Қазақстан–Қытай шекарасындағы тәртіпті сақтауға полицейлер тартылды

12996

Кәсіпкерлердің жүйкесі жұқарған. 

Қазақстан–Қытай шекарасындағы тәртіпті сақтауға полицейлер тартылды

Шекарада ұзын-сонар кезек қалыптасқанын сол жақтан қайтқан қазақстандықтар айтуда. Әсіресе, бизнесмендерге қиын тиіп жатыр. Олар шетелге уақытында тауар жеткізе алмай, халықаралық келісімшарттық міндеттемелерін бұзуға мәжбүр. Салдарынан, шығын шегеді, шетелдік контрагенті айыппұл салады. Бұл ақыр соңында отандық экспорттың азаюына және Қазақстанда жасалған тауар үшін жаһандық нарықтардың жабылуына соқтырмақ.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтың айтуынша, Қазақстанның сыртқа шығарған экспорты 2020 жыл басынан бері 21,7%-ға күрт кеміп кеткен. Бұл теріс рекордтық көрсеткіш. Импорттың да өрістегені шамалы: биыл бірден 15,5%-ға азайған. Бұл ішкі нарықтағы тауар тапшылығына және қымбатшылықтың жайлауына әкеледі.

Жамбыл облысында, Тараз қаласында орналасқан отандық кондитерлік фабриканың өкілі шекара мен кеденде болып жатқан күрделі жағдайды баяндап, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне шағымданды. Оның айтуынша, биылғы 7 қазанда "Сәуле кондитерлік фабрикасы" экспортқа жүк жөнелтіпті.

"Нақтырақ айтсақ, Қытайдағы сатып алушымызға кәмпит өнімдерін, тәтті түрлерін, вафли, печеньелерді жібердік. Біз ҚХР-дағы клиентімізбен 2018 жылғы 18 қазанда контракт бекітіп, содан бері серіктестік жасап келеміз. Яғни, екі жылдан бері қазақстандық өнімді сатып алып, Қытайға таратумен айналысады. Біз мұндай құнды клиенттен айырылып қала алмаймыз. Содан 8 қазан күні "Қорғасқа" біздің жүк тиелген машинасы барып жетті. Тиісінше, жүргізуші "Нұр жол" кеден бекетінің аумағына кіруге өтініш береді. Ол өтініш қабылданған. Алайда бізге түсініксіз себептермен жүк көлігі шекарадан өте алмаған", – дейді фабрика өкілі Айдар Мұратбеков.

Салдарынан, қазақстандық бизнес нысаны бір айдан астам уақыттан бері өз жүгін Қытайдағы сатып алушысына жеткізе алмаған.   

"Біз биік лауазымды тұлғалар аузынан қазақстандық өнімнің жаһандық нарыққа экспортын дамытуға тиіспіз деген пафосты сөздерді үнемі естиміз. Ал іс жүзінде мемлекеттің өзі соған кедергі келтіруде. Сатып алушыларымыз егер тауар жеткізуде осындай үзілістер мен тоспалар қайталана берсе, бұдан былай біздің өнімді сатып алуын тоқтататынын хабарлады. Неге құр сөзбен алдай бергенше, қазақстандық экспорттаушылар үшін кеденде жеке, жасыл дәліз ашып, отандық өнім легін тоқтаусыз өткізбеске? Сонда шын қолдау барын сезінер едік!" – дейді А.Мұратбеков.

Мемкірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев "электронды өшірет алдында бәрі тең" дегенге келтірді.

"Автокөліктердің "Нұр жолы" өткізу пункті арқылы өту кезегіне қатысты проблеманы реттеу үшін 2020 жылғы 9 қыркүйектен бастап "электронды кезек" жүйесі іске қосылды. Енді "Нұр жолы" бекетінің аумағы арқылы көрші Қытай еліне өту мүмкіндігіне тек www.gocargo.kz сайтында тіркелген автокөлік құралдары ғана ие болады. Аталған жүйе тауарлардың санатына, яғни, экспорт, гуманитарлық жүк, инвестициялық жобаларға арналған тауарлар түрлеріне қарай автоматты режимде шекарадан өту кезегін бөліске салады. Тиісінше, әрбір автокөлік өзіне тиелген жүгінің қаншалықты басымдықты екеніне қарай өз кезегіне ие болады. Өзге автокөлік құралдары жалпыға белгіленген тәртіппен, электронды кезек жүйесіндегі брондауына сәйкес шекараны кесіп өтеді", – деді М.Сұлтанғазиев.

Әрине, кең ауқымда алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізілмегендіктен, көп күнге созылатын ұзын кептеліс жүк және көлік иелерінің ашу-ызасын тудырады. Осы орайда Ішкі істер министрлігі Қазақстан-Қытай шекарасындағы "Нұр жолы" учаскесінде қоғамдық тәртіпті сақтауға полицейлер тартылғанын мәлім етті.

"Полиция департаменті Қазақстан-Қытай шекарасында жүк көлігінің кезектілігі мен олардың жылжуын бақылауды Панфилов ауданы әкімінің басқаратын Штаб жүзеге асыратынын хабарлайды. Жүк көліктерінің жүруі үшін электрондық кезек құрылды. Күн сайын бейнетіркегіштермен қамтамасыз етілген 20-ға жуық полиция қызметкері патрульдеу режимінде, екі ауысымда қызмет атқарады. Полиция қызметкерлері учаскеде қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етеді және жол ережелерінің қатаң сақталуын бақылайды", – деді ішкі істер органы.

Жалпы, "Нұр жолы" кеден бекетіне қатысты 13 шағым тіркеліпті.

"Әр азамат жол берілген бұзушылықтар туралы шағымын жазбаша да, телефон арқылы да 8 (72 831) 51 362 жолдауға құқылы. Азаматтардың кез келген ескертулері дереу қаралады, оларды жою бойынша іс-шаралар дер кезінде қабылданады", – деді ІІМ.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу