Сарапшылар Қазақстанның бұл қадамына қайран қалды. Өйткені "Лукойл" АҚШ санкциясына 2014 жылғы қыркүйекте алғашқы болып іліккен компания. Америкалық санкциялардың орындалуын қадағалайтын органы – Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) санкция аясында бұл ресейлік компанияның теңіздегі, терең қайраңдардағы мұнай өндірісі жобаларын қолдауға, технологиялар, тауарлар мен қызметтер жеткізуге батыс компанияларына тыйым салады. Оған инвестиция құюға, несие беруге шектеу енгізілді.
Каспийдегі "Әуезов", "Қаламқас-Теңіз", "Хазар" қазыналы учаскелері жағаға жақындау орналасқанымен, бәрібір күрделі кен орындары саналады. Оның үстіне Батыстың, дамыған елдердің технологияларынан қағылған "Лукойл" моральдық тұрғыдан ескірген ресейлік не қытайлық жабдықтарды қолданса, Каспий теңізіне экологиялық апат қаупі төнбей ме?
Мысалы, ресейлік "Ведомости" "Лукойлдың" теңіздегі кен орындарын игеру үшін "ресейлік және достық пейілдегі елдердің жеткізушілерімен келісімшарт бекіту" жолдарын қарастырып жатқанын жазды. Мәскеудің достары көп емес: Қытай, Солтүстік Корея, Иран, басқасы.
Мұнай-газ саласының маманы Серік Елеуқұловтың байламынша, бұл қадамға мемлекет амалсыздан баруы мүмкін.
"Үкіметке қазіргі кезде қаражат ауадай қажет. Біраз реформалардың орындалуы соған тіреліп тұр. Оның үстіне биылғы алапат тасқын Үкіметтің жоспарларының парша-паршасын шығарды. Оннан астам өңірде он мыңға жуық үйді қалпына келтіруге тура келуі мүмкін. Содан билік көптеген жоспарын қайта қарап, алда республикалық бюджетті өзгертуге мәжбүр болады. Жығылғанға жұдырық дегендей, мысалы, Теңізді Келешек кеңейту жобасын іске қосу 2025 жылдың ІІ-тоқсанына ары ысырылды. Негізі, Қаламқас-Теңіз бен Хазар қазіргі кезде іске қосылып, мұнай өндірісінің жоғалтылған көлемін толықтыра бастауға тиіс еді. Алайда оларды игеруден 2019 жылы Shell бас тартты. Салдарынан Қаламқас-Теңіз бен Хазарды игеру белгісіз мерзімге шегерілді", – деді С.Елеуқұлов.
Оның айтуынша, о баста негізгі инвестор болады деп күтілген North Caspian Operating Company N.V. (NCOC), "Оман ойл" мен "Шелл" бас тартқан соң, "ҚазМұнайГаз" амалсыз "Лукойлды" серіктес етіп алды.
"Жалпы, бұл күрделі кен орындарын игеретіндей, "Лукойлдың" тиісті озық жабдығы жоқ. Мысалы, былтыр "Лукойл" санкиялар кесірінен Балтық теңізіндегі "D33" кенорнында мұнай өндірісін кейінге қалдыруға мәжбүр болды. Өйткені компания жабдықтарды жеткізушілерді жаңадан іздеп жатыр. Сонда Әуезов, Қаламқас-Теңіз, Хазар кен орындарын қалай игереді? Оларды тікелей "Лукойл" емес, Kalamkas-Khazar Operating бірлескен қазақ-орыс кәсіпорны игереді. Бұл компанияға санкция енгізілмеген. Демек, Қазақстан бар беделін салып, жетекші жеткізушілердің тиісті жабдықтарын сатуына қол жеткізіп көреді. Сондай-ақ мұнай өндіре бастау мерзімі де 2028 жылға қалдырылды. Одан да ұзауы мүмкін", – деді сарапшы.
Егер бұл кен орындары тек төрт-бес жылдан соң өнім бере бастаса, бұл компаниядан дәл қазір қандай пайда болмақ?
Энергетика министрлігінің дерегінше, аталған жобаны жүзеге асыру бюджетке 32 миллион доллар қол қойылған бонус төлеуді қарастырады. Бюджеті ортайып, жаны қысылған Үкімет үшін шамамен 15 миллиард теңге қомақты түсім болар еді. Сонымен қатар бастапқы кезеңде 2 мыңдай жұмыс орны құрылуға тиіс.
Бұдан бөлек, “Коммерсантъ” хабарлауынша, жоба бойынша белгілі бір шарттар орындалса, "Лукойл" 100 миллион доллар көлемінде сыйақыны қосымша төлеуі мүмкін. Бұл енді 45 миллиард теңгедей.
Өз кезегінде "ҚазМұнайГаз" бұл кен орындарына батыстық инвесторлар ынта-ықылас танытпағандықтан, амалсыз, "Лукойлды" серіктес еткенін жасырмады. Қаламқас-Теңіз, Хазар кен орындары бұған дейін жер қойнауын пайдалану бойынша әртүрлі контрактілер құрамына кірді. Олардың операторлары да әрбасқа болды.
"Қаламқас-Теңіздің операторы – Қашағанды игеріп жатқан NCOC болды. Хазардың операторы – КМОК: оның құрамына "Шелл" және "Оман Ойл" кірген. Бірқатар себеп бойынша кен орындарын игеру ісі созбалаңға салынды. Соның ішінде жақын орналасқан кен орындарын бөлек-бөлек пайдалану экономикалық тұрғыдан орынсыз болды. Ақыр соңында компаниялар оларды игеруге инвестиция салудан бас тартып, учаскелерді мемлекетке қайтарды", – деді "ҚазМұнайГаз" басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Құдайбергенов.
Сондықтан олардың географиялық жақындығын және геологиялық ұқсастықтарын ескере отырып, Қазақстан Үкіметі осы жобаларды бір контрактіге біріктіру туралы шешімге келді. Ұзаққа созылған келіссөздерден кейін "ҚазМұнайГаз" стратегиялық серіктесі ретінде "Лукойлды" таңдады. Өйткені ресейлік компания бұрынғы кезеңде Каспий теңізінің ресейлік секторында бірнеше ұқсас жобаны жүзеге асырыпты. Қажетті инвестиция салуға да даяр көрінеді.
Оны айтуынша, ҚМГ мен "Лукойлдың" Каспийдегі Kalamkas-Khazar Operating жобаларына салатын инвестициясының көлемі 6,5 миллиард долларды құрауы мүмкін.
"Жоба технологиялық күрделі санатқа жатады және шамамен 6,5 млрд доллар инвестиция құюды қарастырады. Қазақстанда тұңғыш рет кен орнын теңіздегі метал платформалар көмегімен игеру жоспарланып отыр. Платформаларды салу кезінде Маңғыстау облысындағы қазақстандық теңіз конструкциялары мен кеме құрастыру кәсіпорындары жұмылдырылатын болады. Қазіргі уақытта, яғни Қашағандағы құрылыс жұмыстары аяқталғалы ол кәсіпорындар тоқтап тұр деуге болады. Осының бәрі өңірдегі іскерлік белсенділікті жандандырады, жаңа жұмыс орындарын құрады. Сондықтан осындай қымбат жобаға инвестиция салуға дайын стратегиялық серіктестің пайда болуы оңды фактор саналады", – деді Қ.Құдайбергенов.
Ол жобаға қатысты барлық шешімдер тең, паритетті негізде қабылданатынына сендірді. Оператордың басшылығының құрамы да қос қожайынның өкілдерінің тең санынан тұратын көрінеді. Сондықтан, ҚМГ басшысы орынбасарының айтуынша, кейбір ақпарат құралдары жазғандай, "ҚазМұнайГаз жобаға бақылауын жоғалтып алды деген байламдар шындыққа сәйкес келмейді".
Осы орайда, Ресей сарапшыларының байламынша, "Лукойл" батыстық санкциялардың ең ірі құрбанына айналуын жалғастырды. 2024 жылғы қаңтарда "Лукойлдың" мұнай өңдеу зауыты бензин өндіруді доғаруға мәжбүр болды: санкциялар кесірінен компания мұнай өңдейтін жабдықсыз қалды.
"Ресейлік "Лукойл" компаниясы Батыстың мұнай өңдеу саласындағы бірінші ірі құрбанына айналды. Шектеулер кесірінен компанияның Нижний Новгородтағы зауытының жабдығын ауыстыру мүмкін болмай шықты. Биылғы қаңтарда кәсіпорында каталитикалық крекинг қондырғысы істен шықты. Ол жоғары октанды бензин шығаруға мүмкіндік беретін. Нижегородтық МӨЗ Ресей шикізатының шамамен 5%-ын немесе жылына 15 миллион тоннадай мұнайды бір өзі өңдейтін еді. Ондағы екі қондырғы да жаңа саналады және 2010–2015 жылдары қолданысқа берілген. Бірақ 2023 жылғы желтоқсанда алғашқысы да тоқтап қалған болатын", – деп хабарлады "Коммерсантъ".
Жалпы, Қаламқас-Теңіз, Хазар және Әуэзов кен орындары бір-біріне жақын, Каспийдің қазақстандық бөлігінде, жағалаудан 60 шақырым жерде орналасқан. Ол жерде судың тереңдігі 7–9 метр болады екен.
Алдын ала болжам бойынша мұнай-газ өндіру 2028 жылы басталады. Жылына 3–4 миллион тонна мұнай өндірілуі мүмкін.
"Қашаған" супергигантынан 120 шақырымдай жерде жатқан Қаламқас-Теңіз бен Хазардың алынатын жиынтықты шикізат қоры 67 миллион тонна мұнайды және 9 миллиард текше метр газды құрайды деп бағаланған. Одан көп болуы да ғажап емес.
Таяуда белгілі болғанындай, Ресейдің "Лукойл" жария акционерлік қоғамы Kalamkas-Khazar Operating ЖШС-індегі 50% үлесті 200 миллион долларға сатып алды. Бұл ақпаратты журналистер "ҚазМұнайГаздың" жылдық есебінен білді.
"2023 жылғы 9 ақпанда ҚМГ мен "Лукойл" ЖАҚ ұлттық компанияның еншілес ұйымы – Kalamkas-Khazar Operating (ККО) жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің 50 пайызын сатып алу-сату шартына қол қойды. ККО – Каспийдің қазақстандық секторында орналасқан Қаламқас-Теңіз, Хазар және Әуезов қазыналы учаскелерінде мұнай-газ өндіру контрактісінің иегері болып табылады. "ҚазМұнайГаздың" 50% қатысу үлесін сату құны 200 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл сома үлестің кету күніндегі бағам бойынша 93 млрд 258 млн теңгеге тең", – делінген ҚМГ есебінде.
Мұнай-газ ұлттық компаниясының ақпараты бойынша "Лукойл" бұл қаражатты біраз кейін, тек 2023 жылғы 21 қыркүйекте төлепті.
"Қыркүйекте ҚМГ мен "Лукойл" аталған мәміле аясындағы рәсімдерді аяқтады. Нәтижесінде, "Лукойл" Kalamkas-Khazar Operating ЖШС-інде 50% үлеспен оның қатысушысына айналды", – деп хабарлады ұлттық компания "Интерфакс-Қазақстан" агенттігіне.
Осылайша, бүгінде "ҚазМұнайГаз" бен "Лукойл" Каспий теңізінің қайраңындағы бірнеше қазыналы учаскелерді игеруге құқығы бар, "Қаламқас-Теңіз", "Хазар" және "Әуезов" жобаларының операторы саналатын жаңа Kalamkas-Khazar Operating серіктестігін тең үлеспен бірлесіп басқаратын болады. Табылған табыс та тең бөлінбек.
Осы орайда Қазақстан резервте тұрған 83 кен орнын аукционға шығарып, жаппай сататыны жарияланды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров хабарлады.
Бірақ бұл бірінші қадам емес екен: Е.Ақбаровтың айтуынша, 2023 жылы да 74 қазыналы учаскені сату бойынша 2 аукцион өткізілді. Одан бюджетке шамамен 3,5 миллиард теңге ғана қол қойылған бонус (подписной бонус) түскен.
Биылғы 2024 жылғы 30 маусымда алдымен мемлекет кері қайтарып алған 23 кен орны сатылады. Содан кейін резервте тұрған тағы 83 кен орны саудаға қойылады. Комитет төрағасының айтуынша, олардың инвесторлары өңірлерді әлеуметтік дамытуға қатысуға міндеттеледі.