"Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасы айналасында жанжал шықты

2442

Әлдебіреуді ілгерілету үшін қарсыласын жолдан шығарған ба? 

"Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасы айналасында жанжал шықты

Кезінде Елбасы ұсынған жобаның кейінгі жылдары дәрежесі төмендей бастағанға ұқсайды. Оның бірінші жылында (2017) жеңіске жеткендерді билік қатты дәріптеді. Мысалы, олардың бейнелерін баннерлерге басып, Астанадағы құрылыс алаңдарын оқшаулаған дуалдардың сыртына жапсырып тастады. Телеарналардан да үнемі олар туралы видеороликтер айналдыратын, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі.

Алайда артынша бірқатар Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы соңынан жаман сөз ере бастады, кейбірі теріс қылығымен көзге түсті. Мысалы, 10,4 мың адамның даусын жинап, жеңімпаз атанған Ақмола облысындағы Арнасай кентіндегі Вячеслав үлгілі орта мектебінің директоры Татьяны Немцанның үстінен алаяқтығы үшін қылмыстық іс қозғалды. Заңгер-ғалым Азамат Төлеуовтің мәліметінше, Немцан өзгенің 1 миллион доллар түріндегі мүлкін иемденіп алғаны үшін айыпты болған.

Бұған қоса, "100 жаңа есімнің" сол 2017 жылғы тағы бір жеңімпазы Нұржан Әлтаев теріс қылықтарын үшін Елбасының "Nur Otan" партиясынан қуылып, Мәжіліс депутаты мандатынан айырылды.

Жалпы, журналист, ақын не актерлерді айтпағанда, үш жылда жеңіске жетіп, "100 жаңа есім" тізіміне кіргендердің көбі қазір қайда жүргенін ел түгіл, журналистер де білмейді. Басым көпшілігі бір рет қана жарқ етіп көрініп, "бір істің қаһарманы" күйінде қалды. Бұлардың ішінен әлемдік деңгейде Қазақстанның атағын шығарған жалғыз Иманбек Зейкеновтің ғана шоқтығы биік тұр. 

Қалай болғанда, Елбасы ұсынған идея толыққанды жүзеге асты деу қиын. Себебі, Н.Назарбаев "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында бұл жүздікке "Тәуелсіздік жылдары қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтар", "ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғалар" кіретінін баса айтқан болатын.

Әйткенмен, бара-бара бұл бастама еліміздегі қаптаған байқаулардың деңгейіне түсіп қалғанға ұқсайды.

Оның үстіне енді жобаның өзі дауға шатылуда. Қатысушылар жарыс жолынан еш себепсіз шығарылғанына шағымданды.

"Мен 28 мың дауыспен бірінші орында тұрдым. Ізінше өзімді тізімнен таппай қалдым. Шың басында бұрын дауыс саны бойынша тіпті маған жуымаған басқа адамдар пайда болды. Ұйымдастырушыларға қоңырау шалып, мәселенің мәнісін сұрадым. Олар менің дауысты жасанды көбейтуге талаптанғаныма сілтеме жасады. Мен өзім мұндайға барған жоқпын. Сондықтан осыны дәлелдейтін қандай да бір ақпарат ұсынуды сұрадым. Алайда ешқандай ақпарат бермеді. Байқауда алалау жүріп жатыр деп айтқым келмейді. Бірақ түсініксіз жағдай қалыптасып тұр. Мысалы, менен 4 тұғыр төмен тұрған әйел де "жоғалып" кеткен. Артынша ол бірінші тұғырдан бір-ақ шықты. Бұл байқау талаптарын ашықтан-ашық бұзу емес пе?!", – дейді 2021 жылғы "100 жаңа есімнің" қатысушысы Бахадур.

Өзге қатысушылар да Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның құлағын шулатып, оның ведомствосына арыз жолдауда.

Семейлік қатысушы Қанат 2021 жылғы 18 наурызда 100 жаңа есім жобасының сайтына тіркелгенін айтады.

"Ережемен бізді ешкім де таныстырған жоқ, сайтында ереже көрсетілмеген. Ұйымдастырушылармен сөйлескенде, олар онлайн дауыс беру 22 наурызда басталады деген, бірақ рәсім уақытында аяқталмай, кейінге қалдырылды. Жалпы, бұл байқаудың бізге танысуға болатын нақты бекітілген кестесінің жоқтығы таңғалтады. Сайт нашар жұмыс істеді. Адамдар кіріп, дауыс беру құқығын пайдалана алмады. Сонымен бірге таныстардың маған берген көптеген дауыстары басқаға кетіп, Серік деген қатысушы атына жазылыпты, "скрині" қолымда бар. Ұйымдастырушыларға хабарлассам, олар техникалық ақау болды, барлық даусыңызды қалпына келтіреміз деді. Алайда дауыстарымды сол бойы қайтармады. Мені қолдаушы көптеген адам маған дауыс бергенін көрсетіп, суретін жіберді, ал менің дауыстарымның саны өзгермеді", – дейді қатысушы. 

Соған қарамастан, ол көпке дейін көшбасшылар қатарында болыпты. Ақыр соңында ұйымдастырушылар оны түн уақытында қатысушылар сапынан шығарып тастаған екен. Ұйымдастырушылар оны да "дауысты қолдан өсірген" деп айыптапты.

"Мұны қалай түсінуге болады? Онлайн дауыс беру ашық режимде өтті. Ұйымдастырушыларға телефон шалып, негізді, заңды фактілерсіз неге тізімнен алып тастағандарын сұрасам, нақты жауап бере алмады. Бұл сұраққа тек техникалық мамандар мен заңгерлер жауап бере алады деді. Бірақ олардың байланыс телефонын білмейді. Көшбасшы орында келе жатқан 7–8 адамды түн ішінде негізсіз алып тастаған. Біз бір-бірімізді әлеуметтік желі арқылы тауып алдық. Дауыс берудің аяқталар кезін бірнеше рет жылжытумен болды. Қазір жеңіске жеткендердің кім екенін қарадық, екі күн бұрын олардың кейбірінде небары 400 дауыс болған, екі күннен соң көрсеткіші 6400 дауысқа жетіпті. Ұйымдастырушылар мұның да жауабын білмейді. Жобаның бұрынғы жылдардағы қатысушыларымен әңгімелестік, олар бұл жобада әділетсіздік барын жасырмады", – дейді Қанат. 

Ол қазақстандыққа қарағанда шетелдік жобалар мен байқауларға қатысу әлдеқайда оңай екенін жеткізіп, бұл жобадан түңілгенін білдірді.

Өз кезегінде ұйымдастырушылар "дауысты қолдан өсіріп беретін ақылы сервистер қызметіне жүгігіп", дауысты сатып алған қатысушыларды жарыс жолынан шығарып тастағандарын алға тартады.

"Тексеру кезінде кейбір қатысушыларға берілген дауыстардың қысқа уақыт ішіндегі қалыптан тыс артуы байқалды. Ішінара дауыстар шетелдік ІР-адрестерден келген. Ұйымдастырушылық комитет жобаның нақты қатысушылары үшін дауыс беріп, сол үшін сыйақы алу туралы ұсынысы бар хабарландырулар жарияланғанын анықтады. Қатысушылардың мұндай іс-әрекеті дауысты сатып алу ретінде бағаланады", – деп мәлімдеді жобаны ұйымдастырушылар.

Дауыстарды жасанды өсірудің тағы бір жолы – боттарды пайдалану болған. zywmd@list.ru, w7a5u45cjfzw8fz@bk.ru секілді тұлғасы беймәлім электронды адрестерден дауыс берілуі бұған дәлел ретінде келтіріліп отыр.

"Дауыс беру тәртібін бұзған өзге қатысушылар бір қағидат бойынша генерацияланған, шаблонды пошта адрестерін жаппай қолданды. Бұл да боттар арқылы дауыс беру деп саналады. Сондықтан жобаға қатысуға өтінім берген кейбір кандидат дисквалификацияланды", – деді ұйымдастырушылар.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу