Қазақстанға мықты ойыншы келсе банктер төмен пайызбен ипотека бере алады

Ең алдымен корпоративтік секторға және оларды қолдауға назар аударылады.

Қазақстанға мықты ойыншы келсе банктер төмен пайызбен ипотека бере алады Фото: Бауыржан Шурмановтың жеке мұрағатынан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында отандық қаржы жүйесіне үш шетелдік банктің қосылатынын айтты. 

"Банк саласының тағы бір проблемасы – жоғары шоғырлану. Бүгінде елімізде 21 банк жұмыс істейді. Бұл ретте корпоративтік несиелеумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банктер ғана айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекелестікті арттыру үшін елге үш сенімді шетелдік банкті тарту керек", – деді Президент. 

Бұл нарыққа қалай ықпал етеді? Жаңа ойыншылардың келуімен несие алу жеңілдей түсе ме? Inbusiness.kz бұл туралы танымал экономист Бауыржан Шурмановтың пікірін білді. 

"Бірнеше банкпен қаржылық "аквариумда" отырмау үшін толығымен ашық болған жақсы. Бізге әлемдік банктер ғана емес, финтех банктер келіп, бәсекелестікті арттырып, шарттарды өзгерткенін қалаймын", – дейді сарапшы. 

Сарапшының пайымынша, мемлекеттің көмегінсіз қазір ипотека және автонесие нарығы тұралап қалды. 

"Жаңа ойыншылардың келуі бұл салаға серпін беруі мүмкін. Бірақ, ең алдымен корпоративтік секторға және оларды қолдауға назар аударылады. Бөлшек саудаға маманданған банктер келсе, секторда жаңа ұсыныстар пайда болады", – дейді экономист. 

Бұл ретте жаңа ойыншылардың келуімен несие алу жеңілдей түсе ме? Әлде қалай болғанда да мөлшерлеме базалық ставкаға тәуелді ме? 

"Жоқ, банктер қорландыруға тәуелді. Егер олар төмен пайыздық мөлшерлемемен ақша тартуға қабілетті болса немесе олардың меншікті капиталы жеткілікті болса, толығымен демпинг жасай алады. Теориялық тұрғыдан алғанда біздің банктер төмен пайызбен несие бере алады, бірақ бәсекелестердің ешқайсысы мұндай қадамға бармаған соң пайдадан қағылудың қажеті қанша? Есіңізде болар ұялы байланыс нарығына Tele2 келгенде салада қаншама өзгеріс болды. Егер алдағы уақытты нарыққа осындай ойыншы келсе, банктер төмен пайызбен ипотека бере алар еді", – деп түсіндірді спикер. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу