Қазақстанның Еуразиядағы орнын пайдаланбасақ, бұл халқымыз кешірмейтін олқылық болуы мүмкін – Президент

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа экономикалық үлгіге көшу барысында көлік логистикасын дамытуға жете мән беру қажеттігін айтты.  

Қазақстанның Еуразиядағы орнын пайдаланбасақ, бұл халқымыз кешірмейтін олқылық болуы мүмкін – Президент Фото: akorda.kz

Оның сөзінше, бұл аса маңызды стратегиялық міндет саналады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Қазақстанның Еуразия құрлығындағы бірегей орнын тиімді пайдаланбасақ, бұл халқымыз кешірмейтін стратегиялық олқылық болуы мүмкін. Сондықтан, бұл міндеттің мән-мағынасы ерекше.

Көлік-тасымал саласы өнеркәсіп және инвестиция саясатымен бірге біртұтас жүйе ретінде қаралуы керек. Осы кезге дейін инфрақұрылымдық рөлі басым болған транзит саласы енді экономикалық сипатқа ие болады. Жаһандық бәсеке күшейіп тұрған қазіргі заманда бұл – өте маңызды қадам.

Қазір еліміздегі тауардың 60 пайызы теміржолмен тасымалданады. Сондықтан теміржол желілерін барынша дамыту – айрықша маңызды міндет, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президент бүгінде бірқатар ірі инфрақұрылым жобасының құрылысы аяқталғанын да назардан тыс қалдырмады. Теміржол арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігі едәуір жақсарып, теміржолдың жалпы жағдайы тұрақталғанын айтты. Десек те, еліміздің теміржол транзиті саласындағы әлеуетін толығымен пайдаланылмай жатыр.

– Бұл маңызды мәселе бойынша анық, айқын стратегия әлі жоқ сияқты. Тозығы жеткен теміржол инфрақұрылымы әлі де көп. Кейбір жерлердегі ахуал тіпті күрделі деуге болады.

Биыл "Мойынты – Қызылжар", "Дарбаза – Мақтаарал" бағытындағы жаңа теміржол желілерін іске қосу керек. Сондай-ақ "Алтынкөл – Жетіген" және "Бейнеу – Маңғыстау" теміржолын жаңғырту жұмыстарын аяқтау қажет. "Бақты – Аягөз" желісін уақтылы пайдалануға беру керек.

Аталған мәселелер туралы жиі айтатын болдық, енді нақты нәтижеге куә болайық. Жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайды, – деп нақтылады сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу