Қазақстанға жаһандық қару-жарақ көрмесі қажет пе?

1756

Үкімет КАDEX көрмесінен уақытша бас тартты. 

Қазақстанға жаһандық қару-жарақ көрмесі қажет пе?

VI KADEX халықаралық қару-жарақ пен технологиялар көрмесін өткізу туралы ел Үкіметінің жаңа шешімі жарияланды. Оған сәйкес, биыл да бұл көрме өткізілмейтін болды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Оның орнына Премьер Асқар Мамин Қорғаныс, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне Нұр-Сұлтандағы 19132 әскери бөлімнің аумағында "КАDEX-2022" халықаралық қару-жарақ пен технологиялар көрмесін келесі 2022 жылы 25–28 мамыр аралығында ұйымдастыруды жүктеді.

Бұл ретте елорда әкімдігіне 8 түрлі тапсырма берілетін болды. Біріншіден, әкімдік алдағы жылғы мамырдың төрт күні бойы көрмені өткізу орнына дейін автобустардың қосымша бағдарларын жолға қоюы және әскери көрмені тамашалағысы келетін астаналықтар мен қала қонақтарын тасымалдауы керек. Екіншіден, көрмеге қатысушылар мен келушілер үшін ақылы тамақтануды және ұлттық кәдесыйлар сатуды ұйымдастыруы қажет. Үшіншіден, көрермендер үшін 2000 орындық трибуналарды орнатуға тиіс. Төртіншіден, жалпы ұзындығы 3000 метр болатын тасымалданатын турникеттерді қоюы керек.

Бесіншіден, коронавируспен күрес келесі жылы да өзекті болуы ықтимал, сондықтан көрмеге дайындық және өткізу барысында санитарлық-эпидемиологиялық және сары масаға қарсы дезинсекциялық іс-шараларды орындауы шарт. Алтыншыдан, мобильді медициналық бекеттердің қажетті санын өрістете отырып, көрмені медициналық сүйемелдеуге міндетті. Жетіншіден, көрме аумағында мәдени-демалыс іс-шараларын ұйымдастыруы қажет. Сегізіншіден, шетелдік туристер мен мәртебелі меймандар кәдесый, азық-түлік және басқасын сатып ала алуы үшін әкімдік ол жерде валюта айырбастау пунктерін ашуға тиіс.

Биыл не себепті көрме өтпейтінін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов түсіндірді.

"Әлемде және Қазақстанда әлі күнге дейін күрделі эпидемиологиялық ахуал сақталуда. Оның үстіне шетелдіктердің елімізге кіруіне шектеулер қойылған. Бұл көрмеге шетелдік қатысушылардың және туристердің келуіне мүмкіндік бермейді. Ал онсыз көрме лайықты деңгейде өтпейді. Сонымен бірге КАDEX көрмесінің халықаралық мәртебесіне нұқсан келер еді. Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі биылғы KADEX халықаралық көрмесін келесі жылға көшіру туралы шешім қабылдауға мәжбүр", – деді министр.

Жалпы, сарапшылар бұл халықаралық көрмені өткізудің қажеттілігіне күмән келтіріп жүр. Себебі, Қазақстанда әлемдік нарықта бәсекелесе алатын озық әскери техникалар мен қару-жарақ түрлерін өндіру кең жолға қойылмаған. Демек, халықаралық көрме өткізіп, "біздерде мынадай бар, мынадай бар" деп мақтана алмайды.

Бұған қоса, оны өткізуге жүздеген миллион бюджет қаржысы жұмсалады. Мысалы, КАDEX-2020 өткізу үшін ел қазынасынан 791 миллион теңге бөлінді: VI халықаралық қару-жарақ және әскери технологиялар көрмесі Нұр-Сұлтанда 28–31 мамырда өтуге тиіс болатын. Артынша маусымға шегерілді. Алайда пандемияның ары қарай күш алуына және шекаралардың тарс жабылуына байланысты билік одан бас тартты.

Енді биыл да ұйымдастырылмайтыны белгілі болып отыр.

Сөйтіп, соңғы КАДЕКС көрмесі 2018 жылы өтті. Сол жолы жазатайым оқиға болды: көтерілген дауыс кесірінен KADEX-2018 көрмесі аумағында ақпараттық стенд құлап, келушілердің бірі зардап шекті. Ол кейін ауруханада көз жұмған. 

Келесі жылы көрмеге қанша қаражат шығындалатыны әзірге белгісіз.

"Алтыншы "КАDEX-2022" халықаралық қару-жарақ пен технологиялар көрмесін өткізу 2022 жылғы республикалық бюджеттен бөлінген ақша шегінде жүзеге асырылатын болады. Көрмені өткізуге жұмылдырылған басқа меморгандарды қаржыландыру 2022 жылға арналған республикалық бюджетте олардың қызметін қамтамасыз етуге көзделген қаражат есебінен жүргізіледі", – деді ИИДМ.

Министрліктің байламынша, бұл көрме "Ұлттық экспорттық стратегия" бағдарламасын іске асыру үшін қажет. Сонымен бірге қазақ елі ресейлік қарумен шектелмей, алдыңғы қатарлы өзге мемлекеттердің озық қару-жарағымен және техникасымен жіті танысып, қарулы күштерімізді жарақтандыру жөнінде тікелей мәмілелесуге мүмкіндік алады.

"Бұл көрмені өткізу қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің отандық кәсіпорындарын дамыту үшін қосымша жағдайлар жасауға, жетекші шетелдік тауар өндірушілермен әскери-техникалық ынтымақтастықты жетілдіруге, сондай-ақ халықаралық аренада елдің имиджін көтеруге мүмкіндік береді", – деді министр Бейбіт Атамқұлов.

Қалай болғанда, ел Үкіметі астанадағы келесі жылғы халықаралық көрмеге дайындыққа биылдан кіріспек. Оған Үкіметтің көптеген мүшесі жұмылады. Мысалы, Сыртқы істер министрлігі өзіне ұсынылатын тізімге сәйкес ресми делегацияларға көрмеге шақыру хаттарын жолдайды. Елдегі барлық шетелдік елшілікті көрме өтетіні туралы хабардар етеді. Сонымен қатар Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінің сайттарында сол елдердің тілдерінде көрме туралы аңдатпа ақпарат жариялайды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне делегация басшыларының арнайы ұшақтарының Қазақстан үстінен ұшуларын, ресми делегация өкілдері үшін "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының" VIP-залы арқылы өтуін сүйемелдеу жүктелді.

Ішкі істер министрлігіне – көрме аумағында қоғамдық тәртіптің сақталуын бақылау, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне – көрмені ақпарат құралдарында насихаттау, Төтенше жағдайлар министрлігіне – көрме аумағының және іргелес аумақтардың өртке қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше оқиғаларға жол бермеу тапсырылды.

Бұл көрме өткен сайын Қазақстан "ескі" экспонаттарын қайта көрсетумен жүр. Үш жылғы үзіліс өз жұртшылығымызға және жаһандық қауымдастыққа жаңа қару-жарақ пен технология түрлерін паш ету үшін жеткілікті уақыт.Ал бұл міндеттің үдесінен ел Үкіметінің шыққаны не шыға алмағаны келесі жылы айқындалады.   

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу