Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өтемақы төлейді

7321

Qazaq Banki-нің салымшылары 19,6 млрд, "Эксимбанк Қазақстан" АҚ клиенттері 249 млн теңге ақша алады.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өтемақы төлейді

Ұлттық банк басқармасының кеше қабылдаған қаулысына сәйкес, бүгіннен бастап "Эксимбанк Қазақстан" мен Qazaq Banki "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" заң талабын тиісінше орындамағаны үшін банк саласы мен бағалы қағаздар нарығында қызмет көрсету құқығынан айырылды.

Ұлттық банктің ресми ресурсы хабарлағандай, Qazaq Banki мен "Эксимбанк Қазақстан" сот арқылы таратылады. Оған дейін банктердің қызметін уақытша тағайындалған әкімшілік атқарады. Қазір Qazaq Banki мен "Эксимбанк Қазақстан" АҚ-ның барлық операциялары тоқтап тұр. Алдағы уақытта қаржы реттеушісі қос банктің қызметін біржолата мәжбүрлеп тоқтату үшін сотқа шағымданады.

Қос қаржы ұйымының нарықтан кетуі салымшылардың төбесіне жай түсірді. Бүгінгі таңда жұрттың барлығы банктегі ақшаларының тағдырына алаңдап отыр. Осыған орай Ұлттық банк салымшылар үшін ақпараттық хабар таратты. Онда Qazaq Banki мен "Эксимбанк Қазақстан" АҚ жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болғаны, сондықтан депозиторларға кепілдендірілген өтемақы төленетіні түсіндірілген.

"Qazaq Banki мен Эксимбанк Қазақстан" АҚ салымшыларының теңгедегі  және шетел валютасындағы депозиттері, төлем карточкалары мен банк шоттарындағы ақшалары Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қорғауында. Сот банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылдаған жағдайда Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры салымшыларға кепілдік берілген өтемақыны төлейді", – деп жазылған ақпараттық хабарда.

Қаржы реттеушісінің мәлімдеуінше, өтемақы теңгемен сақталған депозит үшін - 10 млн,  шетел валютасындағы депозит үшін - 5 млн теңге болып бекітілген. Бұл – кепілдіктің ең шекті сомасы.

"Банктік шоттағы қалдық өтелуге тиіс. Банк есептеген сыйақыға кепілдік берілмейді. Егер банктік салым шартында сыйақыны капиталдандыру көзделсе, онда капиталдандырылған сыйақы депозиттің негізгі сомасына қосылады және кепілдік нысаны болады", – деп хабарлады Ұлттық банк.

Qazaq Banki АҚ-да жеке тұлғалардың 23 млрд, "Эксимбанк Қазақстан" АҚ-да 254 млн теңгесі орналастырылған. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры Qazaq Banki-нің салымшыларына 19,6 млрд, "Эксимбанк Қазақстанның" клиенттеріне 249 млн теңге төлейді.

Qazaq Banki клиенттерінің 2%-ы, "Эксимбанк Қазақстан" АҚ салымшыларының 1%-ы банкте кепілдік берілген сомадан артық ақша ұстаған. Олар Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан кепілдік берілген сома шегінде өтемақы алады. Ал кепілдік берілген сомадан артық ақша өтемақыны тарату комиссиясынан алынады.

Сот Qazaq Banki мен "Эксимбанк Қазақстан" АҚ-ны мәжбүрлеп тарату туралы шешім шығарса, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 14 жұмыс күні ішінде отандық банктердің арасынан Qazaq Banki мен "Эксимбанк Қазақстан" АҚ салымшыларына төлем төлейтін агент-банкті анықтайды. Өз кезегінде агент-банк салымшылардан кепілдік берілген өтемақыны алу туралы өтініш қабылдайды. Осыдан соң 5 жұмыс күні ішінде есеп айырысады.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу