Оң болжам ел экономикасын ырықтандыру мен әртараптандыруға, сондай-ақ мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға және бюджет тапшылығын азайтуға бағытталған шаралардың оң динамикасын көрсетеді.
Сонымен қатар, агенттік сыртқы қарыздың қалыпты деңгейін және халықаралық резервтердің тұрақты деңгейін атап өтті.
"S&P болжамның оң болғанын анықтайтын факторлардың ішінде ақша-несие саясаты негізінің нығаюын, Ұлттық банктің инфляцияның өсуіне әрекетін және квазифискалдық операциялар көлемінің қысқаруын атап өтеді", – деп жазылған хабарламада.
Сарапшылар банк секторының геосаяси және макроэкономикалық тәуекелдерге төзімді, капитал резервінің жеткілікті, өтімділіктің тұрақты екеніне де тоқталды.
Бұл ретте макропруденциалдық шараларды күшейту аясында тұтыну кредиттері төмендейді деген болжам бар.
"S&P пікірінше Ұлттық инфрақұрылым жоспарын одан әрі іске асыру экономиканы кезең-кезеңмен әртараптандыруға және шикізаттық емес кірістердің өсуіне ықпал етеді. ЖІӨ-нің нақты өсімі 2025 жылы 5,5% деңгейінде болып, 2026-2028 жылдары 4%-ға дейін біртіндеп баяулайды", – дейді мамандар.
2025 жылы жаңа Бюджет және Салық кодекстерін қабылдауды қоса алғанда, институционалдық және құрылымдық реформаларды іске асыру, сондай-ақ бюджет қағидаларын қатаңдату фискалдық шоғырландыруға ықпал етіп, Қазақстанның өтімді активтерінің айтарлықтай қорын сақтауға мүмкіндік береді.