Қазақстанның екі командасы Ресей жоғарғы лигасында топ жарды

1800

Өскеменнің "Торпедосы" мен Қарағандының "Сарыарқа" хоккей клубтары Ресей жоғарғы лигасында орыстарға бас көтертер емес.

Қазақстанның екі командасы Ресей жоғарғы лигасында топ жарды

Біріншілікке 26 команда қатысып жатыр, оның екеуі ғана қазақ командалары және 1-3 орында тұр. Әрине мұндай жағдай орыстарға ұнамайтыны түсінікті, алайда бұл екі команданы тоқтату мүмкін емес. Екі қаланың ауа-райы сияқты (Өскемен мен Қарағанды) қарлы бұрқасын болып, борандатып ресейліктерге көз аштырмай келеді.

Біріншіліктің 42-турында өскемендіктер сырт айдында Воскресенскінің "Химик" командасымен бәсекеге түсіп, негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталды. Овертаймда да жеңімпаз анықталмады, тек буллит арқылы "Химик" бір гол соғып, 2 ұпайды еншіледі, ал өскемендіктерге 1 ұпай бұйырды. Шын мәнінде "Торпедо" бұл ойында бар күш-жігерін салып ойнады деп айта алмаймыз, бәсекеде бірінші орында келе жатқандықтан ба, сылбыр қимылдап, талай гол соғатын мүмкіндікті жіберіп алды. Ал Воскресенск ойыншылары керісінше жеңіске жету үшін жанын салып ойнады, бірақ "Торпедоның" қорғанысын бұзып өту кез-келген команданың қолынан келе бермейді. Тек осындай буллиттер арқылы ғана кейбір командаға қазақтарды жеңуге мүмкіндік бар.

Бұл ойында Евгений Фадеев пен Александр Шиннің пастары арқылы Талғат Жайлауов есеп ашты. Екі минуттан кейін айдын иелерінен Николай Складниченко есепті теңестірді, буллитте гол салған Никита Шацкий. Дегенмен Өскеменнің "Торпедосы" турнир кестесіндегі бірінші орнын сақтап қалды. 42 ойыннан кейін 90 ұпаймен жеке-дара көш бастап тұр. Ал "Химиктің" халі мүшкіл, олар 42 ойыннан кейін 39 ұпаймен 23-сатыда келеді.

Қарағандының "Сарыарқасы" әр тур өткен сайын күшейіп келе жатқандай әсер қалдырады. Олар бұл ойынға дейін 6 рет қатарынан жеңіске жеткен болатын. Енді, міне, сырт айдында азулы "ТХК" командасын жеңіп отыр. Тверь қаласының хоккей клубы алдағы Қазақстанда өтетін Қысқы универсиадаға баратын ресейліктердің негізгі командасы саналады. Осы ойынның алдында ғана Алматыға баратын Ресейдің құрамы бекітілген еді. Сондықтан "ТХК"-ға ұятқа қалмай, міндетті түрде жеңу керек болды.

Бірақ Ресейдің негізгі командасы екен деп жеңіле салатын "Сарыарқа" емес, қарағандылықтар бірден ойын барысын өз бақылауына алды. Бірінші кезеңде Даниил Ердаков есеп ашып, екінші кезеңде Иван Фищенко мен Сергей Банашков тағы екі шайба соқты. Өкінішке қарай біздің форвард Евгений Орлов екі рет қатарынан айдыннан қуылып, "Сарыарқа" 4 ойыншымен қалды. Біріншісінде ресейліктер 2 минут бойы қақпамызды айнала шабуылдағанымен гол соға алмады, ал екінші екі минуттықта Александр Дельнов бір шайба дарытты.

Бұдан соң 5 минуттан кейін Дмитрий Бойчук Георгий Гелашвили қорғаған қақпаға екінші шайбаны салды (2:3). Ресейліктерде есепті теңестіруге деген үміт оты тұтанып, қақпашысыз алты ойыншымен шабуылдауға кірісті. Алайда бұл ойларын іске асыра алмады. 4 минут демалған Евгений Орлов соңғы минутта "ТХК"-ның бос қақпасына гол салып кетті. Осылайша 2:4 есебімен "Сарыарқа" жеңіске жетті.

Тверьлік "ТХК" клубы Қазақстанда өтетін Универсиадада Ресей құрамасының намысын қорғайтындықтан, келесі турларға қатыспайды, сол үшін де бұл команда алдын-ала жоспарлағандай басқа клубтардан 4 ойын көп өткізген. Енді олар тек Универсиададан кейін, яғни 13 ақпанда ғана біріншілікті әрі қарай жалғастырады.

Турнир кестесіне назар аударайық:

клуб

ойын

ұпай

1

Торпедо Ө

42

90

2

СКА-Нева

42

87

3

Сарыарқа

42

87

4

ТХК

46

83

5

Сокол

43

77

6

Спутник

42

74

7

Ермак

43

72

8

Звезда

42

71

9

Торос

40

69

10

Динамо Бшх

40

69

11

Зауралье

41

68

12

Нефтяник

38

65

13

ХК Рязань

40

63

14

Рубин

41

63

15

Динамо СПб

40

62

16

Дизель

42

62

17

Ижсталь

40

61

18

Молот-Прикамье

42

60

19

ХК Саров

40

59

20

Челмет

43

59

21

Южный Урал

43

48

22

Барс

38

46

23

Химик

42

39

24

Ариада-НХ

40

36

25

Буран

40

22

26

Кристалл

42

19

Қазақстан клубтары келесі ойындарын "Динамоға" қарсы 24 қаңтарда өткізеді. "Динамо" Балашиха – "Торпедо" Өскемен, "Динамо" Санкт-Петербор – "Сарыарқа" Қарағанды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу