Қазақстан жаттықтырушылары – екеу-ақ
Биыл Қазақстан чемпионатының премьер-лигасындағы 12 клубтың тек екеуінде отандық мамандар бас жаттықтырушы қызметін атқарады. Екеуі де – шешен ұлтының қазақ футболындағы көрнекті қайраткерлері, бұрынғы танымал футболшылары. Олар – Ваит Талгаев пен Вахид Масудов. Біреуі "Тараз", екіншісі "Ақжайық" клубтарын жаттықтырады.
Қалған клубтарымыздың бас жаттықтырушылары – шетелдік мамандар. Ең көбі Ресейден келгендер. Қазір олардың саны бесеу болды. Маусым басында төртеу еді. Жақында көш соңында қалған, бес турда еңсесін тіктей алмаған "Атырау" футбол клубы бас бапкерін ауыстырды.
"Атырау" да Ресейден шақыртты
"Атырау" клубы өзара келісім бойынша хорватиялық бас бапкері Зоран Вуличпен арадағы келісім шартын үзді. Хорватия маманы өзі жалғыз емес, ертіп келген көмекшісі Младен Пралиямен бірге үйіне қайтты. Клуб мұның ресми түрдегі себебін "хорват маманы отбасылық жағдайына байланысты еліне кетті" деп жариялады.
Осы бапкердің орнына Талғат Байсуфинов келе ме деп, үміттеніп едік. Бірақ "Атырау" тағы да шетелдік маманға сенім артты. Бұл жолы Ресей маманын таңдапты. Атап айтқанда, былтыр "Арсенал" (Тула) командасын жаттықтырған Сергей Павлов бас жаттықтырушы болып бекітілді.
Ол да өзімен бірге көмекшісін, отандасын ала келіпті. "Арсеналда" өзіне көмекші болған Сергей Жуковпен Қазақстан клубындағы жұмыстарына кірісіп кетті. Көш соңында тұралап қалған команданы алға сүйрей ала ма, жоқ па, оны уақыт көрсете жатар.
Жалпы, 61-ден асқан маман Ресейдің бірқатар клубтарында жұмыс жасаған. Кезінде Ресей ұлттық құрамасы мен "Спартак" (Мәскеу) клубында Олег Романцевтің көмекшісі де болған. Енді "қайраңда қалған мұнайлы өлкенің клубын "айдынға" алып шығамын" деп отыр...
Былтыр Қазақстан мамандары көп еді
Былтыр ел чемпионаты басталғанда, премьер-лигадағы алты клубымыздың, яғни 12 команданың тең жартысының бас жаттықтырушысы отандық маман болатын. Атап айтқанда, Талғат Байсуфинов, Бақтияр Байсейітов, Алмас Құлшынбаев, Нұрмат Мырзабаев, Владимир Никитенко, Дмитрий Огай сынды отандық бапкерлер азулы алты клубтың тізгінін ұстап тұрған-ды.
Қазір олардың біреуі де жоқ... Әр түрлі себептермен алтауы да қазір премьер-лига клубтарын жаттықтырмайды. Қайсыбірінің қызметі немесе шені өссе, ұлттық немесе жастар құрамасы сапына тартылса, базбіреулері сенім үдесінен шыға алмай, орындарын босатуға мәжбүр болған...
Біздің елде Болгария бапкерлерінің беделдері жоғары
Жоғарыда айтқанымыздай, сан жағынан Ресей мамандары "озып" тұр. Қазір премьер-лигадағы бес клубымызды осы елдің мамандары жаттықтырады. Ал сапа жағынан Болгария бапкерлеріне жетерлері жоқ. Маусым басталғалы Станимир Стойлов ("Астана"), Димитар Димитров ("Ертіс") және Стойчо Младенов ("Қайсар") жаттықтыратын командалар алма-кезек көш бастап, нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп келеді.
Әуелі "Қайсар" суырылып алға шықты, одан кейін "Ертіс" екпін алды. Енді, міне, осы демалыс күндері өткен жетінші турдан кейін "Астана" бірінші орынға шығып, көш бастады. Өздеріңіз білесіздер, былтыр С.Стойлов астаналықтармен чемпион атанса, Д.Димитров павлодарлықтармен қола жүлдегер атанған. С.Младенов екеуінен кеш келсе де (былтыр маусым айында), бір жылға толмайтын уақыт ішінде өзін білікті бапкер ретінде көрсете білді.
Қазақстан премьер-лигасындағы бас жаттықтырушылар тізімі:
Маруан Түсіп