Қазақстанның Орталық Азияда Кремний алқабы болуға мүмкіндігі бар – ІT-маман

4996

Google корпорациясының Қазақстандағы агенті, IT Product & Project-менеджер Нұржол Табиғат IT саласында қалай тәжірибе жинағанын, отандық программистер неге шетелге кетіп жатқанын, бүгінде ағылшын тілін білу неге маңызды екенін, Аstana Hub халықаралық технопаркі неге ұнамай қалғанын, қомақты ақша табу үшін қандай бағдарламалау тілдерін білу керегін іnbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Қазақстанның Орталық Азияда Кремний алқабы болуға мүмкіндігі бар – ІT-маман

– Google компаниясының агенті болмас бұрын қандай IT-компанияларда жұмыс істедіңіз?

 Мен отандық ақпарат технологиялар саласында ең ірі деп саналатын Bilimland, Daryn Online сынды онлайн білім беру компанияларда қызмет еттім. Біріншісінде жоба менеджері, екіншісінде продакт менеджер және операциялық менеджер болдым. Қос компанияның 3,5 млн-нан аса қолданушысы, 200-ден аса қызметкері бар. Олардың жылдық ақша айналымы бір млрд теңгеден асады.

– Кейін шетелдік компанияға бірден жұмысқа орналастыңыз ба?

– Google-дың Қазақстандағы агенті болып жұмыс істеп жүргеніме 8 жыл болды. Бұл жұмысты істеу үшін жыл сайын бірнеше емтихан тапсырып, жарнама бойынша көптеген сертификат алуға тура келеді. Осы уақыт аралығында Google-дың агенті ретінде шамамен 800 мың доллар қаржы айналды. Сондай-ақ компания маған өзінің акселерациясынан өтуіме мүмкіндік берді, әрі мен Орталық Азиядан жалғыз қатысушы болдым.

– Акселерация дегеніміз не?

 Акселерация – жылдам даму. Қарапайым тілде түсіндірсем, мұнда бірнеше жылда жинайтын тәжірибені бірнеше айда алып шығасыз. Осы уақытта сіз өзіңізге қажет білімге, дағдыға ие боласыз.

2018 жылы мен Google корпорациясының акселерациясынан өтіп, тегін білім алуға мүмкіндік алдым. Бізге Stanford University, MIT, University of Warwick, Duke University сынды Ұлыбритания мен АҚШ-тың беделді жоғары оқу орындарының оқытушылары дәріс оқыды, ал практикадан Coca-Cola, Toyota Motor Corporation сияқты компанияларда жұмыс істеген шетелдік мамандар сабақ берді. Осылайша, маркетинг, менеджмент бойынша сапалы білім алдым.

– Сіз Google-дың Қазақстандағы агенті ретінде неге жауап бересіз?

– Негізі кез келген IT-стартап Google-мен жұмыс істейді. Аталған компанияның көптеген сервисі бар. Алғашында мен жарнама мен SEO бағыттарына жауап бердім, яғни стартап жобаларды немесе шағын және орта бизнес өнімін жарнамалауға қолғабыс еттім. Қарапайым тілде түсіндірсем, компанияға клиент әкелуге көмектестім. Бүгінде бағдарлама жазатын программистердің менеджерімін. Оларға тапсырма беріп, жүйе қоямын, жұмыстарын реттеймін. Бақылау, мониторинг, жоспарлауға жауап беремін.

– Әңгіме барысында Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің акселерациясынан өттім дедіңіз. Ол жерден не үйрендіңіз?

 2019 жылы Astana Hub-тың акселерациясынан өттім. Ашығын айтайын, бұл жерден алған ақпаратқа көңілім толған жоқ. Оның алдында Google-да біліктілігімді шыңдадым дедім ғой. Бұл да маған әсер еткен болуы керек. Егер мен Google-дың акселерациясынан өтпегенде, басқаша әсерде болатын ба едім, кім білсін.

– Қазақстандағы өзекті мәселелердің бірі – білікті IT-мамандардың шетелге кетуі. Бұл проблеманың шешімі бар ма?

 Өткен жылдармен салыстырғанда отандық университеттер IT-мамандарды көп дайындайды. Алайда мықты деген мамандар шетелге кетіп жатыр. Себебі еліміз бен шетелдегі жұмыстың жүктемесі бірдей болғанымен жалақыда айтарлықтай айырмашылық бар. Мысалы, сіз Қазақстанда программист болып, 500 мың теңге аласыз, бірақ сол жұмысқа шетелде 2 млн теңге береді. Сіз қайсысын таңдайсыз? Әрине, соңғысын таңдайсыз. Сондықтан мен бұл тенденция тоқтайды деп ойламаймын.

– Бүгінде елдегі программистердің жалақысы қанша?

 Программистердің 3 деңгейі бар: Junior, Middle, Senior. Junior деңгейіндегі IT-маман 250 мың теңге, middle – 600-650 мың теңге, senior 1,5 млн теңге және одан да жоғары көлемінде алуы мүмкін.

– IT саласында біраз жыл тәжірибе жинадыңыз, шетелде жұмыс істеу жоспарыңызда бар ма?

 Google-дың акселерациясынан өткеннен кейін маған шетелден бірнеше ұсыныс түсті. Бірақ ағылшын тілін жетік білмегендіктен бұл ұсыныстан бас тартуға тура келді. Менің ойымша, программистердің елде қалуына қаржы мәселесі мен ағылшын тілін білмеуі себеп. Шетел компаниясында бәсекеге қабілетті болу үшін ағылшын тілін жетік білуіңіз керек... Шетелде жұмыс істеу жоспарымда бар. Ол жақта біліктілігімді одан әрі шыңдап, білгенімді жастарға үйреткім келеді.

– IT-маман болып, айына қомақты ақша табу үшін қандай бағдарлама тілдерін білу керек?

  Алдымен Python, Java, PHP cынды бағдарламау тілдерін үйрену керек. Бірақ мұны білу аздық етеді. Себебі бұл тілдердің өзіне тән технологиялары болады. Олар жыл сайын жаңарып отырады. Сондықтан тек тілді білу емес, сол тілдің бүгінгі технологиясын білу де маңызды. Мысалы, PHP тілін 2 адам білуі мүмкін. Бірақ біреуінің жалақысы төмен, екіншісінікі жоғары. Өйткені екінші программист жаңа технологияларды біледі. Бұл бизнес тұрғысынан өнімді тезірек шығаруға, уақыт үнемдеуге, тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

– Қазақстанның Орталық Азияда Кремний алқабы болуға мүмкіндігі бар ма?

 Менің ойымша, еліміздің Орталық Азияда Кремний алқабы болуға мүмкіндігі бар. Алматы қаласы оған потенциалды кандидат... Шаһарда зауыт, фабрика салмай, осындай интеллектуалды ресурстарды дамыту керек. Қазақстанда жасалған, сапалы IT өнімдер де бар. Мысалы, Kaspi.kz мобильді қосымшасы.

Сондай-ақ елімізде ақылды, білімді балалар өте көп. Қазақстаннан шыққан мықты программистер де бар.

– IT-маман болғысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз?

 Тек мықты программист емес, табысты болу үшін жан-жақты болу керек деп ойлаймын. Шығармашыл болу керек. Адамдармен тіл табысып, командада жұмыс істей білу шарт. Менің ойымша, барлығын тәрбиеден бастау керек сияқты. Мысалы, бірінші маман сіз не айтасыз соны ғана істейді, ал екіншісі сіз берген тапсырманы жан-жақты ойластырып, сапалы істейді. Неге деп ойласам, бұл олардың алған тәрбиесіне байланысты екен.

Кейбір ата-ана баласын кішкентай кезінен тыйып тастайды, артық нәрсе істетпейді. Осылайша, бұл бала шеттеліп қалады, ал мүмкіндік берілген бала еркін ойлай алады. Ол есейе келе, шығармашылықты талап ететін жұмыстарды істей алады. Шығармашыл болу IT-маман атануға ғана емес, қандай салаға барса да, соның биігінен көрінуге мүмкіндік береді деген ойдамын.

Сондай-ақ бүгінде ағылшын тілін білу маңызды екенін ұмытпаған жөн.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу