Қазақстанның қай қаласында пәтер арзан?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
14261

Алматы мен Нұр-Сұлтан Сан-Франциско мен Сиднейді және Ванкуверді шаң қаптырып тұр. 

Қазақстанның қай қаласында пәтер арзан?

Статистика комитетінің дерегінше, өткен айда тұрғын үй нарығындағы жаңа пәтерлердің сатылымы 1,5%-ға өсті. Ал пәтерді жалға алу ақысы 0,9%-ға қымбаттады.

2018 жылмен салыстырғанда пәтер сату және сатып алу көрсеткіші 21,4%-ға артқан. Нақты санға келетін болсақ, соңғы 10 айда 266 310 пәтер сатылған. Оның ішінде қазан айында 31 092 пәтердің меншік иесі ауысқан.

Бір айда Алматыда - 4 409, Нұр-Сұлтанда - 4 087, Қарағанды облысында - 3 212 пәтердің кілті бір қолдан екінші қолға өткен.
Әдеттегідей, Алматы тұрғын үй бағасы қымбат қалалардың көшін бастаған. Мұнда ауданы 40 шаршы метрді құрайтын пәтерге 15, 7 млн теңге сұралған. Нұр-Сұлтанда мұндай пәтердің құны 13,4 млн теңгені құрайды. Атырауда дәл осындай пәтер - 10,1, Шымкентте - 9,6, Петропавловда - 9 млн теңге тұрады.

Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы экономисі Уильям Зейтцтің сөзінше, Алматы мен Нұр-Сұлтандағы тұрғын үйлердің бағасы Сан-Франциско, Сидней және Ванкуверде сатылатын үйлердің бағасынан қымбат.

"Адамдар тапқан табысының 30%-ын баспана алуға жұмсауға тиіс. Қазақстандықтарда мұндай мүмкіндік жоқ. Олар еңбекақыларының  30%-ын үй алу үшін жинайтын болса, күнделікті өмірдегі шығынын жаба алмай қалады", – деді Уильям Зейтц.

Біле жүріңіз, Қазақстан бойынша ең арзан бағаға сатылатын пәтерді Қызылорда  қаласынан табуға болады. Бұл шаһарда 1 бөлмелі пәтердің құны 5,5 млн теңге. Айта кетейік, ақтөбеліктер 1 бөлмелі пәтерді - 6, тараздықтар - 6,7, семейліктер - 7,2, павлодарлықтар  - 7,5 млн теңгеге сатып алады.

Уильям Зейтцтің айтуынша, Қазақстанда тұрғын үй бағасының өсуіне құрылыс материалдары бағасының шарықтауы мен теңге бағамының құбылуы себеп болады.

Қазан айында Талдықорғанда баспана бағасы - 2,5%-ға, Павлодарда - 2,3%- ға, Көкшетауда - 2,1%-ға, Петропавлов мен Қостанайда - 1,9%-ға, Қарағанды мен Өскеменде -1, 7%-ға, Семейде - 1,6%-ға,  Атырауда - 1,4%-ға, Нұр-Сұлтанда -1,1%-ға,  Оралда - 1%-ға,  Алматыда - 0,8 %-ға, Шымкент пен Ақтөбеде - 0,5%-ға,  Ақтауда -0,2%-ға өскен.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу