Қазақстанның тағы бір салада тәуелсіздікке жететін күні жақын

1578

Ел Ресейді айналып өтетін тасымал-логистикалық бағыттарды белсенді дамыта бастады.  

Қазақстанның тағы бір салада тәуелсіздікке жететін күні жақын Фото: malim.kz/

Қара теңіздегі шиеленістің ушығуы және Ресейдің порт инфрақұрылымына жасалып жатқан үстемеленген дрон соққылары Қазақстанның басты экспорттық "күретамырларының" талмау тұсын әшкереледі. Мұнай мен астық тасымалдайтын негізгі бағытқа қауіп төнген тығырық жағдайда республика мен оның шетелдік инвесторлары баламалы логистикалық дәліздерді жеделдетіп дамытуға мәжбүр болып отыр, деп жазды inbusiness.kz.

Акваториядағы шиеленіс: Киев соғыс қимылдарын теңіз айдынына көшірді

Ресей Қара теңіздегі украиналық инфрақұрылымды кейінгі жылдары жүйелі түрде жермен-жексен етіп, кезінде өңірдегі аса қуаттысы саналған Одесса порттарын тоқыратып, тоқтатып тастады. Бұған жауап ретінде Украина соғыс қимылдарын қарсыластың өз аумағына ауыстырып, оның басты теңіз торабы – Новороссийскіні жоюға білек сыбана кірісті.

Мысалы, 12 тамызда ресейлік ақпарат құралдары Новороссийск қаласына жасалған украиналық ұшқышсыз аппараттардың "тарихтағы ең ауқымды шабуылын" тіркеді. Салдарынан осы мегаполис пен Геленджикте қатарынан төтенше жағдай режимі енгізілді.

Украина Президенті Владимир Зеленский бұл шабуылдың болғанын растап, оны "Қара теңіздегі ресейлік флоттың соңғы негізгі тірегі – Новороссийск әскери-теңіз базасын жою жөніндегі бірегей операция" деп бағалады, деп жазды bbc.com. Зеленский "Паляница" реактивті ұшқышсыз аппараттары, "Нептун" зымырандары және теңіздегі ұшқышсыз қайықтар Новороссийск теңіз портының әуе қорғанысы позицияларына, айлақтарына және инфрақұрылымына сұрапыл соққы бергенін мәлімдеді.

Өз кезегінде өңір басшысы Вениамин Кондратьевтің дерегінше, Краснодар өлкесі Новороссийск, Анапа, Геленджик қалаларындағы және Темрюк ауданындағы азаматтық нысандарға да теріс әсер еткен "Украина Қарулы күштерінің жүздеген ұшқышсыз аппаратының" жаппай шабуылына тойтарыс беріпті. Ресей Қорғаныс министрлігі кешегі бір ғана алып 502 дронды атып түсіріп, жойғанын хабарлады.

Аймақ басшысы порттың екі ірі, терең сулы нысанына – Новороссийск астық терминалына (НАТ) және Новороссийск астық өнімдері комбинатының астық терминалына (НХПК) соққы жасалғанын растады. Бұлар арқылы қазақстандық астық та жаһандық нарыққа жол тартады.

Reuters агенттігінің ақпаратына сәйкес, Новороссийск астық терминалы зақымданып, оның жұмысы толығымен тоқтатылды. НАТ-тың астық жүктерін ауыстырып тиеу қуаты жылына 8,5 миллион тоннаға бағаланатын. Осыдан-ақ зардап ауқымын ұғынуға болады. Жалпы, Қара теңіз бен Азов теңізі арқылы РФ аумағымен тасылатын барлық астықтың 80%-дайы өтетін. Бұл екі теңіз жолы да дағдарды.

Сәрсенбі күні Financial Times газеті украиндық дереккөздерге сілтеме жасап хабарлағандай, бұдан бұрын, шілде айында АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Киевке Қара теңіздегі Новороссийск портын пайдаланатын мұнай танкерлеріне дрондармен соққы жасауды уақытша тоқтату туралы өтінішпен жүгінген екен.

Осыдан кейін Киев мұндай операцияларды уақытша доғарған болатын. Бұл бітім сақталуда: кешегі алапат шабуыл кезінде бірде бір алып дрон мұнай тиелген кемелерді нысанаға алмаған. Бірақ мұның қаншаға ұзайтыны белгісіз.

Америкалық басылымның жазуынша, Вашингтон мұнай нарығының тұрақсыздануынан және Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалына құбырлар арқылы келетін Қазақстан мұнайын экспорттайтын американдық компаниялардың шығынға ұшырауынан қауіптенеді.

Қоршауда қалған терминал: дрондар шабуылы КҚК арқылы мұнай экспортын күйретті

Америкалық басылымның мәліметінше, Украина Ресейге тиесілі емес кемелерге және консорциум инфрақұрылымына шабуыл жасамауға дайын екенін білдірді. Бірақ егер аталған кемелер ресейлік мұнайды немесе жүктерді тасымалдайтыны анықталса, соққыны жалғастырады.

Financial Times дереккөздерінің бағалауынша, шілде айында Қара теңіз акваториясында болған ұшқышсыз аппараттардың шабуылдары КҚК желісімен тасқындайтын мұнай жеткізілімінің бестен бірге дейін қысқарып қалуына түрткі болды.

Естеріңізге сала кетейік, КҚК қожайындары-акционерлері қатарына Ресей (31%), Қазақстан (20,75%), американдық Chevron корпорациясы (15%) және өзге де жекеменшік компаниялар кіреді.

Қалыптасқан күрделі ахуал салдарынан Каспий құбыр консорциумы 2026 жылдың шілдесінде тәулігіне небары 1,2–1,3 миллион баррель шамасында ғана мұнай экспорттай алды. Бұл бастапқы жоспарланған көрсеткіштерден 20%-дан астамға төмен. Мұны Kpler аналитикалық компаниясының мәліметтері куәландырады.

Kpler есептеулері бойынша тамыз айының басында КҚК арқылы CPC Blend маркалы шикізатты жөнелту тәулігіне орта есеппен 1,1–1,2 миллион баррелді ғана құрады. Ал, қалыпты жұмыс режимінде КҚК тәулігіне 1,7 миллион баррельге дейін шикізат жөнелтетін еді. The Moscow Times басылымының жазуынша, консорциум басшылығы шілде және тамыз айларындағы мұнай жөнелту көлеміне қатысты ресми түрде түсінік беруден бас тартты.

Бұл ретте CPC Blend ("КҚК қоспасы") маркалы мұнай "ҚазМұнайГаз", Chevron, ExxonMobil, Shell, Eni және TotalEnergies сияқты бірнеше халықаралық мұнай өндіруші компанияларға тиесілі. Оның физикалық көлемі негізінен қазақстандық (шамамен 85–90%) және ішінара ресейлік (шамамен 10–15%) шикізаттан қалыптасады.

Каспийдің ең ірі Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кеннорындарында өндірілетін қазақстандық мұнай экспортының 80 пайыздан астамы осы КҚК арқылы өтеді. Консорциум жеткізілімдеріндегі кідірістердің кесірінен Қазақстан биылғы шілдеде қара алтын өндіру көлемін 14%-ға төмендетуге мәжбүр болды.

Қазақстан баламалы бағыттарды дамытуды жеделдетті

Ахуалдың күрделенуі Қазақстан Үкіметі мен инвесторларды баламалы логистикалық дәліздерді жедел қарқынмен дамытуға итермеледі. Яғни, республика мұнай тасымалында Ресейге түпкілікті тәуелділіктен құтыла бастайды.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы Баку (Әзербайжан) – Тбилиси (Грузия) – Джейхан (Түркия) мұнай құбыры арқылы мұнай экспортын 2026 жылы 2025 жылмен салыстырғанда 31 пайызға арттыруды жоспарлап отыр. Нәтижесінде, осы халықаралық мұнай құбыры арқылы биыл жалпы көлемі 1,7 миллион тоннаға дейін қазақстандық қара алтын тасымалдануы мүмкін.

Бұған дейін қазақстандық шикізатты каспийлік Ақтау портынан БТД мұнай құбыры бағытына тасымалдау құлдыраған еді: 2025 жылы 11 пайызға немесе 1,263 миллион тоннаға дейін төмендеді. Ал, 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында экспорт көлемі былтырғы осы кезеңдегі 785 мың тоннамен салыстырғанда 704 мың тоннаға дейін қысқарды. Демек, ҚМГ жылдың қалған бөлігінде арттыруға тиіс.

Қазақстандық мұнай Теңіз және Қашаған кен орындарынан танкерлермен Бакуге жеткізіледі де, содан кейін түркиялық Джейханға жөнелтіледі. БДТ арқылы Қазақстан солтүстік көршіге тәуелсіз транзиттік дәлізді біртіндеп дамытып келеді.

Көршілер рекорд жаңартты: мұнай экспорты үштен бірге өсті

Ресей бағыты дағдарған тұста Қазақстан мен Қытай арасындағы "энергетикалық көпір" де қарқынды түрде дамып келеді. "ҚазТрансОйл" АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазақстандық-қытайлық бірлескен кәсіпорын негізгі өндірістік көрсеткіштердің өсуін қамтамасыз етті.

Нақтылағанда, 2026 жылдың І жартыжылдығының қорытындысында "Қазақстан-Қытай Құбыры" ЖШС шығыс бағытта қара алтын жеткізу көлемін бірден 43%-ға ұлғайтты.

Қаңтар-маусым айларында компанияның магистралдық мұнай құбырларының барлық жүйесі арқылы тасымалданған қара алтынның жалпы көлемі 9 миллион 757 мың тоннаны құрады. Бұл 2025 жылдың тиісті кезеңінен 149 мың тоннаға немесе 2%-ға артық.

Осы көлемнің 916 мың тоннасы экспортқа, яғни, Қытайға бағытталды. Бұл 2025 жылғы ұқсас кезеңге қарағанда 277 мың тоннаға немесе бірден 43%-ға көп.

Бұл ретте біріншіден, "Атасу – Алашаңқай" мұнай құбыры арқылы 5 миллион 696 мың тонна мұнай тасымалданды. Нәтижесінде, былтырғы бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда, 236 мың тоннаға немесе 4,3%-ға өсті. Соның ішінде экспортқа – 659 мың тонна мұнай жөнелтілді: өсім – 178 мың тонна немесе 37%!

Екіншіден, шың елі бағытында "Кеңқияқ – Құмкөл" мұнай құбырындағы тасымалда да тарихи серпіліс тіркелді. Бұл бағыттағы тасымалдау көлемі 4 миллион 319 мың тоннаны құрап, былтырғы деңгейден 12 мың тоннаға жоғары болды. Соның ішінде экспорттық жеткізілімдер рекордтық 63 пайызға шығандап, 258 мың тоннаға жетті.

Осындай қарқынның арқасында жарты жылдың ішінде компанияның жалпы жүк айналымы 3% немесе 257 миллион тонна-километрге ұлғайып, 8 миллиард 840 миллион тонна-км межесінен асып түсті.

"Қазақстан-Қытай Құбыры" ЖШС – "Кеңқияқ-Құмкөл" және "Атасу–Алашаңқай" магистралдық мұнай құбырларын басқаратын, "ҚазТрансОйл" АҚ (50%) пен China National Oil and Gas Exploration and Development Company Ltd. (50%) компанияларының бірлескен кәсіпорны. Қазақстандық мұнайдың Қытайға экспорты еуразиялық өңірдегі ең перспективалы энергетикалық бағыттардың бірі. Ол тұрақты түрде өсуде және екі елдің экономикасына табыс әкелуде.

Қазақстанның ішкі нарығы мен ішкі тасымал бағыттары да дамуға қуатты серпін алды. Мұны "МұнайТас" бірлескен компаниясының көрсеткіштерінен аңғаруға болады. "МұнайТас" – "ҚазТрансОйл" АҚ-ы 51%, қытайлық CNPC Exploration and Development Company Ltd. компаниясы 49% үлеске ие бірлескен кәсіпорын.

Компания кеше 2026 жылдың І жартыжылдығындағы өзі басқаратын "Кеңқияқ – Атырау" мұнай құбыры жүйесі бойынша атқарылған жұмыстарды қорытындылады.

Осы кезеңде бұл құбыр жүйесі арқылы 3 миллион 183 мың тонна мұнай айдалды. Бұл былтырғы көрсеткіштерден 273 мың тоннаға (9%) артық. Шикізаттың негізгі бөлігі – 2 миллион 667 мың тоннасы отандық мұнай өңдеу зауыттарына жеткізілген. Яғни, игілігін ішкі нарық көрді. Бұл былтырғы көрсеткіштерден 138 мың тоннаға немесе 5 пайызға артық.

Осы құбырмен сондай-ақ Қытайда да қара алтын жөнелтіледі. Экспорттық жеткізілімдер 136 мың тоннаға немесе 36 пайызға өсіп, 516 мың тоннаны құрады. "Кеңқияқ – Атырау" жүйесі бойынша жүк айналымы 72 миллион тонна-шақырымға (6%) ұлғайып, 1 миллиард 316 миллион тонна-шақырым межесіне жетті.

Компания атап өткендей, мұндай қарқын ҚР Энергетика министрлігінің кестесіне толық сәйкес келеді және ұлттық энергетикалық қауіпсіздікті нығайту мен көмірсутектердің экспорттық ағындарын жүйелі түрде әртараптандырудың іргетасын нығайтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу