Ашық экономика қағидатына сүйенген еліміз Орталық Азия, Еуропамен, Ресей, Қытай, АҚШ сияқты елдермен өзара тиімді әріптестік орнатуға басымдық беріп отыр. Соңғы жылдары сыртқы сауда көлемі ұлғайып, инвестициялық байланыс та жаңа деңгейге көтерілген. Бұл өз кезегінде өндірісті дамытуға, экспорт көлемін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар, Қазақстан халықаралық көлік-логистика бағыттарын дамытып, өңірлік және жаһандық сауда тізбегіндегі рөлін күшейтіп келеді. Сарапшылардың пікірінше, сыртқы экономикалық ынтымақтастықтың кеңеюі ел экономикасының тұрақты өсіміне, жаңа технологиялар мен инвестиция тартуға және кәсіпкерліктің дамуына оң әсер етеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Солтүстігінде Ресеймен, шығысында Қытаймен, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанмен шектесуі Қазақстанның өңірлік және құрлықаралық байланыстардағы рөлін арттыра түседі. Бұл ерекшелік елімізді Еуразиядағы маңызды көлік, сауда және дипломатиялық тораптардың біріне айналдырып отыр. Бұл ретте Қазақстанның Орталық Азия елдерімен сыртқы сауда қатынастарына тоқталып өтуді жөн көрдік. Еліміз аймақтың маңызды көрсеткіштерінде лайықты орнын алып отыр. Себебі қай жағынан алып қарамасақ та, Қазақстанның өңірдегі көшбасшы ел екенін айқын аңғаруға болады. Бұған елдің экономикалық, геосаяси, логистикалық әлеуеті мен мүмкіндіктерін қосыңыз.
Орталық Азия байырғы заманнан бері халықаралық сауда тораптары мен өркениеттер тоғысқан аймақ ретінде белгілі. Қазіргі геосаяси жағдайда да өңірдің стратегиялық маңызы артпаса, кеміген жоқ. Сол себепті Қазақстан үшін өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау, көршілес мемлекеттермен тату-тәтті қатар өмір сүру, экономикалық ынтымақтастықты кеңейту негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді.
Өткен жылдың қорытындысы ауыз толтырып айтар жетістікке толы. Мысал ретінде айтсақ, Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы өзара алыс-беріс көлемі 8,8 млрд долларға жеткен. Бір жыл ішінде тиісті көрсеткіш 14,4 пайызға өсіп отыр. Соның ішінде отандық экспорттың үлесі 21,7 пайызға артып, 6,6 млрд доллар болғаны белгілі болды. Сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткіштерді одан әрі жақсартуға толық мүмкіндік бар. Бұл ретте сауда рәсімдерін жеңілдету және цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу бұл бағытқа тың серпін беретіні сөзсіз. Аймақта көлік және логистика саласы өңірлік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі болып отыр. Мәселен, "Дарбаза – Мақтаарал" теміржол желісінің құрылысын атап өткен жөн. Жоба іске қосылғаннан кейін жүк тасымалының көлемі артып, шекаралық өткізу әлеуеті де айтарлықтай кеңеймек.
Осы тұста инвестициялық ынтымақтастыққа да тоқталғанымыз жөн. Оны жаңа деңгейге көтеру мақсатында Түркі инвестициялық қорының әлеуетін тиімді пайдалануға ерекше ден қойылып келеді. Әсіресе, бұл бірлескен индустриялық аймақтар мен өндірістік кластерлерді қалыптастыруға қажет.
Жаһандану заманында цифрлық технологияларды дамыту мәселесі де назардан тыс қалған емес. Қазақстан Astana Hub алаңы арқылы серіктес мемлекеттермен озық технологиялық тәжірибе алмасуға, инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын. Себебі еліміз бұл салада айтарлықтай тәжірибе жинақтаған.
Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2026 жылдың алғашқы үш айында Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыс оң өсім көрсетті. Қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша екі елдің өзара тауар айналымы 6,46 млрд долларға жеткен. Бұл былтырғы сәйкес кезеңге қарағанда 16,1 пайызға артық. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 5,56 млрд долларға тең болған. Айта кету керек, Ресей Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі болып қалып отыр.
Қазақстаннан Ресейге негізінен металлургия және тау-кен өнеркәсібінің өнімдері жеткізіледі. Экспорт құрылымында темір кені мен концентраттары, алюминий оксидтері мен гидроксидтері де бар. Сондай-ақ Ресей нарығына тас көмір мен өңделмеген мырыш та жеткізілді.
Есепті кезеңде Ресейден Қазақстанға импорт көлемі де айтарлықтай өскені айтылған. Алғашқы тоқсанда импорт 28,5 пайызға өсіп, 4,96 млрд доллар болды. Табиғи газ импорты 93,4 пайызға артып, 499 млн долларға жетсе, өңделмеген және жартылай өңделген алтын жеткізілімі 36,5 есеге көбейіп, 211,2 млн доллар болған. Бұл ретте мұнай өнімдері, бидай, бағалы металдар кендері мен концентраттар, теміржол вагондарының импорты да өскені белгілі болды.
Аспан асты елімен ынтымақтастық
Қытай – еліміздің сыртқы саудасындағы ең ірі серіктестерінің бірі. Бұл көрсеткіш бойынша Аспан асты елі Ресейден кейінгі екінші орынға тұрақтады. Соңғы жылдары Астана мен Бейжің арасындағы экономикалық байланыстар нығайып келеді. Соның жарқын мысалы ретінде "Бір белдеу, бір жол" бастамасын айтсақ болады. Бүгінде Қытайдан Еуропаға құрлықпен жөнелтілетін жүктің шамамен 85 пайызы еліміздің аумағы арқылы өтеді. Сонымен қатар Қытай Қазақстандағы түрлі жобаларға инвестиция құйып келеді.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, былтыр екі мемлекет арасындағы өзара тауар айналымы 48,7 млрд доллар болған. Бұл бұрын-соңды тіркелмеген көрсеткіш. Бұл оң үрдіс биыл да жалғасын тапты. Алғашқы бес айда алыс-беріс көлемі 22 млрд долларды құраған. Өткен жылдың осы кезеңін қарайтын болсақ, 27 пайызға өсім бар.
Сарапшылардың бағалауынша, қазіргі даму қарқыны сақталса, 2026 жылдың нәтижесі бойынша көрсеткіш 50 млрд долларлық межеден асып, тағы бір рекордтық нәтижеге қол жеткізуі ықтимал. Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстың нығайып, өзара сауда көлемінің тұрақты өсіп жатқанын көрсетеді.
Еуроодақ елдері
Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық та қарқын алған. Соңғы жылдары өзара алыс-беріс көлемі артып, отандық өнімнің Батыс нарығындағы орны нығайып келеді. Осы тұста сандарды сөйлетсек. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен одаққа мүше елдер арасындағы өзара алыс-беріс көлемі 45,2 млрд доллар болған. Осы жылдың алғашқы төрт айындағы көрсеткіш 12,4 млрд долларға тең. Оның ішінде 9,27 млрд доллары – Қазақстанның Еуропалық одақ елдеріне экспорттаған өнімдері.
Сонымен қатар, шикізаттық емес экспорттың да өсімі тіркелді. Әсіресе, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс артқаны байқалады. Жыл басынан бері одақ елдеріне жеткізілген ауыл шаруашылығы өнім көлемі 34,3 пайызға ұлғайып, 266,2 млн долларға жеткен.
"Қазіргі таңда Қазақстанның сыртқы саудасының 30%-дан астамы Еуропалық Одақтың үлесіне тиесілі. Еліміздің экономикасына құйылған еуропалық инвестициялардың жиынтық көлемі $200 млрд-тан асты. Бұл көрсеткіштер елдеріміз арасындағы өзара экономикалық қызығушылықтың жоғары деңгейін айқын көрсетеді. Қазақстан энергетикалық қауіпсіздік, өнеркәсіп кооперациясы және көлік байланысын дамыту мәселелерінде Еуропалық Одақтың сенімді әрі болжамды серіктесі болып қала береді", – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.
Астана мен Вашингтон
2025 жылы бойынша Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара сауда көлемі 3,19 млрд доллар болды. Ал биылғы жылдың алғашқы екі айында тауар айналымы 487,4 млн долларға жеткен. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпараттан белгілі болды. Осы жылдың сәуір айында Премьер-министр Олжас Бектенов АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффтпен кездесіп, екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйін талқылаған болатын. Жалпы алғанда, екі ел арасындағы әріптестіктің тұрақты түрде нығайып келе жатқанын атап өтуіміз қажет. Президенттер арасындағы өзара сенім мен жоғары деңгейдегі саяси диалог екі мемлекеттің экономикалық байланысын арттыруға тың серпін беріп отыр. Бүгінгі таңда АҚШ Қазақстан экономикасындағы негізгі стратегиялық инвесторлардың бірі екені белгілі. Атап айтар болсақ, елімізде америкалық капиталдың қатысуымен 600-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп келеді. Джули Стаффт өз сөзінде Астана мен Вашингтон арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың Бейбітшілік кеңесі мен Авраам келісімдеріне қатысты бастамаларын қолдаған. Елші бұл бастамаларды тарихи маңызы бар маңызды қадамдар деп бағалап, АҚШ тарапы Қазақстанның қолдауына ризашылық білдіретінін жеткізді.