Қазақстанның сыртқы қарызы қанша

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4940

Ұлттық банк 2018 жылдың ІІІ тоқсанындағы деректерді жариялады.  

Қазақстанның сыртқы қарызы қанша

Банктің баспасөз қызметі хабарлағандай, 2018 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 161,5 млрд АҚШ долларына тең.

Қарыздың 63,7 пайызы фирмааралық берешек екен. Яғни, Қазақстан аумағында жұмыс істейтін тікелей инвесторлардың, еншілес және тел компаниялардың міндеттемелері. Фирмааралық берешектің 64,7 пайызы ел аумағындағы ірі мұнай-газ жобаларын жүзеге асыратын шетел компанияларының филиалдарына тиесілі. Фирмааралық берешек несиелерді өтеу нәтижесінде 823,7 млн АҚШ долларына қысқарған.

"Сыртқы қарыздың 25,7 пайызы – "Басқа секторлардың" кредиторлар алдындағы борышы. Ел үкіметі мен Ұлттық банктің сыртұы берешегі жалпы қарыздың 7,1 пайызын құрап отыр. "Банктер" секторының сыртқы міндеттемелері 3,5 пайызға тең", – делінген Ұлттық банктің хабарламасында.

Қаржылық реттеушінің хабарлауынша, ІІІ тоқсанда экономиканың барлық секторы есебінен елдің сыртқы қарызы 3 млрд АҚШ долларына қысқарған.

Атап айтқанда, қарыз Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноталарын өтеу, сондай-ақ шетел инвесторлары тарапынан оларға деген сұраныстың төмендеуі есебінен 452,9 млн АҚШ долларына азайған. Бұдан бөлек, қарыздың төмендеуіне "Банктер" секторының сыртқы міндеттемелерді өтеуі өз үлесін қосты. Бірінші кезекте Қытайдың экспорт-импорттық банкі берген кредиттерді жоспарлы өтеу есебінен қарыщ 452,9 млн АҚШ долларына қықсарған.

"Басқа секторлардың" сыртқы қарызы "Борыштық бағалы қағаздар" бабының қықсаруы есебінен азайған. Нақтырақ айтсақ, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы 1,6 млрд АҚШ доллары көлемінде 10 жылдық еурооблигацияларын, сондай-ақ "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі 420,4 млн еуро сомасындағы 5 жылдық еурооблигацияларын мерзімінен бұрын ішінара өтеген.

Сонымен қатар мемлекет бақылайтын ұйымдардың сыртқы борышы 2,5 млрд АҚШ долларына азайған.

Ал Қазақстанның таза сыртқы қарызы 2018 жылдың ІІІ тоқсанында 1,4 млрд АҚШ долларына ұлғайып, 48 млрд АҚШ долларын құраған.

Еске сала кетейік, 2018 жылдың 1 шілдесінде Қазақстанның сыртқы борышы 164,4 млрд АҚШ долларын құраған еді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу