Қазақстанға тіл тигізгендерді елге кіргізбеу керек – Досым Сәтпаев

4897

21 маусымда Путин Кеңес Одағының құрамынан шыққан республикалар ресейлік жерлерді өздеріне алды деп, ол жерлерді "орыстар берген сыйлыққа" балаған еді. 

Қазақстанға тіл тигізгендерді елге кіргізбеу керек – Досым Сәтпаев

Танымал саясаттанушы Досым Сәтпаев Қазақстан территориясының тұтастығы, тілі мен тарихына тіл тигізіп, арандатушылық мәндегі мәлімдеме жасағандарды біздің Сыртқы істер министрлігіміз елге кіргізбеуі керек деген пікірде. Бұл туралы ол өзінің Facebook-тағы парақшасында мәлім етті.

"Егер біз өзімізді құрметтемесек, онда бізді де құрметтемейді. Қазақстан басшылығының үлкен қателігі Жириновскийдің, Лимоновтың, Соловьевтің, Никоновтың және басқа да ресейлік саясаткерлердің, журналистердің немесе сарапшылардың республикамыздың ішкі және сыртқы саясатына, сондай-ақ оның аумақтық тұтастығына қатысты арандатушылық мәлімдемелерінің барлығын саяси сайқымазақтардың "шулы әсері" деп қате қабылдауында. Шын мәнінде, мұндай сайқымазақтар көбінесе патша мен оның қасындағыларының ойын жеткізеді. Дипломатияда белгілі бір мәселе бойынша ұстанымды нақты көрсетудің көптеген жолы бар. Біздің Сыртқы істер министрлігіміз дипломатиялық ноталардан бөлек, Қазақстан территориясының тұтастығы, тілі мен тарихына тіл тигізіп, арандатушылық мәндегі мәлімдемелерді жасағандардың елімізге кіруіне ресми түрде тыйым салуы керек. Бұл арандатушылардың көбі Қазақстанға келмейтіні түсінікті...", – деді саясаттанушы.

Сондай-ақ саясаттанушы мұндай тізімнің маңызы зор екенін басып айтты.

"Мұндай тізімді жасау ресейлік шенеуніктерді тексерістен өткізу іспеттес болмақ. Бұл жағдайда олар екі таңдау жасай алады. Не осындай "клоундарды" ашық түрде қолдауға мәжбүр болады. Не олардың барлығын Қазақстан халқы алдында кешірім сұратады", – деп жазды ол. 

Ресей депутаты не деді?

10 желтоқсанда Ресейдің "Первый канал" деп аталатын арнасының эфиріне шыққан "Большая игра" бағдарламасында Ресей Думасының Білім және ғылым жөніндегі комитетінің басшысы, саясаттанушы әрі тарихшы Вячеслав Никонов: "Қазақстан бұрын болмаған. Солтүстік Қазақстанға мүлде халық қоныстанбаған еді. Олардың өмір сүргені рас. Бірақ қазіргіден әлдеқайда оңтүстікке қарай қоныстанған болатын.  Қазақстанның аумағы – Ресей мен Совет одағының үлкен сыйлығы", – деген еді. 

12 желтоқсанда Никонов асығыс не білмей айтқан бұл сөзіне қатысты мәлімдеме жасап ақталғандай болды. 

"Қазақ КСР шекараларын белгілеу кезінде Қазақстанның мүдделері толық көлемде сақталды деп ойлаймын. Олар қазір Қазақстан Республикасының қазіргі шекаралары саналады. Бұл туралы мен "Большая игра"  бағдарламасында айтқан болатынмын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бауырлас Қазақстан халқына деген ең жылы сезімдерімді білдіргім келеді", – деді ол өзінің Telegram-дағы парақшасында. 

Қазақстан бұған қалай жауап берді?

Біздің Сыртқы істер министрлігіміз әзірге Ресей тарабына дипломатиялық нота жолдады. Ведомство басшысының орынбасары Марат Сыздықов Ресей Федерациясының Уақытша сенімді өкілі Александр Комаровты шақыртып, Вячеслав Никоновтың сөзіне қатысты түсініспеушілігін білдірді . 

"Кейбір ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты арандатушылық әрекеттерінің жиілеп кетуі мемлекеттеріміз арасындағы одақтастық қатынастарға айтарлықтай нұқсан келтіретіні атап өтілді. ҚР СІМ Ресей тарапының мұндай мәлімдемелерге тиісті баға беруін күтуде және Ресей Федерациясының мемлекет қайраткерлерінен мұндай мәлімдемелерге жол бермеу үшін шаралар қабылдауға шақырады. Ресейлік дипломатқа ҚР СІМ ұстанымы көрсетілген нота табысталды", – деп жазылған ресми мәлімдемеде.

Путин Қазақстан туралы бұрын не деп айтып еді?

2014 жылдың 29 тамызында "Селигер-2014" деп аталатын жастар форумында Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстан туралы: "Нұрсұлтан Назарбаев айрықша нәрсе жасады: аумағында ешқашан мемлекет болмаған жерде мемлекет құрды. Қазақтарда ешқашан мемлекеттілік болмаған",–  деген болатын. Сол уақытта Қазақстан тарабы бұл мәлімдемеге қатысты еш үн қатпады. 

Тағы бір жайт, жақында, яғни 21 маусымда "Россия 1" телеарнасында көрсетілген "Мәскеу.Путин.Кремль" бағдарламасында Путин: "Мынадай сұрақ туындап тұр: бірқатар республика Кеңес Одағының құрамына кіріп, ресейлік жерлерді, оның тарихи территорияларын өздеріне алды. Бірақ Одақ құрамынан шығамын деп шешкен кезде, сол келген күйі, яғни қалай келді, солай кетпеді. Олар орыстар берген сыйлықты арқалай кетпеу керек еді", – деді. 

Келесі күні, яғни 22 маусымда президенттің ресми өкілі Дмитрий Песков оның сөзін былай деп түсіндірді:

"Ресейдің көршілерге аумақтық мәселеге қатысты айтар талабы жоқ. Ол сыйлықтар туралы айтқан жоқ. Ол Конституцияда бұрын жіберілген жүйелік қателіктер туралы айтты. Құжатта бірқатар жағдай қарастырылмаған", – деді Кремль өкілі.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу