Қазақстанның өндіріс саласында жасанды интеллект қолданысқа енгізіле бастады

33588

21 тамызда Astana Hub технопаркінде "Business and Technology Services" ЖШС компаниясының жасанды интеллект және үлкен дерек бойынша сарапшыларының қатысуымен meet-up форматындағы жиын өтті.

Қазақстанның өндіріс саласында жасанды интеллект қолданысқа енгізіле бастады

Заманауи технология өмірдің барлық салаларын біртіндеп қамтып жатырғаны айдан анық.Бүгінгі таңда білім беру саласынан бастап өндіріс секторына дейін жасанды интеллект енгізуде.

ХХІ ғасырдағы индустриялық революция немесе "4.0 индустриясы" металлургия және кен-тау өндірісіне жаңа леп әкелуде. Бұл шикізат өндіруші компаниялар үшін жаңа белес. Бұл сала жаңашылдыққа бет бұрмаса,оның нарықтағы жағдайы мүшкіл болады, дейді сарапшылар.

Дегенмен өндірістік секторды цифрландыру мәселесі көп адамның күдігін тудырып отыр, өйткені олар компьютердің адам орнын басатынына сенімсіздік танытуда.Тіпті кейбіреулері жасанды интеллект талай адамды жұмыссыз қалдырады деген пікірде. Бірақ бұл жай болжам ғана.

 Бүгін Astana Hub қабырғасында ұйымдастырылған жиында "Еуразиялық Топтың" (ERG) еншілес компаниясы ЖШС BTS өкілдері осы жаздан бастап кен өндірісінде жасанды интеллекті қолдана бастағанын айтты.

Компанияның "Өндірістік интеллект" басқармасының басшысы Дмитрий Карбасовтың айтуынша, жасанды интеллект, яғни виртуалды датчиктер қазір Ақсу ферроқорытпа зауыты, Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі мен Қазақстан электролиз зауытында пайдаланылып жатыр. Бұл датчиктер құрылғылардың жұмыс тәртібі, жылдамдығы туралы ақпараттарды көрсетіп, конвейерлік таспадағы түйірөлшемдік құрамды анықтайды. Компания өкілдерінің айтуынша, жуырда ғана енгізілген датчиктердің тиімділігі мен дәлдігі туралы нақты ақпарат алдағы уақытта айтылатын болады.

Айта кетейік, "Еуразиялық топ" бұған дейін "Халықтық бақылау" деп аталатын пилоттық жобаны бастаған болатын. Бұл жоба аясында Ақтөбе ферроқорытпа зауытында ақылды камералардың көмегімен өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылау жүйесі құрылды. Оларды мүмкіндігі шектеулі жандар үйде отырып қадағалайды. Компания "бақылаушыларға" тиісті жабдықтарды беріп, жаттығулар өткізген. Қазірдің өзінде бұл жоба оң нәтижелерге қол жеткізді: онлайн режимде техникалық ақаулықтар анықталып, апатты жағдайлардың алды алынды.

"Business and Technology Services" ЖШС ERG компаниясының бизнесін трансформацияландырумен айналысады. Оның бағдарламасы бизнес-процестерді қайта құру, заманауи ақпараттық технологиялар инфрақұрылымын енгізуді жүзеге асырып келеді.

Компания қызметінің негізгі бағыттары:

•        бизнес үшін IT-шешімдер әзірлеу және енгізу

•        тұжырымдамалық және техникалық дизайн, кәсіпорынды басқару жүйесін енгізу және қолдау

•        өнеркәсіп кәсіпорындарының бизнес-процестерін қайта құру

•        IТ-инфрақұрылымдарды жобалау және енгізу

•        бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу және қызмет көрсету,

•        бизнестің тиімділігін арттыру бойынша кеңес беру

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу