Жалпы, бұған дейін Арал теңізінің құрғаған ұлтанынан жыл сайын ауаға 100 миллион тоннадан астам тұз, шаң және құм ұшатыны отандық БАҚ-та аз жазылған жоқ.
Сондықтан да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 жыл ішінде Арал теңізінің табанының 1,1 миллион гектарына сексеуіл екпелерін ұлғайту жөнінде тапсырма берген болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Негізінен Қызылорда облысы аумағында мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі – 7 миллион гектар. Оның 3,8 миллион гектары орманды алқаптар саналады.
Фото авторы: Бағдат Есжанов
Осы орайда, Қызылорда облысына қарасты Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаевты әңгімеге тартып, теңіздің құрғаған ұлтанына сексеуіл егу жұмыстары қалай жүзеге асып жатқанын сұраған едік.
– Осыдан 60 жыл бұрын біздің әкелеріміз 60 метр тереңдіктен балық аулаған жерлердің қазір шаңын бұрқыратып көлікпен жүрміз. Аңқасы кепкен Аралдың ұлтаны бүгінде ұшы-қиыры жоқ шөл далаға айналды. Одан көтерілген тұзды шаң климаттық белдеуден әрі асып, мұзды өлкелердің маңайынан табылғаны жиі айтылып жатады. Сондай-ақ, құм көшкінінен жақын маңдағы ауылдарды құм басу қаупі бар. Осындай өзгерістерден тіршілікке келетін зиянның алдын алуда теңіздің құрғаған ұлтанына сексеуіл егу жұмыстары жыл сайын қолға алынып келеді. Өткен жылдың сәуір айында ауданымызға Еуроодаққа мүше 19 мемлекеттің елшісі арнайы іссапармен келді. Қонақтар Кіші Арал теңізін көріп, оған климаттық, экологиялық жағынан қарап, құмды алқапқа төзімді өсімдік түрлерін егуді және құм көшкінін тоқтату мақсатында атқарылуы тиіс жұмыстар мен қажетті қолдау шараларының бағытын айқындады, – деді ол.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2025 жылы да Қазақстан экожүйені қалпына келтіру бойынша ауқымды жобаларды жалғастыра түспек. Бұл жұмыстардың табиғаттың тепе-теңдігін сақтауда да үлесі зор.
Фото авторы: Бағдат Есжанов
– Орман шаруашылығы мекемелерімен өткен жылғы егілген екпелердің шығымдылығы төмен алқаптардың 13250 гектар жеріне (4 млн дана сексеуіл көшеттер) толықтыру жұмыстары жүргізілді. Фитоорманмелиорациялық жұмыстарын жүргізу үшін 217,5 тонна (174 тонна қарабарақ, 43,5 тонна сексеуіл) тұқымдары жиналып, себу жұмыстары атқарылды. 2025 жылы Қазақстан Арал теңізінің құрғаған ұлтанында экожүйені қалпына келтіру бойынша ауқымды жобаны жалғастыруда. Бұл жұмыстар "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында жүргізілуде. Жобада КАТКО, француз мемлекеттік компаниясы "Orano Mining SA" мен "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" акционерлік қоғамының бірлескен кәсіпорны және басқа да ұлттық және жеке компаниялар орман отырғызу жұмыстарын ұйымдастыруда белсенді қатысуда. Жобаның негізгі мақсаты – жерлердің одан әрі деградациясының алдын алу, аймақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету және экологиялық жағдайды жақсарту, – деп хабарлады аталған басқарма.
Қоғам тарапынан сексеуіл көшеттерінің шығымдылығына қатысты сауалдың қойылуы заңды. Сондықтан сұрақты Арал ауданының әкіміне бағыттап көрдік.
– 2024 жылдың көктем айында Арал теңізінің құрғаған ұлтанына барлығы 65 156 гектар жерге 19 531 000 дана қара сексеуіл көшеті отырғызылған. Күзгі санақ жүргізу барысында атқарылған жұмыстың шығымдылығы 26%-ды құраған. Күз мезгілінің қазан айында барлығы 13 250 гектар жерге сексеуіл көшетін отырғызу (толықтыру) жұмыстары жүргізілді. Ал қараша-желтоқсан айында 50 000 гектар жерге 174 000 келі қарабарақ және 43 504 келі сексеуіл тұқымы механикалық тәсілмен себілді. Жоспар бойынша осы жылдың көктем айларында 15000 гектар жерге сексеуіл көшетін отырғызу жұмыстары қолға алынбақ. Күз айларында жұмысты қайта қолға алып, 85 000 гектар жерге тұқым себу жұмыстары жүргізіледі. Жоспарға сәйкес, бұл жұмыстар бойынша Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарындағы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелері тарапынан тиісті жұмыстар қолға алынған, – деп жауап қатты А.Оңғарбаев.
Айта кетейік, Арал теңізінің құрғаған алқабын сапалы көшеттермен қамтамасыз ету үшін Дүниежүзілік банк жобасы аясында өткен жылы Қазалы қаласында жылына 3 миллион сексеуіл көшетін өсіретін 33 гектар аумақты құрайтын орман тәлімбағы пайдалануға берілген еді.
Фото авторы: Бағдат Есжанов
"Бір сексеуіл бұтасының тамыры шамамен 4-5 тонна құмды ұстайды" деген мәлімет бар. Яғни, топырақтың типіне байланысты мелиорациялық екпелер егу – өз жемісін беретін жоба. Әрине, тұзы шыққан топыраққа көшет шығару оңай емес. Десе де, бұл – ғылыми түрде зерттелген-зерделенген тақырып. Әрі бірнеше жылдан бері жүзеге асып та жатыр. Президент айтқандай, теңіз табанындағы көшеттердің аумағын 1,1 гектарға жеткізе алсақ, Арал аймағында алып орман пайда болады деуге негіз бар.
Фото авторы: Бағдат Есжанов
Еске салайық, бұған дейін inbusiness.kz тілшісі Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың Арал теңізінің ұлтанына қанша гектар сексеуіл егілгені туралы айтқанын жарияланған болатын.