Қазақстанның ең жұмбақ жерінде уақыттың өтпейтіні анықталды

"Барсакелмес" әлемдегі жалғыз экологиялық апат аймағында орналасқан қорық саналады.

Қазақстанның ең жұмбақ жерінде уақыттың өтпейтіні анықталды Фото: el.kz

Ондағы аңыз бен ақиқат көпшіліктің әлі күнге дейін аузының суы құрып айтатын әңгімесіне айналған деп жазады inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Атауының өзі адамның ойына үрей әкелетін қорық Қызылорда облысындағы Арал теңізінің ұлтанында орналасқан. Теңіз деңгейінің төмендеуіне байланысты арал құрлықпен қосылып, қазіргі уақытта үлкен түбекке айналған.

Қорықтың жазы ыстық және қысы суық. Жауын-шашын мөлшері аз. Сондықтан да, өсімдіктерден сексеуіл, жусан секілді шөлейтті аймаққа тән түрлері ғана көп кездеседі. Онда сирек кездесетін құлан, қарақұйрық, ақбөкен сияқты жануарлар мекендейді. Десе де, біз бүгінгі мақаламызда қорық туралы ел аузында жатталған небір аңыз бен әпсанаға кезек береміз.

Қорықты бағалы құстармен байыту керек болды

Әуелі қорық туралы аз-маз мәліметтер келтіре кетсек. "Барсакелмес" мемлекеттік табиғи қорығының экологиялық ағарту жөніндегі бас маманы Алма Есенова бізге қорықтың тарихы туралы біршама ақпарат беріп өтті.

– "Барсакелмес" мемлекеттік табиғи қорығы – Еуразиядағы қоңыржай белдеудің солтүстік және орта нағыз шөлдерінің экожүйелерін қорғайтын бірден-бір және жаһандық масштабтағы экологиялық апат аймағында орналасқан әлемдегі жалғыз қорық.

1929 жылы Барсакелмес аралында "Союзпушнина" аңшылық шаруашылығы құрылған, ол қорықтың жануарлар әлемін бағалы құстар және аңдар түрлерімен байытуы керек болды. 1929 жылдан 1939 жыл аралығында Барсакелместі "Союзпушнина" пайдалануға алған. Мұнда ірі құм балпақтары, ақбөкендер және қарақұйрықтарды әкелген, құм балпағының кәсібін ашқан.

1939 жылы Қазақстанның Кеңестік Халық Коммисариатының 10.12.1939 жылғы №973 Қаулысымен "Барсакелмес" мемлекеттік қорығын құрған, – дейді ол.

Барсакелмес қорығы – Қазақстанның ең жұмбақ аймақтарының бірі. Аралдың атауының өзі-ақ тылсым сырға қанық. "Барған жан қайтып келмес" деген түсініктен шыққан қорық атауының өзі адамды терең ойға жетелесе керек-ті. Бұл аралдың ерекше құбылыстарына байланысты пайда болған деген аңыз бар.

– Қорық жұмысының тұяқты жануарларға бағытталуы Қазақстанның қорық ісі бойынша басшыларының жоспарлық міндеттемесі мен шөлді жерлердің тұяқты жануарларын зерттеу және сақтап қалумен ғана шектелмей, оларды жаңа аумақтарға жерсіндірумен де сипатталды. Жерсіндіру ең әуелі құландарға қатысты болатын, – деп сөзін жалғады Алма Есенова.

Қазір "Барсакелмеске" барған адамдар келіп жүр

"Барсакелмес" атауының шығуына аралда көп кездесетін улы жыландар мен қарақұрт, сарышаян сияқты қауіпті жәндіктердің көп болуы себеп" деген болжам бар. Бірақ, бұл болжамның біреуі ғана. Ертеректе балық аулаған балықшылар аралға барғанда әлгіндей улы жәндіктердің шабуылына жиі ұшырағанға ұқсайды.

Уфологтардың пікірінше, арал аса күшті геобелсенді аумақта орналасқан. Мұнда әртүрлі жұмбақ заттардың, сонымен қатар беймәлім ұшатын нысандардың көрінуі де содан болуы ықтимал.

– Тарихта сан алуан тылсымға толы, табиғат заңдылықтарға қарсы келетін жерлердің бар екені мәлім. Сондай тылсым жерлердің бірі біздің елде де жатыр. Ол – Арал маңындағы орналасқан "Барсакелмес" қорығы. "Атауы қорқынышты болғанымен, атына заты сай ма екен?" деп ойлаймыз кейде. Алғашында бұл жер "Сужоқ" деп аталған көрінеді. Себебі, бұл маңдар тек жазық даладан тұрған. Әрине, қазір де бұл факті өзгере қоймады. Ал қазіргі атауын аңызға сенсек, мұны балықшылар атап кеткен. Себебі, осында көп балықшы "балық аулаймыз" деп жағалауға барып, қайта оралмаған екен. Олардың келмей қалу себебін ешкім нақтылай алмаған. Десе де, қазіргі ғылым "барсакелместерді көл жағасындағы қатты дауыл не үлкен толқындар алып кетті" деп есептейді. Ал, басқа деректер мұнда улы жыландар мен жәндіктер болған деседі, – дейді аралдық азамат Толыбай Абылаев.

Негізінен, "Барсакелмес" аралы туралы ең алғашқы жазба XIX ғасырда атақты орыс саяхатшысы Н.Рерихтің "Азияның жүрегі" шығармасында кездеседі.

Ерекше құбылыс! Аралда уақыт өте жай өтеді

Аралдың тағы бір жұмбағы онда уақыт ағымы басқа жерден өзгеше. 1930 жылдарда аралға жіберілген топографиялық экспедиция үш айдай із-түзсіз жоғалып кетеді. Мамандарды іздеуге арнайы адамдар жіберілгенмен, еш нәтиже болмаған. Бір күні жоғалған экспедиция аман-сау оралады. Топографтар аралдың терістік жағындағы адамдар мүлдем бармайтын аумақты картаға түсірмек болған. Әрі олар үш күн бойы сол аумақты картаға түсіреді. Ал бұл кезде басқа аумақта үш ай өтіп кеткені айтылады.

1983 жылы шағын топ аралда серуендеп жүріп ақ тұманды көреді. Олар тұманға кіріп, жиырма минуттай ғана болған. Ал тұманнан шыққанда арада бір жарым тәуліктей уақыт өткені нақтыланады. Жолдастарын жоғалтқан топтың басқа мүшелері бұл уақытта аралды кезіп, жолдастарын аласұрып іздеген екен.

– Өткен ғасырдың 60-жылдары аралда ғалымдар тобы болып қайтты. Жол бойы аралдың табанын бұлт торлап, радиобайланыс өшіп, бір сағат ішінде барлығы аспаннан келгендей болды. Қалған әріптестерімен байланысқа шығып, ғалымдар осы "сағат та" бір тәулік өткенін біледі.

Айтпақшы, Қобыланды батыр жайындағы бізге жеткен аңыз да осы жерден бастау алған болатын. Аңызда Қобыланды белгісіз бір аралға кетіп, онда 3 күн, 3 түн болғаны айтылады. Ал батыр үйіне оралғанда 33 күн бойы жоқ болып кеткенін түсінеді, – дейді әдебиетші Толыбай Абылаев.

Негізінен мұндай аңыздар қиял-ғажайып көрінсе де, оның кейбір ғылыми негізі болуы мүмкін. "Барсакелмес" қорығы шөлді аймақта орналасқан әрі бұл жерде сағымдар жиі байқалады. Бұл құбылыстар адамдардың уақыт пен кеңістікті қабылдауын бұрмалауы мүмкін.

Әрі "Барсакелмеске" баратын адамдар шөлдегі жоғары температура мен ылғалдың жетіспеушілігінен уақытты сезіну қабілетін жоғалтуы ықтимал. Бұл физиологиялық және психологиялық факторлар уақыттың жылдам өтіп жатқандай әсер беруіне себеп болады.

Жалпы, "Барсакелмес" аралы туралы уақыттың өзгеруі жайлы аңыздар адам қиялының соншалықты бай екенін көрсетсе керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу