Қазақстанның қуатты Батыс қаруын алуына ҰҚШҰ тыйым сала ма?

8358

Еліміз қорғаныс өнеркәсібін диверсификациялауға кірісті.

Қазақстанның қуатты Батыс қаруын алуына ҰҚШҰ тыйым сала ма? Фото: inbusiness.kz

Global Fire Power жаһандық рейтингі бойынша Қазақстан әскери қуаты жөнінен тіпті посткеңестік кеңістіктегі елдерден қатты қалып қойды.

2023 жылғы GFP рейтингінде ҚР Қарулы күштері небары 63-ші орынға жайғасты. Бұл рейтингті АҚШ бастап тұр. Екінші орынға сол бұрынғыдай Ресей орналасқан, өйткені оған кеңестен қалған арсенал қоры және ядролық оқтұмсықтарының саны тіпті Америкадан да көп. Атом қаруын Мәскеу әзірге қолданған жоқ, бірақ Украинадағы соғыстан соң өзге қаруынан не қалатыны әзірге түсініксіз.

Үштікті Тайвань мен мұхиттағы аралдар үшін соғысуға әзірленіп, қарқынды қаруланып жатқан іргедегі тағы бір алпауыт Қытай тұйықтады. Ары қарай оған тойтарыс берудің қамын жасаған Үндістан, сондай-ақ Ұлыбритания, Оңтүстік Корея орын тепті. "Таң самал елі" соңғы жылдары озық әскери өнім шығару жөнінен Азиядағы көшбасшы елге айналды.

Мұның бәрі – державалар. Ұсақтарға келсек, ТМД аймағында Ресеймен жанқиярлықпен алысып жатқан Украина лидер саналады – 15-ші орынға көтерілді. Арменияны тізе бүктіріп, Таулы Карабах пен өзге оккупацияланған территорияларын қайтарып алған Әзербайжан – 57-ші орында. Мәскеуден ядролық қару алған Беларусь – 60-шы, Өзбекстан – 62-ші, Қазақстан – 63-ші, Түрікменистан – 82-ші, Грузия – 85-ші, Армения – 94-ші, Қырғызстан – 107-ші, Тәжікстан – 120-шы орынды місе тұтты.

Сарапшылар НАТО-ға балама ретінде құрылған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) мүшелері қалпымен артта қалғанына назар аудартады. Бұл ретте "ащы шындықты" 2023 жылғы 22 мамырда Арменияның басшысы Никол Пашинян айтты. Оның мәлімдеуінше, ресейлік әскери блок Арменияның батыстық озық қаруларды сатып алуын шектеді.

"ҰҚШҰ-ға мүше болу әскери техниканы сатып алуда және қауіпсіздік мәселелерін талқылауда Ереван үшін проблемалар туындатты. Сіздердің ойыңызша, Армения басқа елдерден қаруды немесе әскери техниканы сатып алуды қаламады ма? Қалады. Бірақ оларды сатып алу мүмкіндіктері бұғатталды. Бұған Арменияның ҰҚШҰ-ға мүшелігі себепкер", – деді Армения премьері Вашингтонда өткен әзербайжан-армян келіссөздерінің қорытынды брифингінде.

Бұл мәлімдеме ҰҚШҰ елдерін дүрліктірді және содан бері сарапшылар бұған бас қатырып келеді. ҰҚШҰ әскери блогының батыстық қаруды сатып алуды бейресми бұғаттайтынын Қазақстанның Парламент депутаттары да айтып жүрді. Олардың пікірінше, Батыс қаруынан бас тартқаны үшін Мәскеу әскери одақ елдеріне төл қаруын өз бағасымен, нарықтық құнынан арзанға сатып келді.

Дегенмен, мұндай байламдарды біздің Қорғаныс министрлігі растамады. Бірақ бір гәп бар: алыс шетелден сатып алынатын қару кеңестік-ресейлік қарумен үйлесе алатын болуға тиіс. 

Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдиновтің айтуынша, бүгінде Қазақстан қорғаныс өнеркәсібі кешенін әртараптандыруға кірісті және бұл мәселеге баса мән беруде.

"Өйткені бұл мәселе еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды орын алады. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамытуға жауапты министрлікпен бірге, әскери өнімдерді сатып алуларды диверсификациялау жұмыстарын жүргізуде. Бұл ретте ҰҚШҰ-мен оперативті үйлесімділігіне қатысты қойылатын талаптар сақталады. Сонымен бірге ҰҚШҰ-ға кірмейтін өзге мемлекеттермен ынтымақтастық мәселелерін пысықтап жатырмыз", – деді Сұлтан Қамалетдинов.

Қорғаныс министрі орынбасарының айтуынша, Қазақстан тіпті НАТО-ға мүше елдерден де қару-жарақ пен әскери техниканың, әскери технологиялардың барынша озық түрлерін сатып алу бағытында келіссөздер жүргізуде. Мәселен, Испанияның авиациялық компанияларынан әскери тасымал ұшақтарын сатып алып жатыр. НАТО-ға кіретін Түркиямен бірлесіп, шамамен келесі жылдан бастап, АNКА дрондарының өндірісі жолға қойылады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, Қытайдан, Израилден беспилотниктер сатып алынған.

"Сонымен бірге бүгінде бізде Батыс мемлекеттерінің, соның ішінде Америка Құрама Штаттарының басқа да атыс қарулары бар", – деді Қорғаныс министрінің орынбасары.

Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы, әскери сарапшы Бақытбек Смағұл Украинадағы соғыс орыс қаруының осал тұстарын көрсетіп бергеніне назар аудартты.

"Мәскеу өз аспанын толық жауып, шыбынды да өткізбейді деп сеніп келген ең соңғы үлгідегі С-400 "Триумф" зениттік зымыран кешендері шынында, көптеген заманауи нысаналарды көрмейтіні әшкере болып қалды. Халықаралық сарапшылар Украина әскері соғыс барысында С-400 "Триумфтың" кем дегенде 5 ұшыру қондырғысын талқандағанын айтты. Тиісти видеоны көрдім. Оған қарағанда батыстық кешендердің тиімділігі байқалды. Бүгінде Киевтің аспанын америкалық Patriot, германиялық IRIS-T, Gepard, норвегиялық NASAMS, француздық Crotale сияқты зениттік зымыран кешендері әуе шабуылдарынан мықты қорғап тұр. Әрине, НАТО елдері ҰҚШҰ-ға кіретін Қазақстанға бұл кешендерін бере қоймас. Дегенмен, Қазақстан тарапы жан-жақты келіссөз жүргізіп, олардың бере алатын қаһарлы қаруларын алып қалуға күш салуда", – деді Бақытбек Смағұл.

Ол биылғы жолдауында Президенттің отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенін (ҚӨК) жан-жақты нығайту міндетін қойғанын еске салды. Егер ол міндет орындалмаса, Президентке сын. Қалай болғанда, дұрыс қадам жасалып отыр: төл ҚӨК-ті өрістету – халықаралық қауіпсіздіктің қазіргі заманғы сын-қатерлеріне қарсы тиімді шаралар қабылдап, жедел және уақытылы ден қоюға мүмкіндік береді. Бұған көлемі шағын Оңтүстік Кореяның тәжірибесі үлгі: ол толығымен Батыс қаруына тәуелді елден өзі заманауи озық қару шығаратын алпауытқа айналды.  

Қазақстан үшін импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін құру – аса маңызды міндет. Президент айтқандай, біздің армиямыз бірінші кезекте жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен, соның ішінде бронды техникамен, пилотсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықталуға тиіс.

Сонымен қатар техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орындарының қуатын арттырып, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсеткен жөн. Бізде оған қажетті материалдық-техникалық база, білік пен тәжірибе және мамандар бар. Алайда кәсіпорындар жете қаржыландырылмайды, толық жүктелмеген, себебі, құзырлы мекемелерден тапсырыс аз түседі. Ал шетелдік экспортқа әзірге тосқауыл қойылып тұр. Салдарынан, Қазақстан өз қорғаныс-өнеркәсіп кешенін өзі тұншықтырып келді.

Бақытбек Смағұл бүгінде президенттік бастама аясында Қазақстанда "Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры" құрылып жатқанын айтты. Отандық ҚӨК кәсіпорындары да, өзге елдермен бірге құрылатын бірлескен компаниялар да содан тікелей қаржыландырылғаны жөн. Негізі, аталған қорды құру бастамасы осыдан 5 жыл бұрын көтеріліпті. Сонда осы қор арқылы әскери өнім шығаратын мемлекеттік, квазимемлекеттік және жекеменшік нысанындағы кез келген отандық ұйымға мемлекеттік қолдау көрсетіледі деп белгіленген. Бұл тұрғыда депутаттар сол кездегі Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың қолдауын алған.

Жаңадан құрылуға тиіс Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры сала кәсіпорындарына қаржылық, ақпараттық-консультациялық, кадрлық бағыттарда және экспорттық нарықтарда ілгерілеуде қолдау шараларын көрсетуге тиіс болыпты. Бірақ "айналамыз тыныш, сырттан жау төніп тұрған жоқ" деген сылтаумен сол кездегі билік депутаттар мен қорғаныс саласына жауапты органдардың бұл бастамасын елеусіз қалдырды.  

Б.Смағұл бұл іске енді серпін беріледі деген үмітте. Президент Қ.Тоқаевтың өзі ауызға алған соң Үкімет сол қорды осы жолы құруға кірісті. Министрлер кабинеті "Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры" АҚ құру туралы" Үкімет қаулысының жобасын әзірледі.

"Мемлекеттің жарғылық капиталына 100% қатысуымен "Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры" акционерлік қоғамы құрылсын. Қоғам қызметінің негізгі мәні – отандық ғылыми-техникалық әзірлемелерді қаржылық қолдау және қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарын жаңғырту болып белгіленсін", – делінген құжатта.

Үкімет қаулысы қабылданса, онда қордың жарғылық капиталына республикалық бюджеттен 265 млн 722 мың теңге ғана бөлінеді. Ал қор арқылы сала кәсіпорындарын қолдауға қанша миллиард бөлінетіні әзірге қарастырылуда. Оны бюджеттің шама-шарқына қарай Республикалық бюджеттік комиссия шешеді.   

Қор отандық қорғаныс кәсіпорындарына жеңілдікті кредит берумен айналысады. Арзан несие елімізде әскери саладағы ғылыми-техникалық әзірлемелерді қаржыландыруға, өндірістік қорларды жаңғыртуға, айналым қаражатын толықтыруға, сондай-ақ жаңа кәсіпорындар құрып, техникаларды, технологияларды әзірлеу, өндіру мен жөндеуге беріледі.

Жасыратыны жоқ, АҚШ HIMARS кешендерінің өзін Украина әбден қансыраған тұста берді. Ендеше бейбір әрі Мәскеу құшағындағы Қазақстанға Батыс осы және басқа да жоғары дәлдікті дүркін атыстың реактивті жүйелерін, зымыран кешендерін, технологияларын бере қоюы екіталай. Дегенмен, Қазақстан Хаймарстың азиялық баламасы саналатын оңтүстіккореялық K239 Chunmoo кешенін сатып ала алар еді. Батыстық баламаларынан құны анағұрлым арзан болғандықтан, дәл осы кореялық дүркін атыстың реактивті жүйесі қару нарығындағы нағыз "хитке" айналды. Алайда оның ҰҚШҰ талаптарына қалай үйлесетіні белгісіз.

Бұл жерде біз Өзбекстанды өнеге еткеніміз жөн: Оңтүстік Корея Қорғаныс министрлігіндегі дереккөздеріне сілтеме жасап, Korea Herald басылымы жазғандай, бұл елдің озық қаруларына Өзбекстан қызығушылық білдіріп отыр. Осы мақсатта биылғы тамызда Қорғаныс министрі Ли Джонг Соп Ташкентке барып қайтты.

Politico басылымының мәліметінше, ҰҚШҰ-ға кірмейтін Өзбекстанның армиясында америкалық C-208 ұшақтары, A-29 Super Tucano жеңіл шабуылдаушы ұшақтары, UH-60 Black Hawk тікұшақтары және басқасы бар көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу