Қазақстанның көгілдір паспортының әлемдегі құндылығы екі еседей артады

8739

Қазақстандықтар үшін Сан-Марино визасыз ел болады, бірақ гәп бар. 

Қазақстанның көгілдір паспортының әлемдегі құндылығы екі еседей артады Фото: "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы

Таяу уақытта Қазақстан халқының жаһандық өрісі кеңейе түсетін болады. Отыз шақты мемлекет өз территориясында ҚР азаматтарына еш визасыз-ақ, емін-еркін жүріп тұруына мүмкіндік беруге ниетті. Бұл әрине, қазақ еліне деген үлкен сенім болар еді.

Алғашқы мемлекет те белгілі болды. Сыртқы істер министрлігі "Қазақстан Республикасының Үкіметі және Сан-Марино Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімнің" жобасын жариялады.

Ел Үкіметі Қазақстан атынан оған қол қою өкілеттігін Премьер-Министрдің орынбасары–Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуге береді.

Алда қабылданатын Үкімет қаулысына сәйкес, қажет болып жатса, Мұрат Әбуғалиұлына екі ел арасындағы осы келісімге Қазақстан тарапынан "қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат етеді".

"Осы келісім жобасына қол қою Қазақстан Республикасы және Сан-Марино Республикасы арасындағы тығыз ынтымақтастықты нығайтуға әрі барлық паспорттардың иелері үшін визасыз тәртіпті орнатуға, екі ел азаматтарының өзара сапарлау рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Қаулы жобасы халықаралық шарттарға және Қазақтан заңнамасына сәйкес келеді. Келісім Қазақстан үшін теріс саяси, құқықтық, қаржы-экономикалық және басқа да салдарларға әкеп соқпайды", – деді вице-премер–Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу.

Оның түсіндіруінше, жобаны қабылдау 2024 жылға дейін республикалық бюджетке 1 миллион 249 мың теңге сома көлемінде түсімдердің түспеуіне әкеп соғады.

Бюджетке визалық алымдар түспейді.

Дегенмен, бұл аз сома болғандықтан, Республикалық бюджет комиссиясы оған келісіпті.

Бұдан көп бұрын республикамыз еуропалық елдерге біржақты түрде визасыз режим енгізген. Алайда Астана небары 35 мыңдай тұрғыны бар, 60 шаршы шақырымдай ғана жерде орналасқан Сан-Марино мемлекетінің тұрғындарына қатысты визасыз режимді сақтап қалды.

Шетелге инвестиция салып жүрген кәсіпкер Марат Қалибек бұл қадамның практикалықтан гөрі, имидждік қыры басым деген пікірде.

"Сан-Марино біз үшін визасыз елге айналса да, Қазақстан тұрғындары бүгінде бұл игілікті бәрібір пайдалана алмайды. Себебі, екі елдің арасында тікелей әуе қатынасы жоқ. Егер әлдебір әуе компаниясы Алматы не Астанадан Сан-Мариноға тікелей ұша бастаса, сонда ғана қазақстандықтар визасыз тәртіптің қызығын көре алар еді. Бірақ екі елдің арасындағы саяси, экономикалық, іскерлік, сауда байланыстары сонша дамымаған, бұл елге туризм бізде танымал емес, Демек, дәл қазір тікелей рейс ашылуы неғайбыл. Бұл ел Италия ішіндегі эксклав. Оған бару үшін алдымен Италияға ұшу қажет, содан көлікпен не ұшақпен Сан-Мариноға сапарлайсыз. Ал Италия – Шенген аймағына кіретін мемлекет", – деді бизнесмен.

Тиісінше, осы келісімге қол қойылып, ол күшіне енсе де, алақандай ғана бұл мемлекетке саяхаттағысы келетін қазақстандықтарға ары қарай да Италияға Шенген визасын рәсімдеуге тура келеді.

Бұл талап ел назарына ұсынылып отырған келісімнің жобасында да ескертілген.

"Тараптардың бірінің азаматтары екінші тарап мемлекетінің аумағына Шенген келісімінің уағдаласушы тараптары мемлекеттерінің бірінің аумағына бірнеше рет келу/кету бойынша Шенген келісімінен туындайтын міндеттемелерге нұқсан келтірместен, бірінші кірген күннен бастап әрбір 180 күн ішінде 90 күннен аспайтын мерзімде бір мәрте немесе бірнеше мәрте келуге, кетуге, транзит арқылы өтуге және уақытша болуға визалық талаптардан босатылады. Қазақстан азаматтары үшін 90 күндік көрсетілген мерзім Шенген аймағына алғаш кірген күннен басталады", – делінген құжатта.

Мұнда да гәп бар: қазіргі кезде Еуропа елдері Қазақстан азаматтарына да Шенген визасын барынша қысқа мерзімге беруге тырысады. Олай болса, егер Сан-Маринода үш айдай еркін жүріп, тұрғыңыз келсе, Италияға визаны да сонша уақытқа алуыңыз керек. Сонша ұзаққа ала алмасаңыз, Сан-Маринода болу мерзіміңіз де Шенген виза мерзімімен шектеледі.

Сондықтан М.Қалибектің айтуынша, Қазақстан үшін ең бастысы, бүкіл Еуропалық Одақпен арада визасыз режимге қол жеткізу маңызды.

Ал Еуропадағы ең көне мемлекет саналатын Сан-Мариномен визасыз режим туралы уағдаластық – бүкіл Еуропаны осыған иліктіру жолындағы ізгі бір қадам болса керек.

Бірақ Ресей Еуропа етегіндегі қанқұйлы соғысын тоқтатпай, ұжымдық Еуропа Мәскеудің басты бір одақтасының азаматтарына өз аумағында тайраңдауына жол бере алмасы сөзсіз. 

Жалпы алғанда, ел имиджіне және туризмге жауапты орган – Мәдениет және спорт министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан 26 мемлекетпен арада өзара, екіжақты визасыз режим енгізуі мүмкін.

Соның ішінде 4 мемлекетпен арадағы келіссөздер жақсы қарқынмен ілгеріледі. Келісімнің жобасы дайын елдер арасында Сан-Марино, Австрия, Бахрейн, Сауд Арабиясы бар. Соңғы елмен арада визалық қатаң тәртіп жойылса, бұл мұсылман жамағаты үшін "ақ түйенің қарны жарылатын" қуаныш болса керек.

Ал Еуропалық Одаққа кіретін Австриямен визасыз режим халықтар мен бизнестер тұрғысынан Қазақстанның Еуропамен интеграциялануына бір табан жақындата түсер еді.

Таяуда Қазақстан және Қытай арасында визасыз режим енгізу туралы келісімге қол қойылды. Бірақ бұл жаңалық қоғамымызды қуантпай, керісінше қауіп тудырып отыр. Алда жаңа Парламент бұл келісімнің жобасын ратификациялаған соң, Қытай азаматтары қазақ жерінде еш рұқсатсыз, 90 күн алшаң басып жүре алады.   

Сыртқы істер министрлігі жариялаған кестеге жүгінсек, Қазақстан Республикасының көгілдір паспортымен бүгінде 30 елге визасыз, еркін баруға жол ашық. Олардың арасында:

  • Албания,
  • Аргентина,
  • Барбадос,
  • Бразилия,
  • Біріккен Араб Әмірліктері,
  • Гонконг,
  • Иран,
  • Колумбия,
  • Оңтүстік Корея (2022 жылғы өзгеріске сәйкес, енді елге кіруге электронды рұқсат алу керек),
  • Коста-Рика,
  • Малайзия,
  • Малдив аралдары,
  • Моңғолия,
  • Оман,
  • Сент-Винсент пен Гренадина,
  • Сербия,
  • Түркия,
  • Филиппины,
  • Эквадор,
  • бұрынғы кеңестік елдер бар.

Бұл қатарға алда 26 ел қосылса, тізім екі еседейге күрт өспек.

Мысыр, Замбия, Маврикий, Таиланд, Намибия, Сейшел аралдары сияқты тағы 9 елге визаны барған соң, жеңілдетілген түрде рәсімдеуге болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу