Қазақстанның Орталық Азиямен саудасы рекордтық деңгейге жетті

281

Еліміздің аймақтағы ең ірі сауда серіктесі – Өзбекстан. 

Қазақстанның Орталық Азиямен саудасы рекордтық деңгейге жетті Фото: ЖИ

2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстанның Орталық Азия елдерімен тауар айналымы 28,9%-ға өсіп, рекордтық 4,2 млрд долларға жетті. Өңірдің Қазақстанның жалпы сыртқы саудасындағы үлесі 6%-дан 7,4%-ға дейін өсті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Tradereport Телеграм арнасына сілтеме жасап. 

Ақпаратқа сәйкес, Қазақстанның Орталық Азия елдеріне экспорты 27%-ға артып, 3,2 млрд долларға жетті. Импорт көлемі де 35,5%-ға өсіп, 991 млн доллар болды. Сауда балансы оң деңгейде сақталып отыр. Профицит былтырғы 1,8 млрд доллардан 2,2 млрд долларға дейін артты.

Еліміздің аймақтағы ең ірі сауда серіктесі – Өзбекстан. Бес айдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 37,2%-ға өсіп, 2,3 млрд долларға жетті. Бұл Қазақстанның Орталық Азиямен жалпы саудасының 55,5%-ына тең. Одан кейін Қырғызстан (1 млрд доллар), Тәжікстан (615 млн доллар) және Түрікменстан (215 млн доллар) елдері орналасты.

Экспорт өсімінің басты драйвері – бидай. Оның экспорты 72%-ға артып, 639 млн долларға жетті. Сонымен қатар күнбағыс майы, алтын, болат өнімдері мен ұн экспорты да айтарлықтай өсті. 

Рекордтық тауар айналымы тағы бір маңызды үрдісті көрсетті. Орталық Азия Қазақстан үшін жай ғана көршілес нарық емес, өңделген өнімдерді өткізетін басты экспорттық бағытқа айналып келеді. 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында Орталық Азия елдерінің үлесіне Қазақстанның шикізат экспортының 5%-ы; жартылай фабрикаттар экспортының 33%-ы;
реэкспортты есептемегендегі дайын өнім экспортының 40%-ы тиесілі.

Бұл ретте Қазақстанның Орталық Азияға экспорт құрылымы айтарлықтай өзгермегені айтылған. Биыл экспорттың 39%-ын шикізат, 37%-ын жартылай фабрикаттар, ал 18%-ын ғана дайын өнім құрады. 

"Бір жағынан, Қазақстан көрші елдермен сауда көлемін рекордтық деңгейге жеткізді және Орталық Азия қазақстандық дайын өнімнің ең ірі сыртқы нарығына айналды. Екінші жағынан, экспорт құрылымында астық, металл, алтын, май және бастапқы өңдеуден өткен өнімдер әлі де басым", – дейді сарапшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу