Қазақстанға Владимир Жириновский жеткізіледі

24503

Ресей тарапы Каспий теңізіндегі тұңғыш круиз маршрутынан Қазақстанды алып тастау нұсқасын қарастыруда. Неге?

Қазақстанға Владимир Жириновский жеткізіледі Фото: www1.ru

Астрахандық "Лотос" кеме жасау зауыты құрастырған "Владимир Жириновский" (бұрынғы атауы – Great Peter) круиздік лайнері Каспий теңізінде 2025 жылғы ақпан-наурызда толыққанды жүзе бастайды. Бұл туралы Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі хабарлады.

"Ресейлік "Владимир Жириновский" круиздік лайнерінің қолданысқа берілуі аймақтың туристік әлеуетін дамытуға оң ықпал етеді. РФ құрамындағы Астрахань облысының Мәдениет және туризм министрлігінің мәліметінше, аталған лайнерді 2024 жылдың соңында, қараша-желтоқсанда толығымен тапсырып, эксплуатацияға енгізу жоспарланып отыр. Лайнер "судағы бес жұлдызды қонақүй" концепциясына сәйкес келетін болады", – деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.

Ведомствоның хабарлауынша, ресейлік тұңғыш круиздік лайнер іске қосу актісін 2025 жылдың басында алады деп күтілуде. Тек содан кейін ғана елдер арасында саяхатты ұйымдастыру мүмкіндігін иеленбек.

"Мостурфлот" өкілі Светлана Григорьеваның дерегі бойынша "Владимир Жириновский" жолаушылар кемесі Ресейдің Астрахань портынан шығып, алдымен Дағыстан республикасындағы Махачкала портына тұрақтайды деп болжануда. Ары қарай Әзербайжанның Баку портына, содан соң Иранның Амирабад (Amirabad) портына, Ноушехр (Noshahr) портына, Энзели (Anzali) портына, ізінше Түрікменстанның Түрікменбашы портына кіреді. Ақыр соңында Қазақстанның Ақтау портына жетеді де кері қайтады.

Қазақстан тарапы оны лайықты қабылдау үшін өз айлағын жаңғыртуды жоспарлауда. Мысалы, Ақтауды, жалпы Қазақстан территориясын аралағысы келетін жолаушылардың жеке құжаттарын, визасын тексеретін паспорттық, кедендік бақылау бекеттері құрылмақ. Ел тарихында алғаш рет теңіз вокзалы тұрғызылады деген жоспар бар.

Сонымен қатар "Ақтау теңіз сауда порты" АҚ желісін круиздік лайнерлерді қабылдауға және оларға қызмет көрсетуге бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Министрліктің ұстанымынша, аты қолайсыз болғанымен, бұл лайнер елімізге туристер ағынын арттыруға, жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасап, оң ықпал етеді. Мысалы, туризмі дамыған шет елдерде круиздік алып лайнерлер өз бортындағы мыңдаған адамды тамақтандыру, гигиеналық заттармен қамтамасыз ету үшін қажет азық-түлікті, керек-жарақты, кеменің жанар-жағармайын, жабдықтарын және басқасын өзі тұрақтаған порт-қаладан сатып, жүктеп алады.

Ресейлік алғашқы круиздік лайнер "аралас буындағы PV300VD жобасына" жатады, яғни, ол өзенде де, теңізде де жүзе алады. Бастапқыда, 2024 жылға дейін "Ұлы Петр" аталған ресейлік круиздік лайнер әу баста Ресейдің ішкі өзендерінде (Еділ-Волгада) жүзеді деп жоспарлаған көрінеді. Кейін жетілдіріліп, Каспий теңізі, мүмкін болып жатса, Қара теңіз бассейніне шығуға лайықталған.

Ресейлік туроператорлар қауымдастығы сарапшыларының айтуынша, өмірде көпті көрген саяхатшылардың "Владимир Жириновскийден" көңілі қалуы мүмкін. Өйткені ол – шағын, 4 палубадан (қабаттан) ғана тұрады. Бұл тұрғыда лайнерді емес, үлкен паромды ғана елестетеді. Ұзындығы небары 141 метр, ені 16,8 метр. Ендеше ақтаулықтар жоғарғы жағына қараса, қалпақ құлайтындай алып, аппақ круиздік лайнердің келуін әзір күтпесе де болады.

Ресейлік жолаушылар кемесінің ішінде бассейн, джакузи, бар мен мейрамхана, SPA-салон, 250 адам ғана сиятын театрлық-музыкалық салон, тұмсық тұсында айналаны шолу салоны болады. Кеме экипажы, қызмет көрсетушілерді қоса алғанда, 90 адамды құрайды. Ішіне ары кеткенде 310 турист қана сияды: саяхатшыларға сонша төсек-орын бөлінген. Жалпы алғанда, кемеде түрлі қолайлылық сыныбындағы 155 каюта қарастырылған.

Ресейлік ақпарат құралдары каюталар санына қатысты кереғарлыққа назар аудартты. Ресми құжаттарында олардың саны "155" деп көрсетілген. Дегенмен, 2023 жылғы қыркүйекте өткен тұсаукесер салтанатында лайнер иесі – "Московское речное пароходство" ұйымының даму жөніндегі директоры Светлана Гончарова жаңа мәліметтерді көрсетті. Онда лайнердегі каюталардың саны 153-ке дейін кеміп қалыпты. Сонымен бірге, мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрынғы 4 каютадан біреу ғана қалдырылған. Бәлкім, санкция салдарынан кеме концепциясын қайта қарау кезінде сондай жаңа өзгерістер енгізілгенге ұқсайды.

Сондай-ақ ресейлік "Палуба" мамандандырылған басылымы ресейлік тұңғыш круиздік лайнер келесі жылғы маусымнан да кешігіп қалуы мүмкін екенін ескертеді. Бұл кеменің іргесі "Лотос" зауытында 2016 жылғы 15 тамызда қаланыпты. Қалыбы кеңестік пароход жасау технологияларына негізделгенімен, қозғалтқышы, негізгі жабдықтары, тіпті ішкі интерьері мен жиһаздары толығымен Батыс өндірушілерінің өніміне құрылған. 2022 жылы Ресей соғыс бастап, санкцияларға ұрынғанда, оның кесірі ресейлік лайнерге де тиді.

Оған қандай да бір өнім жеткізуден батыстық өндірушілер жаппай бас тартқан. Содан оның қожайынына тіпті кеменің ішкі интерьерін қайта қарап, жиһазын, басқасын ресейлік және "достық пиғылдағы мемлекеттердің" өнімдеріне қайта бағдарлауға тура келді.

"Соның ішінде бастапқыда жоспарланған батыстық күш-тартым қондырғысын ауыстыру үлкен проблемаға айналды. Ол қондырғы заманауи, қуатты болмаса, кеме алысқа ұзай алмайды. "Русэлпром" генераторы Wartsila дизелді қозғалтқышымен жұмыс істейді деп бекітілді. Алайда финдік компания өз өнімін жеткізуден бас тартты. Содан кейін баламалы нұсқаларды іздеуге тура келді. Ақыры таңдау жапондық Yanmar қозғалтқышына түсті. Бірақ оны орнату үшін кеменің бірқатар бөлігін бұзып, қайта жобалауға мәжбүр болды. Оның үстіне жапондық қозғалтқыштың жылу беру сипаттамалары да мүлдем басқа. Салдарынан, лайнердің бүкіл концепциясын қайтадан есептеп, жаңадан сызып, түзіп шығу талап етілді", – деп жазады салаға маманданған ресейлік "Палуба" журналы.

Басылым 2024 жылғы қаңтарда РФ экономикалық даму министрінің орынбасары Дмитрий Вольвачтың "Каспий теңізіндегі тұңғыш круиздік маршрут 2024 жылдың жазында іске қосылатынын" мәлімдегенін еске салды. Қазақстандық министрліктің жаңа ақпараты жоспардың тағы бұзылғанын, лайнердің сапары келесі жылға шегерілгенін паш етті.

Ресейлік федералдық телеарналар "Петр Великий" круиздік лайнерінің мақтау-мадағын келістіріп, жан-жақты жарнамалаған болатын. Өйткені кеңес кезінен, 60 жылдан астам уақыттан бері жолаушылар теплоходы тұрғызылмапты. Жолаушылар кемесін көрші тұңғыш рет жасап жатыр. Бастапқы жоспар бойынша "Ұлы Петр" 2019 жылы қолданысқа енгізілуге тиіс еді. Бұл мерзім ары ысырылумен болды. 2022 жылы Бірінші Петрдің 350 жылдығы мерейтойы атап өтілетін болып, оның атындағы кеме сол жылғы жазда саяхатқа шығады деп те бекітілді. Бәрібір үлгермеді.

2023 жылғы желтоқсанда, күтпеген жерден, ЛДПР партиясының астрахандық бөлімшесі бұл кемеден орыстың тұңғыш императорының аты алып тасталғанын, бұдан былай ол империяшыл, даңғой саясаткер, партияның негізін қалаушы Владимир Жириновскийдің атымен аталатынын жариялады. Құжат жүзінде де сол көрсетілген. Журналистер болса, лайнерде әзірге ескі атауы тұрғанын байқапты.  

РФ туроператорлар қауымдастығы ресейлік лайнер келесі жылы да теңізге шықпауы мүмкін екенін ескертті. Өйткені саяхаттарға билеттер бір жыл бұрын сатыла бастайды. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығы аяқталды, алайда, "Мостурфлот" "Владимир Жириновский" круиздік лайнерінің тұңғыш рейсіне билет сатып жатқан жоқ. Компанияның өзі Астраханнан шығатын круиздерде туристерді тек "Василий Суриков" пен "И.А. Крылов" теплоходтарымен аттандырып жатыр.

Компания өкілі Светлана Григорьева Астраханнан шыққан "Владимир Жириновский" алдымен Дағыстанның Махачкала портына тұрақтайтынын, онда байырғы қала Дербентте саяхатшыларды тамаша экскурсиялық бағдарлама күтетінін мәлімдеген еді. Бірақ таяуда Махачкалада және Дербентте қарулы қақтығыстар орын алып, ондағы екі синагога мен екі православ шіркеуі өртелген. Ондаған күш құрылым қызметкері қаза тапты. Бүгінде тынышы қашқан республикада федералдық және жергілікті билік діни радикализммен күрестің тегеурінді шараларын жүргізіп жатыр. Өткен аптадан бері Дағыстанда ниқаб киюге қатаң тыйым салынды. Олай болса, круиз маршрутінен бұл бағытты алып тастауға тура келуі мүмкін.

Айтқандай, Григорьева Иранмен және Түрікменстанмен келісімге келе қоймағандарын айтып қалды. Сондықтан маршрутке Иранның үш порты да көрсетіле салыныпты. Нақты қайсысы болатыны беймәлім.

Компания Ақтау порты да маршруттен алып тасталуы ықтимал екенін хабарлады: оның теңіз айлағы жолаушылар кемесін қабылдауға дайын емес көрінеді. Қашан дайын болатыны нақты белгісіз. Сонда Иран, Түрікменстан және Қазақстан жойылған "жеңілдетілген нұсқада" (облегченная версия) бұл лайнер Астрахань және Баку порттары арасында ғана сапарлайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу