Қазақстанның көмірі жарты ғасырға жетеді

3374

Энергетика министрі 1 млрд тонна қоры бар елде көмір жеткіліксіз деп жар салу ұят екенін айтты.

Қазақстанның көмірі жарты ғасырға жетеді

Жыл басында еліміздің кей өңірлерінің тұрғындары елдімекендерде көмір жетпей жатқанын жеткізіп, әлеуметтік желіні дүрліктірген болатын.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Екібастұзға арнайы келген сапарында: "Бұл – қолдан ұйымдастырылған дүрбелең, елімізде көмір тапшылығы жоқ" деп кесіп айтты.

Қанат Бозымбаев жұмыс сапарын "Майкөбе-Вест", "Богатырь Көмір" серіктестіктері мен "Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы" АҚ-ға қарасты "Восточный" кенішін аралаудан бастады.

"Қыс басталғалы елімізде ірі апат, оқыс оқиға болған жоқ. Бұл, біріншіден, жаз бойы жүргізілген жүйелі жұмыс пен шахтерлердің еңбегінің нәтижесі. Екіншіден, барлық жылу желісін тыңғылықты дайындаған энергетиктердің еңбегі. Жасыратыны жоқ, әдетте қыс келе салысымен тұрғындардың дені осы сала мамандарына сын айтып, жұмысын жоққа шығарып жатады. Бірақ биыл тұтас елдімекенді, қала мен облысты жылусыз қалдырған жайт болған жоқ. Сондықтан ісіне адал азаматтарға алғыс айтамын", – деді министр кездесу кезінде.

Осыдан соң ол Екібастұз қаласында еліміздің ірі көмір өндірушілерімен кездесті. Басқосу барысында "Богатырь Көмір", "Майкөбе-Вест", "Восточный", "Шұбаркөл-Көмір" және Шығыс Қазақстан облысындағы "Қаражыра" кеніштерінің, сонымен қатар "Қазақстан темір жолы" АҚ  басшылары өткен жылы атқарылған жұмысты қорытындылап, алдағы уақытқа белгіленген жоспарларымен бөлісті.

"Богатырь Көмір" ЖШС бас директоры Мұрат Абдығұловтың айтуынша, былтыр 40 млн 900 мың тонна  қатты отын өндіріліп, оның 1 млн 400 мың тоннасы коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікті қамтамасыз етуге жөнелтілген. Биыл қуаттылықты арттырып, нарыққа 42 млн тонна көмір шығару көзделген.

"Восточный" кеніші де өнім көлемін көбейткісі келеді. Былтыр мұнда 17 млн тонна көмір өндірілсе, биыл бұл көрсеткішті 18 млн тоннаға жеткізу жоспарланған. Айта кетейік, "Восточный" өнімінің тең жартысы Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясына қарасты электр станцияларын қамтуға жұмсалады.

Жиында министр Қанат Бозымбаев көмір кеніштері сұранысқа сай жұмыс істеп, алыпсатарлардың айла асыруына жол бермеуі тиіс екенін қадап айтты.

"Қазақстан көмір өндіру көрсеткіші бойынша әлемде 10 орында тұр. Біздің қор – 1 млрд тонна, бұл кем дегенде жарты ғасырға жетеді. Осылай бола тұра  көмір жеткіліксіз деп жар салу ұят. Қаңтарда кей өңірлердегі бірнеше елдімекенге көмір жетпей қалғаны рас. Себебі бұл ауылдарға қысқы отын теміржолмен емес, тас жолмен жеткізіледі. Суыққа байланысты көліктер жолға шыға алмай, қиындық туды. Мұны кей пысықайлар өз қамы үшін пайдаланды. Делдалдар бір тоннасы 10-11 мың теңгеге бағаланған көмірдің тоннасын 17 мың теңгеден немесе қапқа салып сатты. Қаппен сатылған көмірдің бір тоннасы 25-30 мың теңгеге жетті. Министрлікте бағаны бақылайтын құзірет жоқ, бірақ бақылауға мәжбүр болып отырмыз.

Мұндай жағдайға жол бермеу үшін ірі көмір кеніштері жүйелі түрде, тоқтаусыз жұмыс істеуі тиіс. Жыл басында бірнеше апта өндірілмей қалған көмірдің орнын толтыру үшін шахтерлар жұмысты үдете түсіп, белгіленген көрсеткішке жетті. "Қаражыра" кеніші де жақын арада жоспарды орындайды", – деді Қанат Бозымбаев.

Министрлік белгілеген міндет
Соңғы жылдары әлемнің дамыған елдері газға көшіп, көмірге сұраныс азайып келеді. Сондықтан Қазақстандағы ірі кеніштердің алдында жауапты міндет тұр. Олар көмірді өндіріп қана қоймай, өңдеу мен байытуды және көмір химиясы өнеркәсібін дамытуды мықтап қолға алуы тиіс. Әйтпегенде ірі кеніштердің жерді пайдалануға қатысты келісімшарты ұзартылмауы әбден мүмкін.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, кәсіпорындар инвестициялық жобаларды жүзеге асырмаса, дәл осындай шара қолданылады.

Мұндай тәуекелге бармас үшін кеніштер қазірден-ақ іске кірісіп кетті. Айталық  "Майкөбе-Вест" серіктестігі биыл байыту фабрикасын салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме дайындап, келесі жылы өңдеу орнын ашады. Ал "Восточный" және "Богатырь-Көмір" кеніштері циклды-толассыз өндіріс кешендерін іске қосып, көмірді байытатын орындарды ашу бағытындағы жұмыстарды бастады. "Шұбаркөл-Көмір" болса, көмірді тереңдеп өңдейтін зауыт салуға ниеттеніп отыр.  

Министрлік қойған келесі міндет – алдымен ішкі нарықты қамту. Көмір кеніштері сыртқа өнім шығарудан ұтатындықтан, көп жағдайда экспортқа басымдық береді. Мәселен  былтыр еліміздегі көмір өндіруші компаниялар 29,3 млн тонна өнім экспорттаған. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 3,1 млн тоннаға көп.

Министр басымдық экспортқа берілетін болса, үкімет тарапынан көмір нарығы қатаң қадағалауға алынатынын айтты.  

Бұдан кейін Қанат Бозымбаев көмір кеніштерінің өңірде кем дегенде 2-3 қоймасы болуы тиіс екенін жеткізді. Бұл әсіресе, Шығыс Қазақстан облысына қатысты.

Жиын жергілікті билік және кеніш өкілдері қаңтарда орын алған оқиғаның  алдағы уақытта қайталанбауы үшін жеке қор құруы тиіс деген оймен аяқталды.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу