қалды. Қытай тарапынан шекараның ашылмауы салдарынан делегация бір күнге кешігіп келді. Содан жоспарымызға өзгеріс енді",-деді туроператорлардың алғашқы тобын Қазақстанға ADS-виза бойынша шақыртқан отандық "Тұмар транс" компаниясының директоры Раушан Ибрагимова.

17 адамнан құралған туристік делегация Қытайдағы ең ірі туроператордың өкілі екен.

"Біз шетелдіктердің қызығушылығын туғызады-ау деген тарихи ескерткіштерді, демалыс орындарын, сауда алаңдарын көбірек көрсетуге тырысып жатырмыз. Шетелдік делегацияны Алматы облысында Таңбалы тас шатқалына апардық. Бұл жерге жету үшін 4 сағат жол азабын тарттық. Егер, жергілікті билік атсалысып, жол мәселесін шешсе, біз уақыт үнемдер едік. Елімізге келіп отырған шетелдік делегация мүшелері Қытайдағы атақты туроператорларды басқарады. Біз олармен тіл табысып, Қазақстанға келетін туристердің санын арттыруға үлес қосамыз деген сенімдеміз",-деді "Тұмар транс" компаниясының директоры Раушан Ибрагимова.

Оның сөзінше, қытайлық делегация Жамбыл Жабаев, Сүйінбай Аронұлы атындағы музейді аралаған. Енді, Қысқы универсиада нысандары мен Медеу мұз айдынына және Шымбұлақ шатқалына барады.

Айта кетейік, ADS-виза Қытай азаматтарына өткен жылдан бастап беріліп жатыр. Бұл құжат туристерге топтасып, белгілі бір бағыт бойынша саяхаттауға рұқсат береді.

Раушан Ибрагимованың айтуынша, Сыртқы істер министрлігі ADS-визасын рәсімдеудің кей шарттарын өзгертсе дұрыс болады.

 "Құжат рәсімдеу ережесін бекіткенде біздің тарап кей мәселелерді назардан тыс қалдырған. Мәселен, 15 туристен құралған топтың құрамындағы бір адам аяқ астынан сапарға ілесе алмайтын болса, қалған 14 адам жолдан қалады. Яғни, топты Қазақстанға кіргізбейді. Осы жайтты ескеру керек. Өйткені өмірде әртүрлі жағдай болады", - дейді "Тұмар транс" компаниясының директоры Раушан Ибрагимова.

Оның сөзінше, Қазақстанға Қытай туроператорлары тарапынан қызығушылық зор.

"Олар Қазақстанда жүргенін айғақтайтын суреттер түсіріп, мәз болып жүр. Тіпті көліктің мемлекеттік номерімен суретке түскен туристі көрдім. "ЭКСПО-2017" көрмесі қарсаңында топтасқан туристер Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға ағылады деп ойлаймын", - деді Раушан Ибрагимова.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның ҚХР-ғы елшісі Шахрат Нұрышев халықаралық көрмені тамашалауға Қытайдан 350 мың турист келеді деп мәлімдеген болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу