Қазақстанға Ресейден Z-идеологиялы әншілер мен әртістер қаптауы мүмкін

2781

Бұл республиканы Батыстың санкциясына бір қадам жақындата түсуі ықтимал.

Қазақстанға Ресейден Z-идеологиялы әншілер мен әртістер қаптауы мүмкін Фото: inbusiness.kz

Мәскеу көрші Украинада бейбіт халықтың қанын төгіп жатқандықтан ресейлік әртістердің адымы тұсалды. "Жаманның қарақтағаны жанындағысы" дегендей, енді ресейлік жұлдызсымақтар Қазақстанды шабуылдауын өрістетті.

Мысалы, отандық Ticketon.kz эстраданың ескі жұртында қалып, ел жадынан ұмытылған кеңестік және ресейлік рок-музыкант Андрей Князевтің 50 жылдық "үлкен мерейтойлық концертін" интернет пен әлеуметтік желілерде кең жарнамалауда. "50 жылдық мерейтойлық үлкен концерт тосын сыйға толы болады!" деген ұран-слоганы да бар.

Астанада өтетін рок-жынойнақта қандай сюрприз болуы мүмкін екенін тұспалдай беруге болады. Әлеуметтік желіде пікір білдірген ресейліктер оның Ресейдегі "арнайы әскери операцияға" және оның қатысушыларын ұлықтауға арналуы мүмкін екенін айтып жатыр. Соған меңзегендей, кеңес кезінде "Князь" деген бүркеншік атпен өнер көрсеткен Андрей бұл жолы Қазақстанға "КняZz" деген лақап атпен келе жатыр. Ал Z (халық арасында "звастика" аталады) – Ресейдің Украинаға шапқыншылығының символы екені мәлім.

Егер шынымен сондай "сюрприз" болып, астанасының төрінде соғыс ұлықталып жатса, онда Қазақстанның халықаралық имидж-беделінен сау-тамтық қалмайын деп тұр.

Жалпы, былтыр Қазақстанға келуден тартынған ресейлік әншілер мен әртістер биыл елімізге лап қойды.

Ресейлік музыкант, көршінің пропагандистік ток-шоуларының тұрақты қонағы Алексей Чумаков 20 шілдеде Алматыда концертін өткізбек.

Украина Президенті Владимир Зеленский 2022 жылғы 20 қазандағы өз жарлығымен Украина азаматы, ресейлік әнші, теле және радиожүргізуші, 1982 жылы дүниеге келген Киев қаласының тумасы Седокова Анна Владимировнаға қарсы санкция енгізді. Енді осы Анна Седокова Алматыда, 27 шілдеде концерт бермек. Билеті удай қымбат: әрбір қазақстандық көрерменінен билет үшін жинайтын ақшасы 72 мың теңгеден басталады.

28 маусымда кеңестік және ресейлік ақын, орындаушы Юрий Лорес те Алматыда концертін өткізбекші.

"Арнайы әскери операция" айналасында РФ халқын топтастыруға арналған концерттерге қатысқан Дима Билан 8 қарашада Астанада өз концертін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Бұл тек бірнеше мысал ғана. Жалпы, биыл Қазақстанның астанасынан бастап, өңірлеріне дейін барлық дерлік ресейлік әншілер мен әртістер келіп, қазақстандық көрермендерінен ақша жинағалы тұр.

Осы аптада саналы қазақстандық қоғам Z-әртіс Григорий Лепстің Қонаев атын иеленген қалада 8 шілдеге жоспарланған концертінің тоқтатылуына қол жеткізді. Оның билетінің құны 1 миллион теңгеге дейін барды. 

Осының қарсаңында, Петербор экономикалық форумының аясындағы жабық жиында Г.Лепс әнші Николай Басковпен бірге Украинаға берілген әрбір батыстық танкті жарып жіберген ресейлік солдаттарға 1 миллион рублден төлейтіндерін жариялады. Мұны естіп, халықаралық қоғамдастықтың жаны түршікті. Шетелдік сарапшылар ол танктердің ішінде украиналық Отан қорғаушылар отыратынына, тиісінше Г.Лепс және басқа әншілер Украина азаматтарының өліміне сыйақы төлейтіндеріне назар аудартты.

Қазақстандықтар болса, еліміздегі концерттен жиналатын қаражаттың бір бөлігін Лепс "Украина азаматтарын өлтіруге тапсырысын" қаржыландыратынына алаңдап, қатаң қарсылығын білдірді. Қоғамдық пікір қысымына шыдамаған ұйымдастырушы Makao Luxury Village концертке алаң ұсынудан бас тартылғанын жариялады. Бұған ашуланған Г.Лепстің директоры Қазақстанға жала жауып, доқ көрсетті. Осыдан кейін намысы болса, Сыртқы істер министрлігі Григорий Лепсті (шын фамилиясы Лепсверидзе) және оның директорын елімізге кіруге тыйым салынған "персона нон грата" тұлғалардың қара тізіміне кіргізсе, абзал.

Бірақ Мәскеуден сескенген қазақстандық шенеуніктер көршінің бұл тасқынына тосқауыл қоймайтын түрі бар. Биліктегі бір ұстанымды Алматы әкімі Ерболат Досаев жариялады. Оның айтуынша, ресейлік әртістер мен әншілердің концертіне саяси астарға бола ешкім тыйым салмайды, залды жалдасын да, Қазақстан жұртынан ақша жинай берсін.

Журналистер Досаевтан Алматыда қандай шетелдік өнерпаздардың өнер көрсетуіне рұқсат етілгенін, ал кімге тыйым салынатынын әкімдіктің қалай шешетінін, қандай критерийлерге сүйенетінін сұрады. Себебі, осының алдында Путин және оның режимін аяусыз сынап жүрген комик Максим Галкиннің Алматыдағы концертін өткізбей тастаған еді. Бәлкім, әкімдік Украинадағы соғысты жақтайтын, соны насихаттайтын ресейлік жұлдызсымақтарға кедергі қоятын шығар?

Е.Досаев әртістерді көзқарасына қарай бөлмейтінін, барлығын нарық пен ақша шешетінін ашық айтты. Оның пікірінше, ресейлік әртіс Республика сарайының не басқа ірі алаңның арендасын төлесе, онда Қазақстанның ең ірі мегаполисі оған құшағын ашады: кесте бойынша өнер көрсете беруіне болады.

"Олар залды жалға алады, ақысын төлейді, біз бұл процеске араласпаймыз. Араласу Алматы облысында немесе Астанада болған. Бірақ Алматыда біз мұндаймен айналыспаймыз. Біз толығымен нарық бойынша жұмыс істейміз. Бізде концерттерге арналған Республика сарайы, түрлі спорт ареналары бар. Спорт сарайлары ғимаратты кімге ұсынатынын өзі шешеді. Республика сарайы бір жылға кесте бекітіп те қойды. Бізде әлдекімдерді саяси көзқарастарына не басқа нышандарына қарай іріктеу, бөлу деген міндет жоқ. Ақша төлесе болды", – деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.

Әкім сырттан келген кейбір әртістер қолдау ретінде залды немесе түрлі жабдықтарды тегін беруді сұрайтынын жеткізді. Досаев олардың меселін қайтаратынына сендіріп бақты. 

Егер ұлт асылы Дінмұхамед Қонаевтың тапсырмасымен тұрғызылған, тәуелсіздік тарихынан орын алған Республика сарайына ресейліктер алып "Z" бейнеленген баннер іліп қойса, Досаев нарықты алға тартып, бас бұғып қала ма? Бұған әрине, жол беруге болмайды. Жаңа ғана қабылданған Еуропаның 11-ші санкциялық пакеті Ресеймен тым тығыз ынтымақтасқан Орталық Азия елдеріне қарсы бағытталған ескерту болып отыр. Егер Қазақстан соғысты насихаттайтын алаңға айналып кетсе, ар жағында санкциялар таяп қалуы да ғажап емес.

Әлеуметтік желіде азаматтар ескертіп жатқандай, "отыз жыл нарық шешкеннің" соңы Алматыда қаңтар қырғынына ұласқанын ұмытпаған жөн. Ресейлік "Зед" әртістерді елге, төрге жібермеу, басындырмау – геосаясатта тізгінді тең ұстауға бағытталған ел Президентінің көп бағдарлы саясатының бір кірпіші саналады. Алматыда кезекті әлеуметтік кернеуді туғызу әкімге керек пе екен? Әлде РФ әншілерінің бейрезидент ретінде Қазақстанға еш салық төлемейтінін Досаев білмей ме екен?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу